Қаратау бөктеріндегі айтыс

594

0

Ақындар арасында ерекше болмыс-бітімімен, әулие-әмбиелігімен аты аңызға айналған, қызу еңбектің қазанын қайнатып, сан өнер­дің отын маздатқан халық ақыны ­Манап Көкеновке елдің қошемет-құрметі жоғалған емес. Мұны ақынның атын­дағы жүлде үшін достық кездесу айтысына алыс-жақыннан жеткен ақындардың шабытынан анық аңғардық.

Қазақтың елдігі мен ерлігін, кемеңгерлігі мен көсемдігін, тереңдігі мен кеңдігін сөзге сыйғызған, бітпес даудың, бәтуасыз шудың кесімі сөз деп ұққан ақынның ізінен ерген айтыскер қауым Қаратау бөктеріне жиналды. Тамаша табиғат аясында табысқан ақындардың қуанышында шек жоқ. Көпшіліктіңде аламан айтыс­ты сағынып қалғаны сезі­леді. Хан баласындай нық, би баласындай тік сөйлейтін айтыскер ақындардың мектебінен тәлім алып, сөз шеберлігін қалып­­тастырған жас буын өкіл­дері сахна төріне көтерілді. Бұрынғы айтыстан өзгешелігі, Арқа төсінен қос бірдей ақын қатысып, кең-байтақ дала ұландарының арасында өз өңірі­нің абыройы үшін тартысқа түсті. Керекулік Бөкен Жігер мен Ербақ Құрметжанның екпініне тойтарыс беруге жаңа­қорғандық ақын Азамат Тәуекел мен Айбек Шекербек, түркістандық Нұрдәулет Өмірбеков пен Аман Рахат сөзден маржан тізді.

Алғашқы сөз сайысы Бөкен Жігер мен Азамат Тәуекелдің арасында өтті.  «Батасын алайын деп баталы елдің, Бойыма бар өнерді жиып келдім» деп өлеңін бастаған Бөкен Жігерде расында жігітке тән жеті өнер бар. Қорқыт еліне қобызбен келіп қарсыласына бірнеше соққы берді. «Алыстан ат тер­летіп жеткенімде, айтысқа екі-ақ ақын келгені не?» деп қалжыңмен қағытып өтті. Сыр­дың сұлу табиғатын сөзбен өрнектеп, тарихи тұлғалар жай­лы көп білетінін аңғартты. Манап ақынның таң атырып айтысқан сәттерін қозғап, «Таң бозарған сәтке дейін сөз ай­тайық, Тамаша тарихи сәт қайталанып» деп желкілдеді. Ә дегеннен сөзі сүйектен өтіп, жүрекке жеткен керекулік ақыннан соң жаңақорғандық Азамат Тәуекел «Қонағым тым зорығып қалмасын деп, жекпе-жекке қос ақын ала келдім» деп қарымтасын берді. Сонан соң, бойдақтығын алға тартып, «мен егер солтүстікке бара қалсам, тым жақсы баспана берер ме едің? Сол жақтан шалақазақ бір қыз алып, мәңгі бақытты болар едім» деп достық әзілді орынды айтты. Алғашқы жұптың арасындағы тартыс бауырластықпен бекіді деуге болады.

Солтүстікке көшу бағдар­ламасымен оңтүстіктен қоныс аударған ақын Ербақ Құр­мет­жан ыстық мекенге табан тіреп, өнерін көрсетіп отырғанын тебі­ре­ніспен жеткізді. Кең-байтақ еліміздің қай тұсы болмасын жатсынбайтынын өле­ңіне қос­ты. Жасыратыны жоқ, ақын көптің алдына шыққанда сәл кібіртіктеп, сөзден жаңылысулар жиі болды. Мұны ол көптен бері айтыс сахнасына шықпай жүргенімен де байланыстырды. Қарсыласы түркістандық Нұрдәулет Өмір­беков «Айтысты сонша күттіріп қойдыңыздар, сұлу қызбен жұп қылып қойғандайын» деп белгі­лен­ген уақыттан кеш бастал­ғанын әзілге айналдырды.

Түркістандық Рахат Аман­ның суырыпсалма­лы­ғына тән­ті болған көпші­ліктің қи­қуы көбейді. Табан астынан сөз саптап, төгіл­діре жыр арна­ған жас бала әп-сәтте болған жағдайларды сөзге ілді. Орын­дыққа жайғаса бере қыз­дардан шай сұраған жаңа­қорғандық Айбек Шекер­бектің қылығын күл­кіге айналдырып, елдің езуін жиғызбады.

Павлодар облысы Успенка ауданының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Медет Тауасқан екі шалғай облыстың арасында мәдени-рухани қарым-қатынас саяси-экономикалық бағытта бай­ланыс құруға жол ашатынын сөз етті. Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы айтыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жет­кізді. Халық ақыны Манап Көкеновтің әулетінен сөз алған Құттықожа Көкенов ақ батасын берді. Ал Убайдулла Манапұлы әкесінің атындағы жүлде жыл сайын өткізілетінін, осы айтысқа демеуші болған азаматтарға риясыз тілегін жеткізді.

Мақпал МАРҚАБАЙ,

журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<