«Қараөзек» қиындықты сейілте ме?

668

0

Мамандар «Қараөзек» су арнасын ретке келтіру дер кезінде қолға алынып отыр деген пікірде. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова атап өткен еді.

Жалпы, бұл жоба 775 млн текше метр су жинауға мүмкіндік бермек. Мақсат – көлдер жүйесін және шабындық-жайылымдық алқаптарды, Қазалы ауданының егістік жерлерін суландыру. Жобаның жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Оның жүзеге асуы нәтижесінде 5,4  мың гектар суармалы жер, 3,3 мың гектар көлдер жүйесі, 120,8 мың гектар шабындық пен жайылым сумен қамтамасыз етіледі. 

«Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаровтың айтуынша, «Қараөзек» арнасының бойына салынатын су қоймасы Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының көлдер жүйесінен құралады. Ал олар қыс-көктем айларында Сырдария өзені арқылы келетін мол судың есебінен толықтырылады. Есептеулер бойынша «Қараөзек» су арнасы арқылы Қазалы ауданының 18 мың гектарға жуық егін алқабын суландыруға мүмкіндік бар.

Жобаны жүзеге асыруда Қараөзек арнасының ПК-490 бекетіндегі «Байгелді», ПК-950 бекетіндегі «Картон­комбинат» және ПК-1500 бекетіндегі «Қожатай» су тоспаларына күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған қоса 14,3 ша­қырым бөгет, 4 шақырым канал қазу, 5 дана бас саға салу, 4 қызметтік тұрғын үй, 13 су бекеті (гидропост) және қуаттылығы 25 кВт трансформатор қою жоспарлануда.

– Өткен жылы және биыл дарияда судың аз болуы жергілікті диқандарға үлкен қиындық алып келді. Осыған орай облыс басшылығы мен тиісті сала мамандары бақылауды күшейтті. Іс-шара жоспары бекітіліп, мамандар әрбір аудандағы каналдарға су жеткізіп беруде үздіксіз жұмыс жүргізді. Ендігі жерде мәселенің күрделілігі анық байқа­лып отыр. Барлық мүмкіндікті қарас­тыруымыз керек, – дейді Жорабек Ерназаров.

Сырдария өзені Орта Азияның Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мем­лекеттері арқылы Қазақстан аумағына келіп жетеді. Ұзындығы 2 мың ша­қы­рымнан асатын өзен бойындағы халықтың тіршілік көзі. Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасының сыйым­дылығы 19 млрд текше метрге лайық­талған. Қазір онда небәрі 12 млрд текше метр су бар. Жағдай осындай сипат алып тұрғанда дарияның төменгі бөлігіндегі өзге су қоймаларының ахуалын бағамдауға аса ақылдың қажеті жоқ.

Айта кетсек, бүгінге дейін Қызылорда облысында бірде-бір су қоймасы жоқ. Су ресурстарын тиімді пайдалануда көп қиындық алып келеді. Жергілікті мамандар осыған орай бірнеше жоба ұсынды. Солардың арасынан «Қараөзек» су қоймасы қолдау тапты.

– Ашығын айтқанда, кейінгі уақытта «Сырдария-Нарын» каскадында орналасқан мемлекеттерде дария суын энергетикалық режимде пайдалануға маңыз беріліп отыр. Бұл жағдайда жаз бойы су жиналып, қыста су төменге тасталады. Ал бұл уақытта Қызылорда облысының оны тиімді пайдалануына мүмкіндік болған жоқ. Салдарынан мол су Үлкен Арал теңізіне жыл сайын қайтарымсыз кетіп жатты. Осылайша қаншама уақыт бойы су көздерін тиімді пайдалана алған жоқпыз. Оның өзінде қысқы мұз қатқан мезгілде оған су жеткізудің өзі қиындық алып келетін, – деді «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.

Орта Азияда халық саны жылдан- жылға артып келеді. Сала мамандары осы кеңістікте орналасқан Сырдария мен Әмударияның суы қажеттілікті қам­тамасыз етуге толық жетпейтінін айтады. Себебі, өзендер бойындағы халықтың өмір сүру көзі суармалы жерден алынатын өнімге тікелей байланысты.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<