Бейсенбі-жұма күндері Арал ауданында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасының Сенаты Олий Мәжілісі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Оған Өзбекстан тарапынан Сенат Төрағасының бірінші орынбасары Содык Сафоев, Өзбекстанның Қазақстандағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, Олий Мәжіліс Сенатының депутаттары қатысты. Комиссия отырысында еліміз тарапынан ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова және өзге де тиісті сала жетекшілері болды. Жиында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев онлайн режимде сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр маусым айында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасына ресми сапары барысында жоғары палата спикері, Олий Мәжіліс Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездескен еді. Мұнда екі ел арасындағы ынтымақтастық жөнінде комиссияның бірінші отырысы өтті. Кездесу барысында «2021-2022 жылдарға арналған ынтымақтастықтың Жол картасы» және «Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі жанындағы заңнама проблемалары институты мен Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы парламентаризм институты арасындағы ынтымақтастық туралы» меморандумға қол қойылған.
Құжатта өңіраралық мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды, сондай-ақ халықаралық парламенттік алаңдар желісі бойынша ынтымақтастықты күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Екі ел парламенті туризм, экология және су ресурстарын басқару, инвестиция, мәдени-гуманитарлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіруде өзара іс-қимыл жұмыстары негізге алынған. Соның бірі – экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған жұмыс ретінде Арал теңізін құтқару және оның экожүйесін сақтау мәселелері бойынша бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру туралы тармақ енгізілді.
Алдымен қос тарап өкілдері Арал ауданындағы «Көкарал» бөгетіне барып, жұмысын көрді. Екі елдің Сенат депутаттарымен бірге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров бөгеттің қазіргі жағдайын бақылап, ортақ мәселелерді талқылады.
Бөгет басында Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров «САРАТС» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру барысын жеткізсе, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Арал теңізін сауықтыру жөнінде қабылданып жатқан шаралар мен фито-мелиорациялық жұмыстарды атап өтті.
– 2002 жылдан бастап 2008 жылға дейін «САРАТС-1» жобасының құрылысы жүрді. Соның нәтижесінде Солтүстік Арал теңізінде су көлемі ұлғайып, оны сақтауға мүмкіндік алдық. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда «САРАТС-2» жобасының техникалық-экономикалық негіздеме құжатын дайындау үшін қаржы да бөлінді. Бұл құжат екі нұсқада жасалады. Соның ішінде бізге қажеттісі ғана бойынша әрі қарай жоспарлы жұмыс жалғасады. Басты мақсат – теңіз көлеміндегі суды ұлғайту, Сырдария өзенінің арнасын қалпына келтіру. Біздің бүгінге дейінгі арттырған 27 текше шақырым судың көлемін «САРАТС-2» жобасы іске қосылғанда 50 текше шақырымға дейін жеткізе аламыз. Жобаның екінші кезеңінің маңыздылығы сол, экологиялық жағдай жақсарып қана қоймай, экономикалық жағынан да тиімді қадам болмақ, – деді су ресурстары комитетінің төрағасы Н.Алдамжаров.
Ұзындығы 13 шақырым болатын бөгет құрылысы Солтүстік Аралдағы су деңгейіне оң әсерін берді. Судың тұздылығы төмендеп, ғалымдар күткен нәтиже тіркелді. Балық саны және оның түрлері өсті, микроклимат өзгере бастады. Нәтижесінде балық аулау көлемі 0,4 мың тоннадан 7 мың тоннаға дейін өсті. Арал қаласы мен теңізге дейінгі қашықтық бірнеше есе азайды.
Мұнан соң делегация Арал қаласындағы «ARAL SEA FOOD» ЖШС-ның «Балықты терең өңдеу» зауытына барды. Мұнда да облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай өңірдегі балық шаруашылығының дамуы туралы айтып берді. Сонымен қатар, қонақтарға балық өнімдерінің көрмесі ұсынылып, зауыт қызметі де таныстырылды. Кәсіпорын жылына төрт мың тонна балық өнімдерін шығаруға қабілетті. Еуропалық стандарт бойынша шығарылатын өнімнің негізгі түрі – ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізілетін филе. Елу адам жұмыс істейді.
