Қазалы – өңірдегі әлеуеті артқан, әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды аудандардың бірі. Мұнда жыл басынан бері бюджет 8,1 млрд теңгеге артып, 43 пайызға ұлғайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет мәлім етті.
Қазалыда өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,6 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 14,7 млрд теңгеге жеткен. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін 5273 кәсіпкер тіркелген. Оның 5124-і нақты жұмыс жасап тұр. Биылғы алты айда 23 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалардың да игілігін көруде. Мәселен, қаржы ұйымдары тарапынан 236 жоба бойынша аудан кәсіпкерлеріне 3,7 млрд теңге несие, грант қаражаты берілді. Нәтижесінде бөлшек сауда айналымы 6,6 млрд теңгеге жетті.
– Биыл ауданда Бірыңғай жалпыұлттық жобалар пулының Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасына 6,5 млрд теңгенің 5 ірі жобасы енгізілді. Оның 3-еуі жыл соңына дейін іске қосылмақ. Қазір жобалар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Арал Рыбторг» ЖШС-ның «Тауарлы балық өсіру үшін тоған балық шаруашылығының құрылысы» жобасы. Бүгінде кәсіпкерге «Басықара» ауылдық округінен 464 гектар жер учаскесі табысталып, құрылысы жүргізілуде, – дейді аудан әкімі.
Ауыл шаруашылығы саласында да ілкімді істер атқарылуда. Биыл жалпы өнімнің көлемі 4502,9 млн теңге. Аудан диқандары 17445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде күріш 5636, дәнді дақылдар 5881, майлы дақылдар 500, картоп, көкөніс, бақша 2164, малазықтық дақылдар 8900 гектар.
– Судың тапшылығына байланысты күріш көлемі қысқарды. Есесіне әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілді. Жуырда ауданымызға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен келіп, шаруашылық басшыларымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады, – дейді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 4728,4 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды.
Қазалыда халықты «көгілді отынмен» қамту жұмыстары да қарқынды жүруде. Өткен жылы газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асты. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендерінің магистральды газ құбырына қаржы бөлінді. Қазіргі таңда орамішілік газ тарту жұмыстарын жүргізіп, елді мекендерді «көгілдір отынға» қосу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар бітсе елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 73 пайызға жетеді. Сонымен бірге «Ақсуат», Байқожа, «Өркендеу», «Бірлік», Қожабақы және «Аранды» ауылдарын газдандырудың жоба-сметалық құжаттары әзірленген.
Құрылыс қарқын алып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы аудан халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2 пәтерлік 74 тұрғын үй салынып, 148 пәтер табысталса, биыл тағы да 2 пәтерлік 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 100 отбасыға жаңа баспана табысталмақ. Жыл басында прокуратураның жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
– Қазір Әйтеке би кентіндегі 120 жылдық тарихы бар теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Вокзал жанындағы теміржол өткелі де қайта салынуда. Бұл нысандарды жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Әйтеке би кентінде, Бекарыстан би және Қожабақы ауылдарында 3 спорт кешені, аудан орталығы мен елді мекендерде демеушілік есебінен спорт және ойын алаңдары салынуда, – дейді аудан әкімі.
Бірнеше жылдан бері тоқтап қалған «Қарлан» көпірінің құрылысы қайта басталды. Қазалыдағы өрісті істер мұнымен тоқтамайды. Денсаулық саласында да жетістіктер жетерлік. Мәселен, бұған дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Абай, «Бозкөл» және Кәукей ауылдарында заманауи дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне берілген болатын. Бұл – шалғай ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадам. Ал биыл ұлттық жоба аясында Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасы жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы басталды. Аудан әкімінің айтуынша, құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
– Аудан халқына жоғары деңгейде әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған бұл орталықта көптен бері өзекті мәселе болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, халыққа қолжетімді болады. Сонымен қатар, заманауи құрылғылармен жұмыс істеуге мамандар арнайы оқытылып, кәсіби біліктіліктерін жетілдіреді, – деді аудан әкімі.
Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен ауданның денсаулық сақтау ұйымдарының көлік базасы жаңартылып, 25 жаңа санитарлық автокөлік алынды.
Халықтың игілігі үшін жасалған бұл бастамалар – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың, нақты қолдаудың жарқын көрінісі.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






