Егемен еліміздің Тәуелсіздігін нығайту және мемлекет бюджетінің қаржы қорын реттеуде қаржыгерлердің еңбегі ерекше. Бұл – қырық жылға таяу осы саланың қыры мен сырына қанығып, қызмет атқарған жылдардағы тәжірибеден туған пікір. Қазір зейнеткерлік кезеңді бастан өткерудемін.
Жастық шақта облысқа, ауданға танымал ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, қаржы саласының қазанында қайнап, ел экономикасын дамытуға үлес қосқан майталман мамандармен қызметтес болып, олардан дәріс алғанымды мақтан тұтамын. Олардың көбі бүгінде бақилық болды. Алайда іскерлік, ізденімпаздық, талапшылдық, қызметке адалдық қасиеттері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек. «..Кезегім келіп, кеткенде келмес сапарға, қалмасам екен іздеусіз, ізсіз, жоқтаусыз» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтпақшы, Базархан Төреқұлұлы Ақжігітовті білетіндер мен қызметтес болғандар ұмытпайды. Кезінде әріптесім әрі інім болған Базархан кенеттен ауыр науқастан өмірден озған кезде мынадай ой келді: күнде бір-біріңді көріп жүрсең қадіріңді білмейсің, дұрыс бағаламайсың, уақыты келгенде мәңгілікке қоштасатыныңды сезбейсің. Ал бірталай уақыт өткен соң, сол адамды сағынып аңсайсың.
Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде ең алғашқы міндеттердің бірі салық саясатын лайықты жолға қою болды. Бұл нарықтық экономикаға көшіп, мемлекетте инфляция мен жұмыссыздық етек алып, мекемелердің есеп-шоттарында мардымды қаражаты болмаған шақ еді. Банктерде нақты ақша тапшылығы туындап, жұмысшы-қызметкерлердің еңбек ақысымен чектей, заттай балама есеп айырысатын, орасан зор бюджет тапшылығы орын алған кезең болатын. Басқаны айтпағанда, мемлекеттің зейнеткерлерге қарызы жарты миллиард долларға дейін, төлем кешігуі 6 айға дейін жеткені естен шыға қойған жоқ.
Бұл тұста нарық қыспағына түскен халық жаппай сауда-саттыққа бет бұрды. Алыпсатарлар мен қосып сатарлар күн санап көбейді. Күнкөріс қамымен әйелдер, жас қыздар ауыр жүк арқалап, отбасы тауқыметін өз мойындарына алды. Базарларда, рұқсат етілмеген көше бұрыштарында жабайы саудамен айналысып, бала-шағасын асырауға кірісті. Бұл кәсіпкерлік қызметтің басы болатын.
1991 жылдың шілдесінде Президенттің Қазақ ССР Мемлекеттік салық салу қызметін құру туралы Жарлығы шықты. Әлі есімде, сол кездегі облыстық қаржы бөлімінің бастығы марқұм Камал Шөкенов келіп, Сәндібек Аманжоловтың облыстық салық комитетіне бастық болып тағайындалғанын, енді ауданымызда да салық комитеті құрылатынын хабардар етті. Жасыратыны жоқ, әлі он екіде бір сайманы жоқ, қазығы қағылмаған мекемеге жылы орнын суытып ешкім барғысы келмеді. Камал Шөкенов орысша араластырып сөйлейтін кісі болатын. «Жасырмаймын, бұл мекеменің жұмысы оңай болады деп айта алмаймын, будете пахать как лошадь» деді. Ауылда екі күн болып, жоғары білімді, іскер жас маман Базархан Ақжігітовті жаңа мекемеге басшы етіп тағайындады. Мен қаржы бөлімінде қалып қойған болатынмын. Салық инспекциясы өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтерісімен көп ұзамай Базархан Төреқұлұлы шақырып, кооперативтер мен жеке кәсіпорындардан салық алу бөліміне бастық болып ауысуымды сұрады. Келісім бердім, осылайша жаңа саланың қызметіне кірісіп кеттім.
