Қазақ тазысы теңдігін ала бастады

224

0

Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев World Dog Show 2025 дүниежүзілік көрмесіне қатысып, халықаралық аренада лайықты бағасын алған қазақ тазысын ұлттық бренд, мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі ретінде халықаралық деңгейде толық таныту ортақ міндет екенін айтты.

Дүниежүзілік іс-шараға Қазақстан делегациясы қатаң талап бойынша іріктелген әрі халықаралық деңгейде өнер көрсетуге барынша үйретілген 8 тазыны алып барған еді. Әлемнің әр түкпірінен келген 25 000 үздік иттің ішінде қазақ тазылары FCI ұйымында тіркелген дербес ит тұқымы ретінде тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылды. Қазақтың төл ит тұқымдары алғашқы сайыста айтарлықтай маңызды нәтижеге қол жеткізді. Дүниежүзілік көрмеде 5 тазы өздерінің рингтерінде жүлделі орындарды жеңіп алды. «2025 жылғы Әлемнің жас чемпионы» аталымында Темірлан атты тазы жеңімпаз болды, Лашын – «Әлем чемпионы», Ару атты тағы бір тазы – «Әлем чемпионы», Көксерек пен Пана – «Әлемнің вице-чемпиондары» атанды. Оған қоса Лашын мен Ару Финляндия чемпиондары ретінде марапатталды. Осылайша барша жаһан жұртшылығы қаншама ғасырдан бері алаш баласының серігіне айналған тазыны жоғары бағалады.

Ендігі кезекте тазы тұқымын дамыту және бірегей қасиеттерін сақтау, жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, халықаралық көрмелерге тұрақты қатысу сияқты бағыттардан тұратын бұл іске Қазақстан кинологтар одағымен қатар мемлекеттік органдар да белсенді атсалысуға тиіс.

Президент Іс басқармасы, Экология және табиғи ресурстар, Ғылым және жоғары білім, Ауыл шаруашылығы, Сыртқы істер министрліктері және басқа да құзырлы органдар, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер бірлескен жүйелі жоспар аясында тиісті ұйымдастыру шараларын қолға алуы керек. Мемлекет басшысы төбет тұқымын да ерекше қамқорлыққа алып, мемлекеттік органдардың қолдауымен дәл осы ауқымда жұмыс атқару міндетін жүктеді.

Естуімізше, тазы қазақ даласына сақ заманында келген деген дерек бар. Ол шамамен 2000-2500 жылдар бұрынғы кезеңді қамтиды. Тасқа қашалған кейбір петроглифтерде тазыға ұқсас аңшы иттері бейнеленген. Ал тықыр жүнді тазылар осыдан бес-алты мың жыл бұрын перғауындар заманында өмір сүрген деген дерек айтылады.

Бұл ит тұқымын тазы атауының мәні парсының «таза, алғыр, жүйрік» деген мағынасымен ұштасып жатқан секілді. Таза болуының себебі оның тазы атануына алып келді ме? Ол ықшамдалу заңдылығына байланысты тазыға ауысуы мүмкін. Қазақ жерінде құмай, қайың қаптал, ауған, орыс, түрікмен деген түрлері ұшырасқан. Қазақы тазыны тау және дала тазысы деп бөлген. Шоқтығының биіктігі 80-85 см аралығында.

Енді аз-кем төбетке тоқтала кетсек. Белгілі жиһанкез Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аң аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік» деп жазып кеткен. Саяхатшы Шағатай ұлысында қасқыр алатын бұл иттерді хан сарайынан кезіктірген. Сол кезеңде ит саны 10 мыңдай болған көрінеді.

Жаһандық желі беттерінен білгеніміз, ит тұқымдарын зерттейтін кинология деген сала бар. Оны грек тілінен тәржімалағанда kynos – ит, logos – ілім дегенді білдіреді. Ол ит анатомиясы мен физиологиясын, үй иті тұқымының шығу тегі мен эволюциясын, оларды өсіру, қолға үйрету, қоректендіру, шаруашылыққа пайдалану мәселелерін зерттейді. Бір қызығы, бізде оған ұзақ жылдан бері мән берілмейді. Тегіміз бір түрік бауырлар дүниежүзілік кинология орталығына біздің тазыға ұқсайтын иттің түрін тіркетуге көңіл бөлген. Ендігі кезекте бізге тазы мен төбетті қазақ халқының ұлттық бренді ретінде қалыптастыру – маңызды міндет.   

