Қазалыда суды аз қажет ететін күріш сорты егілді

928

0

Қазалыда суды аз тұтынатын мал азықтық құнарлы дақылдар – сүрлемдік жүгері мен жоңышқа дақылының көлемі артты. Сондай-ақ, күріш дақылының қысқа мерзімде пісетін «Сыр Сұлуы» сорты 781 гектар алқапқа егілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникаицялар қызметінің ақпарат алаңында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков баяндады.

– Ауданда биыл су тапшылығына байланысты межеленген егіс көлемі 595 гектарға аз егілді. Осыған орай, ауданда суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын 500-600 га егістік жерлер лазерлік агрегатпен тегістеледі. Бүгінгі таңда барлығы 4,5 мың гектарға жуық тегістелген жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологиясын пайдалана отырып «РЗА» АҚ-ы жаңбырлатып суару тәсілімен 87,0 га жерге сүрлемдік жүгері екті. Алдағы жылдары жаңадан суармалы жерлер ашып, осы технология бойынша 2300 га жерге егіс егу жоспарлануда, – деді Күнтілес Назымбеков.

Бүгінде Қазалы ауданында күріш дақылының 6520 гектары суға бастырылып, күтімге алынды. Бүгінде арамшөптерге қарсы 2245 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Келесі аптада үстеп қоректендіру жұмыстары басталатын болады.

– Қазіргі таңда Қазалы су торабына секундына 56 м3 су келіп, оның 6 м3 суы Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілуде. Ал егіске 50 м3 су пайдаланылуда. Негізгі жоспар бойынша 61,9 м3 су қажет, бұл өз кезегінде 5,9 м3 кем орындалуда, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова.

– Қазалы ауданында күрішті суға бастыру басқа аудандармен салыстырған кеш аяқталды. Шілде айында күрішті суға бастырудың екінші кезеңі басталды деп жоспарлануда. Алайда шілде айында су тапшылығы сезілуі мүмкін деген болжам бар. Біздің тарапымыздан оң жаға және сол жаға магистралды каналдарын кезекке қоюды ұйымдастырылуда, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<