Қалықтай бер, «Қанатты қалам!»

1120

0

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен сырбойылық журналистерді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова құттықтады. Салтанатты жиын Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өтті.

Мереке иелері алдымен LED экран арқылы жергілікті бас­пасөз бен телевидениенің тарихын шолып шықты. Соның ішін­де көрерменге жедел әрі нақты ақпарат таратып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған отызжылдық тарихы бар облыстық телеарна мен баспа құралдарының шоқтығы биік. Тәуелсіздікпен бірге түлеген аймақ баспасөзі мен телеарнасының технологиялық жаңа­лануы, ма­мандардың кәсіби деңгейі жөнінен оқ бойы озық тұрғаны аян. Бұл ретте баспасөз құралдары халық рухын көтеретін, ұлт намысын жанитын қуатты құралға айналды. Олар өзінің басты миссиясы – елжандылық, отансүйгіштік ұстанымынан айныған емес. Бүгінгі күні өңірдің медиа кеңістігінде 100-ден астам бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істейді. Облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары», «Ақмешіт апталығы», «Ақмешіт ақшамы», «Халық», «Тіл сақшысы», «Ұстаз мәртебесі» және тағы басқа басылымдар мүмкіндігі зор жаңа медианың алғашқы қарлығаштары ретінде интернет кеңістігінде аудиториясын қалыптастырып үлгерді. Ал «Kyzylorda-news.kz», «AlashInform.kz», «Seykhuninfo.kz» сайттары өзекті мәселелерді дер кезінде көтере білуімен ерекшеленіп жүр.

«Қанатты қалам-2021» салтанатты шарасы ақпарат тасқыны алапат дәуірде мамандығына адал бола білген, ұстанымынан айнымаған, қалам қасиетін ардақ тұтқан тілшілер қауымын ұлықтауға арналды. Аймақ басшысы олардың елге жанашырлығы қиын-қыстау кезеңде анық байқалғанын айтты. Бүкіл әлемнің тынысын тарылтқан пандемия кезіндегі әріптестеріміздің еңбегі дәрігерлер мен күштік құрылым қызметкерлерінен кем түскен жоқ.

– Ең қиын сәттерде шынайы ақпарат тараттыңыздар. Сен­сацияны мақсат тұтқан жаңа­лық­­тардың ақ-қарасын ажыратып, көрермен мен оқырманға дұры­сын жеткізу жолында тынбай еңбек еттіңіздер. Ресми органдар мен бұқара халықтың арасындағы алтын көпірге айналып, ағайынның ауызбірлігі, қалт­қысыз сенім, қиналғанда бір-біріне қол созған қайырымды жандар туралы көрсетілім, мақала ұйымдастырдыңыздар. Төтенше жағдайдың талабын түсіндіру, жақынға жанашыр болу жайында да ауқымды насихат жұмыстарына бастамашы бола білдіңіздер. Сол үшін де сіздерге Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі.

Әйтсе де, қауіпті індетті толық жеңдік деуге әлі ерте. Өйткені жер-жаһандағы ахуал мың құбылып тұр. Аймақ басшысы осы орайда вакциналау жұмысының қарқыны жоғары, дәрі-дәрмек қоры мен төсек-орын саны жеткілікті екенін атап өтті. Қоғамның қозғаушы күші, жаңалық жаршысы, ақпарат насихатшысы саналатын сала өкілдерін, оның сыртында билік пен халықты алаңдатып отырған ендігі мәселе – судың жайы. Облыс әкімі өзекті жайт Үкіметтің араласуы арқылы біртіндеп шешіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Түйткілдің түйіні көп ұзамай тарқатылатынына сенім білдірді.

– Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп ХХ ғасырдың басында айтқан сөзі ХХІ ғасырда да өз маңызын жойған жоқ. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат тез тарайды, бірақ оның бәрі бірдей шынайы ма, мәселе сонда! Сондықтан баспасөз бен теледидардың халыққа дұрыс мәлімет жеткізіп, жалғандыққа жол бермей, шынайылықты сақтаудағы орны жоғары бола бермек, – деді аймақ басшысы.

Одан бөлек тәуелсіздіктің ордалы отыз­жылдығында жыл басынан бері ат­қарылған шаралар тізбегіне тоқталды. Мысалы, күні кеше Қызылордада ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында жыр дүлдүлдері ата-бабаларымыз армандаған азаттық пен оның жемісін жырға қосты. Алдағы уақытта игі шараның жалғасы есебінде Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығына арналған іс-шаралар, ақын, жырау Кете Жүсіптің 150 жылдығына орай жыраулар мен жыршылар байқауын өткізу жоспарланып отыр. «Дала академигі» атанған күрішші Ыбырай Жақаевтың – 130, КСРО халық артисі, әнші Роза Бағланованың 100 жылдықтары да рухани мазмұнды шаралармен айшықталмақ.

Сөз соңында облыс әкімі елдік шаруаларға, Елбасы бастамалары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлесі үшін бірқатар сала өкілін марапаттады. Оның бір тобына Президенттің, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хатын, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін, облыстың Құрмет грамотасын табыс етті. «Ақпарат саласының» үздігі» атанып, мерейі үстем болғандар қатарында облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазбек Ботаев, облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова бар. Ал ардагер журналист Айткүл Шалғынбаева Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша үздіктер жарияланып, Сахитжан Бермағамбетов атындағы жас журналистер байқауының жүлдегерлері марапатталды.

Мерекелік кеш жергілікті өнер­паздардың концерттік бағ­дар­ламасына ұласты. «Томирис» би ансамблі, «Тұран» тобы, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен дәстүрлі әнші-жыршылар көпшілік ықыласына бөленді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<