Сыр өңірінде кезінде тазы мен төбет өсіріп, саятшылық өнерді дәріптеген азаматтар аз болған жоқ. Өкініштісі, қазір олардың қатары сиреп кетті. Кезінде екі үйдің бірінде кездесетін тазы мен төбет бүгінде көзге ілуде бір ұшырасады. Десе де ұлттық құндылықты ұлықтап, ұрпақ бойына сіңіріп жүрген азаматтар баршылық.

Облыс орталығының іргесіндегі «Қарауылтөбе» ауылының тұрғыны Манап Нұрымбетов тазы ұстап, ит жүгіртеді. Оның Қарадауыл, және Тұйғын деген екі тазысы бар. Екеуі де бойына біткен ептілік, жылдамдық қасиеттерімен ерекше. Ізшілдігімен, желмен жарысқан жүйріктігімен, сұлу мүсінімен де көзтартады. Бір артықшылығы – тазы ешқашан қарғыбау көрмей, еркін жүріп-тұрады. Иесінің қас-қабағын ұғатын қасиетке ие. Қазір олар қоян, қасқыр алып жүр. Оның айтуынша, шашақ және жарғақ тұқымына жататын екі түрі бар. Жарғағының жүні тықыр, суыққа тоңғақ. Бірақ өте ұшқыр. Ал, шашақ тазы суыққа төзімді, ұзаққа кең көсіледі.

Сондай-ақ Шиелі ауданының жас тұрғыны Саянбатыр Тәліпов кішкентайынан жүйрік баптап, құсбегілікке әуес болған. Әкесі Бағдат екі жасынан бастап атқа мінгізіп, жылқы малына жақын болуға баулыпты. Өсе келе оны сан алуан ұлттық ойын-сауыққа қатыстыруға ниет танытқан. Саянбатыр құсбегілік өнерге де жақын екенін аңғартып отыр. Тазыны ертіп, қыран құсты аңға салып, олжалы оралып жүр.

1939 жылғы есеп бойынша елімізде шамамен 7 000 тазы болған. Араға 26 жыл салып, яғни 1965 жылы оның саны артып, 10 мыңға жеткен. Өкінішке орай, 1983 жылға дейін тазының 70%-ы жойылып, тек 3 мыңы қалған. 2014 жылы тұқым-тегі тазыға ұқсас ит саны 1 мың болды. Оның ішінде асылтұқымдысы 300-ді шамалайды.

Қазақстан кинологтар одағының мәліметінше, Қазақстанда қазір 3500-дей тазы бар. «Бірақ бұл – құжаты бар, тіркелген иттердің саны. Ал ауыл-ауылда ешқандай паспорт алмаған қаншама тазы бар» дейді мамандар. Кейінгі жылдары тазы мен төбет тұқымын көбейту бағытында нәтижелі істер атқарылды. Халықаралық кинология федерацияның (FCI) Бас комитеті қазақ тазысын (Kazakh Tazy) ресми түрде ит тұқымы деп алдын ала тану жөнінде шешім қабылдады, Қазақстанға тазы тұқымының иесі деген мәртебе берілді. ҚР Президенті Іс басқармасының баспасөз қызметі бұл шешім қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде толық тану, яғни мойындау алдындағы негізгі әрі соңғы кезең екенін атап өтті.

Бұл – тұқымның стандартына, оның дамуы мен әлемдік аренада сақталуына біздің ел жауапты деген сөз. FCI Қазақстанға соңғы тұқым стандарттарын әзірлеуге және бекітуге 10 жыл уақыт берді. Бұл уақыт ішінде белсенді жұмыс істеуіміз керек. Енді бізден тұқымы расталған кем дегенде мың иттің популяциясын қалыптастыру талап етіледі. Бұл жеңіл шаруа емес. Талай ит жеке қолда. Сондықтан халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, иттерге арналған арнайы орындар салып, көрмелер мен жарыстарды жиі ұйымдастырып отыру керек.

