29 шілдедегі мәлімет бойынша өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 220 жағдай анықталды. Қазір 220 адамның 69-ы инфекциялық стационарда, 151-і үй жағдайында бақылауда. Оның 61 проценті – жұмыссыз азаматтар мен зейнеткерлер, 18 проценті – 14 жасқа дейінгі балалар. Көрсеткіш қауіптің күшейгенін байқатады.
Бүгінде індетті ауыздықтау, сақтықты күшейту басты мәселе болып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов кеселдің жолын кесу бағытындағы бірқатар шараны атап өтті.
Балжан Мөрәліқызы індеттің егде, жұмыспен қамтылмаған және екпе алмаған азаматтар арасында жиі тіркелуі назар аударарлық мәселе екенін айтты. Сонымен қатар жедел жәрдемге күніне 80-ге жуық шақыру келіп түсетіні, республикада кеңінен таралған «Дельта», «Дельта плюс» штамдарының облыста кеңінен таралуы алаңдататынын баяндады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары былтыр осы кезеңде өлім-жітім көп болғанын, соның өзінде ас, той өткізу тыйылмағанын жеткізді.
– Наурыз айындағы мерекелік күндерден кейін сәуірде ауру саны күрт жоғарылап, тәуліктік тіркелу артты.
Халық ас беру, той-жиыннан бас тартқан емес. Жақында қалада орналасқан «Арнау палас», «Бақ-Сарай» мейрамханаларында отбасылық шаралар өткізілгені белгілі. Дегенмен, бұл шаралар мониторингтік топтар назарынан тыс қалған. Дәл осындай шаралар аудан көлемінде де өткізілуде. Сондықтан бізге мониторингтік шараларды күшейту қажет, – деді Ә.Әбдіқайымова.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмитов өңірдегі мониторингтік топтар жұмысын күшейту мақсатында оның құрамына тәжірибелі сала басшылары тартылғанын хабарлады. Сондай-ақ, бүгінде 252 нысан «Ashyq» қосымшасына енгенін айтты. Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов жүктеменің артуына байланысты инфекциялық төсек-орын саны 3 есеге ұлғайғанын, 1820 төсек-орын ұйымдастырылғанын мәлімдеді.
– Қажетілікке қарай инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Жақын күндері модульдік жұқпалы аурулар ауруханасы да ашылады. Үй жағдайында ем алуға мәжбүр азаматтарға қарайтын 138 дәрігерлік мобильдік топ құрылған. Мобильдік топ дәрігерлерінің науқастарға шұғыл түрде жетуі үшін облыс әкімдігі мен қала әкімдігі тарапынан қосымша көліктер қарастырылды. 29 шілдедегі мәлімет бойынша 216564 адам вакцинаның І компонентін салдырды, II компонентпен 142 944 адам қамтылды. Алайда, вакцина алған тұрғындар арасында да індет жұқтыру фактілері бар, бірақ салдары жеңіл өтуде, – деді басқарма басшысы.
Спикер бұдан бөлек балалар арасында инфекцияның өршуі белең алғанын айтты. Мәселен, шілде айында 145 дерек тіркелген, бүгінде оның 51-і – амбулаторлық, 49-ы – стационарлық бақылауда. Балаларға вирус вакцина салдырмаған ата-аналарынан жұққан. Олар екпе салдырмаумен қатар санитарлық нормаларды сақтамаған, яғни көпшілік орындарға барған. Бұл ретте сала мамандары соңғы мәліметтер алаңдататынын айтты. Дәрігерлер қауымы қолдан келген ем-домның бәрін жасауда. Бірақ, індеттің құрығына ілікпеу ең бірінші өзімізге байланысты.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<