Қазалылық жастар баспана сыйлады

832

0

Тарихы тереңнен сыр шертетін Қазалы қаласының ерікті жастары жалғызбасты мүмкіндігі шектеулі жанға 4 бөлмелі баспана салып берді. Сәуір айындағы басталған құрылыс жұмыстары жақында ғана аяқталды. Дегенмен әлі де сыртқы әрлеу жұмыстары бар. Игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтар Тәуелсіздіктің түйдей құрдастары, яғни, еліміз бодандықтың бұғауынан босап, азаттықтың ақ таңы атқан 1991 жылы дүниеге келгендер.

– 45 жастағы Оразбек ағамыз жалғыз тұрады. Өзінің үйі адам тұруға жарамайтын болған соң туыстарын паналап жүрген болатын. Алайда ағайын-туыстары үйін сатып, басқа жаққа көшетін болған соң қайта өз үйіне қайтуына тура келді. Сондықтан біз көне үйдің орнына жаңа баспана тұрғызуды қолға алдық. Бұл бастамамызды қала жастары қолдап, бүгін міне Оразбек ағамыз жаңа үйге кіріп отыр, – дейді Алтынбек Бөлекбаев.

Сауабы мол іске білек түріп, жұмыла кіріскен қала жастары құрылыс материалдары мен керек-жарақ сатып алған. Бір айта кетерлігі, қала жастары құрылыс жұмыстарына қажетті қаражатты өз күштерімен ғана тапқан. Баспана ішінде мүмкіндігі шектеулі жанға аса қажет жуынатын бөлме мен әжетхана да қарастырылған.

Бүгін қала жастары Оразбек Бақытжанұлына баспананың кілтін салтанатты түрде табыстады. Жаңа тұрғын үйге кірген азаматтың қуанышымен бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, «Nur Otan» партиясы аудандық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев арнайы келіп, қоныс тойға құтты болсын айтты.

Қазалылық жастар баспана сыйлады

Қала жастары күн жылынған соң тұрғын үйдің сыртқы әрлеу жұмыстарын аяқтаймыз деп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<