Қазалы ауданына сапар

768

0

Бүгін Қазалы ауданына жақында ғана облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен келді.

Негізгі мақсат – аудандағы негізгі құрылыс, жол инфрақұрылымы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып, негізгі проблемалық мәселелерді көзбен көру.

Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Әйтеке би кентіндегі аудандық емхана мен 250 орындық мектеп, Қазалы қаласындағы табиғи газ тарату бекеті,Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені, Басықара каналы бойындағы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.

Құрылыс жұмыстары туралы тиісті басқарма басшылары мен мердігер мекемелердің директорлары қысқаша баяндап, ешқандай проблемалық мәселелердің жоқтығын айтты. Белгіленген жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп, уақытысында пайдалануға беріледі.

Мархабат Жайымбетұлы мұнан соң 600 орындық мәдениет үйіне ат басын бұрып, тиісті сала басшыларымен бірге жаңадан салынған нысандытез арада пайдалануға беру жайын талқылады. Сондай-ақ, 600 орындық мәдениет үйінде ардагерлермен кездесті.

Кездесуде аудан ардагерлері бүгінгі таңдағы өзекті деген мәселелерді тілге тиек етіп, олардың шешілу жолдарын қарастыру жөнінде ұсыныс айтты. Мәселен, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов кәсіпкерлерді қолдау мақсатында инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын тарту мемлекеттің тарапынан жүзеге асырылмайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары сын көтермейтінін де ашына жеткізді.

Басқосуда көтерілген мәселелер өте өзекті екенін айтқан Мархабат Жайымбетов оның шешу жолдарын қарастыру үшін тиісті орындарға ұсыныстар берілетінін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына сапары кезінде аудан әкімдігінде еркін форматта мәжіліс өткізіп, ауданда жасалып жатқан жұмыстар мен проблемалық мәселелерді талқылады. Басқосуға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма басшылары жәнеқұрылыс мекемелерімен серіктестік директорлары қатысты.

– Өздеріңіз білетіндей, жақында облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Облыс әкімінің орынбасары ретінде облыстың құрылыс, сәулет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі салаларына жетекшілік жасайтын боламын.Қызметке тағайындалған соң елдің негізгі проблемалық мәселелерін көзбен көріп, талқылау мақсатында облыс аудандарына іссапарға шығудан бастадым, – деді Мархабат Жайымбетұлы.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзенбаев пен аудандық аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов хабарлама жасап, өзекті деген мәселелерді ортаға салды.

Айтылған мәселелерді мұқият тыңдаған Мархабат Жайымбетов тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, қаржыландыру үшін үнемі назарда ұстау қажеттігін айтты.

Басқосуда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін айтып, кейбір мәселелерді тілге тиек етті.

Кездесуге қатысқан облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш және тағы бірқатар азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, шұғыл шешімі табу қажет ұсыныстарын жеткізді.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Қазалыда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, айтылған мәселелердің барлығын оңтайлы шешу үшін облыс басшылығы мен тиісті министрліктерге ұсыныс берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, басқарма басшыларына күн тәртібінде қаралған мәселелер мен айтылған ұсыныс-пікірлерді жіті қадағалауды тапсырды.

Кездесуде Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев ауданға қатысты әрбір жобаға қатысты ұсыныстарды тыңдап, оған қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовке алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Кездесу басталмас бұрын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінен 600 гектар жерге инженерлік-инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу, Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағындағы 6 көпқабатты үйдің аумағын және автоматтандырылған электронды емтихан алаңын абаттандыру, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығынан160 орындық спорт кешенін салу үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындалғанын жеткізді. Егер бұл жобаларға тиісті қаржылар бөлінетін болса, аудандағы көптеген мәселелер оңтайлы шешілетінін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың Қазалы ауданына сапары Байқожа ауылының тұрғындарымен кездесуден аяқталды.

Басқосуда байқожалықтар елді мекендегі негізгі мәселе ауыз су екендігін ашық айтты. Осыған орай шалғай ауылдың тұрғындарының өтінішін жерде қалдырмауды сұрады.

Бұл мәселеге байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Байқожа топтық су құбырын қайта жаңғырту жобасын дайындап, қаржыландыруға ұсынылғанын тілге тиек етті.

Жоба жүзеге асырылған жағдайда 62 шақырым магистральдық су құбыры жүргізіліп, Әйтеке би кентіне тәулігіне 4500 текше метр ауыз су жеткізіліп, су тапшылығы мәселесі оң шешімін табатын болады. Сонымен қатар, магистральдық құбыр бойында орналасқан 8 елді мекен: Ақсуат, Майлыбас, Қызыләскер, Көбек, Ойынды, Алтай, Байқожа, Еңбекшіқазақ сапалы ауыз сумен қамтылатынын да жеткізді.

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов қорытындылап, Қазалы ауданына іссапары кезінде айтылған өзекті мәселелердің барлығын кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<