ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Қазалы ауданы әкімінің I тоқсандағы халықпен кездесуі жалғасуда.
Бүгін Өркендеу ауылдық округінде өткен кездесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өткен жылдың жүйелі жұмыстарымен бөлісті. Оның ішінде, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісінде қол жеткізген көрсеткіштерді атап өтті. 2022 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 23,6 пайызға артты. 21,2 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Қазалылық диқандар күріштің әр гектарынан 33 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 21 мың тоннадан астам астық құйды. Нәтижесінде Қазалы ауданы үшінші мәрте «ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласынан үздік аудан» атанды.
Кездесуде аудан басшысы алдағы атқарылар жұмыстармен де бөлісті. Халықты сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі екенін айтқан Мұхтар Әуесұлы алда 9 ауылдың электр желілері жаңартылатынын жеткізді. Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Бозкөл, Қожабақы, Өркендеу, Бірлік, Абай, Ақтан батыр, Жанқожа батыр ауылдарын электрмен қамту жобаларының тиісті құжаттарын дайындау үшін қаржысы бөлінді.
Ауыл тұрғындары кездесу барысында кәсіп ашу, спорт кешенін салу, мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу, Жанкент шаһарын жаңарту мәселелерін көтерді. Аудан әкімі айтылған мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға жауап берді.
Халықпен кездесуден кейін аудан басшысы №104 орта мектепке арнайы барды.
Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<