Салық инспекциясы құрылуы мен қалыптасуының бұл қиын кезеңінде түрлі әдістермен мемлекеттен табыстарын жасырып, салық төлеуден жалтарушылар қарасы көбейе бастаған. Қарамағымдағы сегіз қызметкермен бірге біздің бөлім мұндай тұрғындармен заң аясында жұмыс жүргізді. Басшымыз Базархан халықпен де, ұжыммен де тіл табыса білетін. Қандай да бір жағдай болмасын қатты келмей, әзілдеп отырып-ақ айтайын дегенін адамның жетесіне жеткізетін қабілеті бар білікті басшы болды. Бір кәсіпкер келіп: «Бір дүкенім осы бетте, екіншісі темір жолдың арғы бетінде. Бір патентпен жұмыс істесем бола ма?» деп құйтырқы сұрақ қойды. Базекең миығынан күліп ұтымды жауап берді. Нақты жауабын алған кәсіпкер шығып кете барды.
Шөкенов ағамыз айтса айтқандай, салықтың дұрыс есептеліп, бюджетке толық және уақытылы түсуіне бақылау жасау жауапкершілігі көп, өте ауыр, қайнаған жұмыс екен. Біздің назарымызда міндетті түрде салық төлеушінің шығындарының құрылымы, өнім бағасының өсуі, жергілікті нарықтағы жағдайы оның рентабельдігі тәрізді маңызды бағыттар болатын. Базарханның ұйымдастыруымен 38 қызметкер істі бір ізге салып, нәтижесіне көз жеткізгенше, тыным таппайтын едік. Уақытпен санаспай басшылық талабына орай барлық есеп-қисап жұмыстарын есепшотпен жүргізіп, том-том кітаптарға енгізіп, ауызбірлікпен қызмет атқардық. Ол өзі басшылық жасаған кезеңде салық жүйесін қалыпқа келтіруге күрделі реформаларды жүзеге асыруға, аудан экономикасының өсіп-өркендеуіне аянбай атсалысты.
1997 жылы желтоқсан айында Базархан Ақжігітов облыс бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары болып жоғарылады. Оның орнына Қазалы ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы болып аудандық мемлекеттік қаржы-бақылау комитетінің бастығы Талайлы Бөрқұлақов келді.Талайлы Әмитжанұлының да салық комитетінде атқарған еңбегі ерекше. Базарханның ізбасарлары салық саласының басшылық қызметін майталман маман Сәбит Бабанаев, Панаберген Якия, Фердауси Қожабергеновтер басқарған тұста табыстың тайқазанын тасытып, тиісті түсімдердің толықтығын қамтамасыз етіп, бюджеттің сапалы орындалуы жолында аянбай еңбек етіп, сүбелі жетістіктерге жеткен болатын.
Ашылған күннен бастап салық комитеті кадр дайындау мектебіне айналды. Салық саласында тәрбиеленген Базарханның ізбасарлары республиканың түкпір-түкпірінде белді қызметтер атқарып жүр, олар – біздің мақтанышымыз.
2014 жылы Үкіметтің қаулысына сәйкес салық комитеті Қазалы ауданы бойынша кірістер басқармасы болып қайта құрылды. Бүгінде аталған мекеменің тізгінін білікті басшы, білімді маман Темірлан Нұрланұлы Қожаназаров ұстап, Базархан Төреқұлұлы салып кеткен сара жолдан таймай келе жатқанына ел куә.
Облыстық кірістер департаментінің басқарма басшысы Базархан Төреқұлұлы Ақжігітовтің өмірден өткеніне қырық күндей болыпты. Не деген зымырап жатқан уақыт десеңші?!
Тапжылмай атқарған еңбегінің нәтижесінде ол Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының қаржы саласына 90 жыл» төсбелгісімен марапатталды. «Үздік мемлекеттік қызметші», «Астанаға 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарына, «Салық қызметінің үздігі» атағына ие болды.
Жұбайы Шолпанмен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Базархан Төреқұлұлы оны білетіндер мен қызметтес болған жандардың жадынан өшпейді.
Кемал КӨПЖАСАР,
қаржы-салық саласының ардагері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<