Билік пен бұқара арасындағы алтын көпір саналатын, ел бірлігінің бекем болуын басты орынға қойып, қоғамға қалтқысыз қызмет ететін ақпарат өкілдерінің кәсіби мерекесі биыл пандемияға байланысты ерекше жағдайда өтуде.
Ойы озық, көзі қырағы журналистер қауымының ел өміріндегі өзгерістерді бағамдап, жаңалықтарды жедел әрі шынайы жеткізудегі қызметі өлшеусіз. Әлемді алаңдатқан індетпен күрес кезінде де халықтың сенімді ақпарат көздеріне сұранысы жоғары болғанын айта кету керек. Бұл ретте жанкешті журналистер кәсіби қызметін қалтқысыз атқарды.
Мереке қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтады.
Карантин талаптарын ескере отырып, журналистерге арналаған марапатты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова табыстады.
Облыс әкімінің Алғысы өңірдегі бірқатар ақпарат құралдарына және «Сыр медиа» ЖШС-не қарасты облыстық «Сыр бойы» газеті, «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары», қалалық «Ақмешіт апталығы», Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің редакция ұжымдарына берілді.
Ал, әріптесіміз Ыдырыс Тәжіұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.
Сондай-ақ, біздің басылымның аға тілшісі Дүйсенбек Беркінбаев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленсе, Қызылорда қаласы әкімінің дәстүрлі «Ұшқыр қалам» жүлдесін әріптесіміз, арнаулы аға тілші Ғазиза Әбілда иеленді.
Республикалық «Литер» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі, облыстық «Кызылординские вести» газетінің бөлім басшысы Наталья Чернейге Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Құрмет грамотасы табысталды.
Ал Рысты Бекбергенова, Алмас Бекжігітов, Жұмабай Жақып, Жағыппар Қарабала, Айткүл Шалғынбаеваға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің мерейтойлық
құттықтау хаты табысталды.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<