Сондай-ақ бұдан бұрын елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Осының нәтижесінде иттердің генетикалық сапасын ғылыми бағалау, селекциялық сараптама жасау, жинақтау арқылы қажетті ғылыми база құруға жол ашылды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін екі үйдің бірінде тазы мен төбет алдымыздан шығатын. Қашаннан саятшылыққа жаны құмар ағайын тазысын ертіп, жылқысын жаратып, аң аулауға аттанатын еді. Ал төбет негізінен мал шаруашылығымен айналысқан шаруа адамының жансерігі болды. Одан беріде жайылым төсі толған төрт түлік те азайды. Тазы мен төбетті де іздейтін жағдайға түстік. Тіпті олардың тұқымын сақтау мәселесі де таразыға тартылды. Тоқсаныншы жылдардан бері екінің бірі шетелден шыққан тегі белгісіз ит тұқымын алып келуге әуес болды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаровтың айтуынша, шетелдік иттерді Қазақстанға кіргізу мәселесін ойлану қажет. Өйткені, одан қандай зиян болатынын аңғару қиын емес.

– Бұл таза қанды тазы мен төбет тұқымын сақтап қалуға да кері әсерін тигізеді деген ойдамын. Түрікмен халқы алабай тұқымын сақтап қалу ісін ертерек қолға алды. Өкініштісі, біз қаншама уақытты құр жіберіп алдық. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді қазақ. Ендігі кезекте кеткен қателікті түзеуге күш салайық. Жаңа заң сол олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді деген ойдамын. Сондай-ақ біз шетелден келетін ит тұқымын ұдайы бақылау мақсатында карантиндік бекет ұйымдастыруымыз қажет. Шетелдің көбісінде солай жасалған. Тіпті бірқатарында кейбір ит түрлеріне тыйым салынған. Мәселен, Швеция, Дания, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланд, Бельгия, Швейцария, Жаңа Зеландия мен Латвияда осындай талаптар қойылған. Ендігі кезекте қолға алынатын әрбір жұмыстың орындалуына тиянақты болуымыз қажет, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров.

Тазы мен төбетті қазақ халқының ұлттық бренді ретінде қалыптастыру – маңызды міндет. Рас, елдің ішінде ұлттық дәстүрге жанашырлық танытып жүрген азаматтар баршылық. Оншақты жылдай бұрын Шиелі ауданында «Қар үстіндегі қансонар» деген атаумен саятшылық өнерге арналған ауқымды шара өткізілді. Игі істің басы-қасында жүрген белгілі айтыс ақыны Кенжебай Жүсіповтің айтуынша, оған тазы мен төбетін ертіп келген тұрғындар саны аз болмаған.

– Тазы мен төбет тұқымын сақтауға бағытталған жаңа заң қабылданғанын естіп, қуанып қалдық. Халықаралық кинология федерациясы қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім шығарғанын естіп жатырмыз. Бұл ұлттық құндылықты кең ауқымда дәріптеуге жол ашады деген ойдамын. Қайсыбір жылдары біздің Шиелі ауданының өзінде қазақы тазы өсіруге ниет білдірген тұрғындардың саны өсті. Олардың қатарында өзім де болдым. Біздің ауылдың өзінде тазы өсіргендер саны 30-ға дейін жетті. Қазір мұндай азаматтардың саны төрт-бесеуден аспайды. Себебі, көбісі тазының бабын жасаудың сырын білмейді. Өте нәзік болғаннан кейін оған арнайы қамқорлық жасауың керек. Сыр өңірінде бұған қатысты кеңес беретін орталықтар мүлдем жоқ, – деді К.Жүсіпов.

Айта кетерлігі, жаңа заңда тазы мен төбет тұқымын сақтау және өсімін молайту бағытында құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздер белгіленді. Осы мақсатта негізгі қағидаттар қарастырылған. Оған жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалып, олардың құзыреті анықталды. Қысқасы, Қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған тазы енді-енді теңдігін ала бастады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»