Қазалыда аймақтық ақындар айтысы өтті

949

0

Қазалыда Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Тәуелсіздігімді жырлаймын» атты аймақтық ақындар айтысы өтті. Сөз сайысы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Дүбірлі додада Қызылорда облысы мен Ақтөбе және Тараз қалаларынан келген 10 ақын сынға түсті. Олар ел бірлігі мен тарихты жырларына арқау етті.

Аймақтық ақындар айтысын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөзімен ашып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

«Ұлт құндылықтарының арасында сан ғасырлық тарихы бар ақындардың ауызша жыр сайысы – айтыстың алар орны ерекше. Бүгінгі жыр сайысына түсу үшін еліміздің әр түкпірінен айтысқа қатысушы ақындар ортамызға келіп отыр!

Қазалы топырағында ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымды қалыптастыра отырып, саф алтындай сақталып келе жатқан киелі қазақ тілі, салт-дәстүр, қазақы қалып бар. Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы өңірі – кешегі қиын қыстау заманда өзінің жанкешті еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған тау тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Сөз құдіретінің қайнар бұлағы – бүгінгі сөз додасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бүгін ақындар Тәуелсіздікті, дархан даланы, ұлы елдің рухани қазынасын, кемел келешегі мен қасиетті Қазалының даңқын жырлайды», – деді Мұхтар Әуесұлы.

Дүбірлі доданы «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері, айтыстың ақтаңгері Мұхтар Ниязов тізгіндеп, ақындарды ортаға шақырды.

Алғаш болып сахна төріне Қармақшы ауданынан келген Тұрар Бекмұрзаев пен жалағаштық Қартбай Мейіржан көтеріліп, өз өнерлерін көрсетті.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста аралдық жас ақын Бексұлтан Орынбасар жеңіске жетті. Дүбірлі додада кестелі сөз айтқан ақынға 500 мың теңгенің сертификатын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өзі табыстап, жеңісімен құттықтады.

Ал, екінші орынға жерлесіміз, Жанкент ауылының тумасы Нұрзат Қару қол жеткізіп, 300 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.

Үшінші орындарға ақтөбелік Аруна Керімбек пен жалағаштық Мейіржан Қартбай табан тіреді. Оларға 100 мың теңгенің сертификаттары табысталды.

Сондай-ақ, барлық ақындарға Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа батыр, Ақтан батыр, Шағырай батыр, Дабыл батыр, Толыбай батыр, Айдарбек батыр, Сартай батыр атындағы және «Жеті Ишан», ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты арнайы номинациялар табыс етіліп, әрқайсысына 100 мың теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<