Қазалылықтар мұқтаж жанға үй алып берді

653

0

Кеше Қазалы ауданының Үрмәш Түктібаев ауылының тұрғындары баспанаға мұқтаж отбасыға тұрғын үйдің кілтін табыстады. Ауыл тұрғыны Перуза Бекен үйі отқа оранып, отбасымен бірге далада қалған болатын. Сол уақытта ауыл тұрғындары көңілі жабырқаған ананың жанынан табылды. Қолдарынан келген көмекті көрсетіп, көпшілікке үндеу жариялады.
Бір айдың ішінде жаңа баспанаға жететін қаржы жиналып, үй алынды. Бұл қолдау шараларына аудан халқымен қатар, Бекарыстан би және Майдакөл ауылдарының тұрғындары да белсенділік танытып, үлестерін қосты.
Мұқтаж отбасыға тұрғын үй кілтін табыс етуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өз тілектестігін білдіріп, ауыл халқына ризашылығын жеткізді.

Қазақ халқы әрдайым жабырқаған жандардың жанынан табылып, қол ұшын созған. Игі дәстүрден жаңылмаған біздің ауыл тұрғындары да тілсіз жаудың кесірінен үйінен айырылған анаға баспана алып берді. Сондықтан да бүгінгі игі бастамаларды жүзеге асырып, ел ықыласына бөленген азаматтарға алғысымызды айтамыз, – деді аудан әкімі.


Игі бастаманың іске асуына ұйытқы болып, белсенділік танытқан біртқатар ауыл азаматтары Жәниет Өтеген, Балықбай Төреханұлы, Балғазы Аймағанбетұлы, Алмас Үсейінұлы, Ізат Ғабдулла мен Нұрсұлтан Оңталапұлына аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Қуанышты сәтте ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Өтеген, ауыл имамы І.Ғабдулла сөз сөйлеп, игі тілектерін жеткізді.
Жаңа баспанаға ие болған Перуза Бекен жаңа үйді сыйға тартқан халыққа алғысын жаудырып, ризашылығын жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<