Қазақ журналистикасының қара нары, өзінің жағымды үнімен талай қазақтың жүрегінен орын алған атақты журналист Ахат Жанаев 86 жасында өмірден озды.
Қазақстанның құрметті журналисі, «Қазақ радиосының үздігі», Сырдария мен Жалағаш аудандарыныңқҚұрметті азаматы Ахат Әбжаппарұлы Жанаев 1934 жылы 24 маусымда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, 1 май колхозында дүниеге келген.
Әкесі Әбжаппар Жанаев 1937 жылы ірі өндіріс орнын басқарып тұрған кезінде «Халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, «Волголаг» лагерінің адам айтқысыз азабына төтеп бере алмай небары 39 жасында қайтыс болса, анасы Айткүл Кәрібайқызы да қуғын-сүргін салдарынан 40 жасқажетпей өмірден өтеді.
Ата-анадан ерте айрылған Ахат аға өмірдің тауқыметін тартып өседі. Нағашы әжесінің қамқорлығымен ел қатарына қосылған ол еңбек жолын 1952-53 жылдары Тереңөзек ауданы 1 май мектебінде пионер вожатый болып бастаған. 1953 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің студенті атанып, оны 1957 жылы тәмамдайды.
Онан соң Тереңөзек ауданындағы Калинин атындағы №35 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Мұғалім болып жүрген кезінде сол кездегі облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, хатшысы болып қызмет атқарған Дәуірхан Айдаров деген азамат Ахат ағаны облыстық радиоға қызметке шақырады. Бұл қызметтің оңай емес екенін білетін Ахат аға мектептегі мұғалімдік жұмысынан кеткісі келмей біраз жүріп алады. Алайда бірнеше қайтара ұсыныс түскендіктен бұдан әрі шалқақтаудың жөні жоқ екенін түсініп жаңа қызметке кірісуге бел буады.
«Сөйтіп, 1961 жылы облыстық радиоға редактор болып орналастым. Екі жылдың ішінде баспаналы болдым. Радио тілшісі болу деген оңай қызмет емес. Салмағы пәлен келі репортерді иығымызға іліп алып, жаяу-жалпы кетеміз. Жалпы, журналистика қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандық қой. Бұл мамандыққа кез-келген адам шыдас бермейді. Ал, мен осы мамандықты шын жүрегіммен қаладым, сондықтан оның қиындығына төтеп бердім. Сонан кейін 1962 жылы облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен Алматыдағы жоғары партия мектебіне жіберілдім. 1964 жылы оны радио, телевидение бөлімі бойынша бітіріп, сол жылдың көктемінде мемлекеттік өндірістік практикасын Мәскеуде өткіздім. Мәскеуде Бүкілодақтық радиода тәжірибеден өту дегеніміз біз үшін үлкен мектеп болды. Онда тікелей эфирдің хас шеберлері Константин Ритинский, Юрий Летунов, Юрий Левитандардың лекцияларын тыңдап, тәжірибелерін үйрендік», – деген екен бұл туралы Ахат аға өзінің естеліктерінің бірінде.
Сол жолы өзі есімдерін атаған радиожурналистиканың тарландары Ахат ағаның айрықша дауысына мән беріп, жақсы пікірлерін білдірген екен.
Сонан 1967 жылы қазақ радиосының Сыр өңіріндегі меншікті тілшісі болып, 30 жылға жуық жемісті еңбек етеді.
Ахат аға осынау жылдар аралығында аймағымыздың арғы-бергі тарихын, мұрасын, жыраулық, күйшілік, шайырлық өнерін күллі түркі әлеміне кеңінен насихаттап, Сыр өңірінің мәдениеті мен руханиятының дамуына сүбелі үлес қосқан азамат.
Мәселен, ол ұлы сазгер Қорқыт бабаны араға 10 ғасыр уақыт салып қайта тірілткен, тірілтіп ғана қоймай, күллі түркі әлемімен қайта қауыштырған, 12 күйін үнтаспаға түсіріп, айналымға қосқан бірден- бір журналист.
Сондай-ақ, журналист Жанаевтың 1975 жылы қызылордалық қарт қобызшы Сымайыл Шәменұлының орындауында (лақап аты Соқыр Нышан) әлгі 12 күйді жазып алып, Ұлттық академияға табыс еткенін біреу білсе, біреу білмейді.
Ахат ағаның жеке қорында сақталған сирек ұшырасатын дауыстар, мақамдар, күйлер қаншама десеңші. Облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығы шығарған «Қайталанбас дауыстар», «Мирас» музыкалық антологиясына бұл кісінің 40-50 жыл бойы жинастырған үнтаспалары, дауыстары енгізілсе, көп дүниесі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Олардың барлығы да баға жетпес қазына, аса құнды жәдігер десек жарасады.
Сонымен бірге қарт қаламгердің облысымыздағы тарихи-өлкетану мұражайларын көне жәдігерлермен толықтырудағы еңбегі де ерекше.
Атап айтқанда, А.Жанаев облыстық өлкетану мұражайы мен Қорқыт баба мұражайына Қорқыт баба күйлері жазылып алынған Р-7 репортері мен жазу машинкасын тағы да басқа заттар тапсырған, олар бүгін мұражай экспонаттарының қатарын толықтырып, мазмұнын арттыруда.
Ахат Жанаев радиотілші ғана емес, сонымен бірге ол «Бұқарбай батыр», «Алмас тілді ағалар», «Беркінбай әулие: аңыз бен ақиқат» тағы басқа бірқатар кітаптардың авторы.
Ахат аға журналистика, оның ішінде радио саласында жүргенде өзі ғана біліп қойған жоқ, білгенін ізінен ерген жастарға үйретумен болды. Тәжірибелі журналистің тәлімін алған солардың көбісі бүгінде мықты мамандар қатарынан.
Мәселен, марқұм Оразбек Мақсұтов, Қази Данабаев радиомен қатар баспасөз саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып кетсе, белгілі радиожурналист Бақтыбай Бердібаев Ахат ағаның ізін жалғап көп жылдар бойы, тіпті облыстық радио жабылғанша радио редактор болып қызмет атқарды.
Ахат аға белгілі де білікті қаламгер ғана емес, ол сондай-ақ, берекесі мен бірлігі жарасқан үлкен отбасының тірегі, адал жар, қамқор да мейірбан әке, немере-шөберелерінің сүйікті атасы болды.
Жары Ұлбосын Әбдікәрімқызы екеуі бес бала тәрбиелеп-өсіріп, ұлдары мен қыздарын ұясы мен қиясына қондырған бақытты әке.
Алланың берген 13 немере-шөбересінің сүйікті де ақылман атасы бола білді.
Сексен алты жасында мәңгілік сапарға аттанған Ахат аға Жанаевтың жағымды үні, дара дауысы, журналистика саласындағы бай тәжірибесі мен тағылымға толы еңбек жолы тек сырбойылықтардың ғана емес, қазақ елінің есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Бақұл болыңыз, ақылман аға, ардақты ұстаз!
«Сыр медиа» ЖШС.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<