Расы керек, біздің облыста су ресурстары жеткілікті. Аймақта теңізден бөлек, екі жүзден астам көл бар. Бірқатар балық өңдеу зауыттары жұмыс істейді. Олардың кейбірінде еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігін растайтын «Еурокод» енгізілген. Сондай-ақ аталған кәсіпорындар балық өнімдерінің оннан астам түрін сыртқа экспорттайды. Мысалы, Ресей, Германия, Польша, Грузия, Литва, Қытай, Нидерланды, Чехия және Беларусь мемлекетіне аймақ өнімдері жіберілуде.
– Бүгін Сенат Төрағасының орынбасары бастаған бір топ сенаторлар мен көрші Өзбекстаннан келген әріптестерімізбен бірге «Көкарал» бөгетінде болып, сондай-ақ Арал қаласындағы балық зауытының жұмысымен танысудамыз. Былтыр Сенат Төрағасы Өзбекстан мемлекетіндегі парламент басшылығымен кездесіп, сонда Арал теңізі мен ондағы су мәселесі жөніндегі өзара ынтымақтастық жөнінде комиссия құрған болатын. Соның аясында екінші отырыс Арал қаласында өтеді деп жоспарланған.
«Көкарал» бөгетіне қатысты, жасыратыны жоқ, мәселе жеткілікті. Негізінен Сырдария суын пайдаланатын Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, сондай-ақ Түркіменстанның бір бөлігі де бар. Осы мемлекеттер арасындағы су бөлінісіне қатысты мәселе жоқ емес. Қазақстан, өкінішке орай, өзеннің соңғы бөлігінде орналасқан. Сондықтан құрылған комиссия негізінде аталған түйткілдерді заңды тұрғыдан шешу жолдарын қарастыруға жиналып отырмыз. Басты мақсат – осы Сырдария суын келісімге сәйкес бөлу, оның ішінде ең бірінші кезекте Арал мәселесін назардан тыс қалдырмау. Мемлекетаралық комиссияда шешілген судың үлесі толық бөлініп отырса, ол өзімізге өте жақсы болар еді. Тағы қайталаймын, жиналудағы басты себебіміз де сол, яғни Аралды сақтау керек, онсыз облысты да елестету қиын. Бұл бағытта Парламент Сенаты өз бағытында заңды жұмыстарын тоқтатпайды. Су Аралға келу керек, – деді журналистеріне берген сұхбатында сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Сенатордың айтуынша, су тапшылығы жылда орын алса, қазіргі Кіші Аралдан да айырылуымыз әбден мүмкін. Ал одан шығар экологиялық зардап жалғыз Орта Азия мемлекеттері ғана емес, Ресей мен Еуропа елдеріне әсер етеді. Адамзат баласын алаңдатып отырған Арал мәселесі осы парламентаралық қатынастарда пысықтала түспек.
Кейінгі жылдары су тапшылығына байланысты Арал теңізінен балық аулау лимиті де төмендеген. Су көбейсе көрсеткіш оңала түсетіні сөзсіз. Бұл – халықтың әл-ауқатының артуына бірден-бір себеп.
***
Кеше Арал қаласында ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы өтті. Сөз басында атап өткеніміздей, жиында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев онлайн режимде қатысып, арнайы сөз сөйледі.
Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль сарапшылық пікірін білдірді.
Бұл кездесудің басты мақсаты – Аралды қалпына келтіру және оның экожүйесін қорғау мәселелерінде көрші екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайту. Сондай-ақ ғылым мен экология саласында білім беруге қатысты бірлескен жобаларды іске асыру.
Отырыста Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара қарым-қатынас бүгінде бауырлас елдер тарихындағы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты. Мұндай ынтымақтастық екі мемлекет үшін де маңызды.
– Екі елдің мемлекет басшылары Арал мәселесін шешу және трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды әрі кезек күттірмейтін мәселе екеніне үнемі баса мән беріп келеді. Кезінде бірегей су қоймасы болған Арал қазіргі таңда өңірдегі елдер үшін орасан зор экологиялық проблемаға айналып отыр. Бұл ынтымақтастықты нығайту және Аралды қайта жандандыру үшін озық тәжірибе мен технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік екені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Төраға Аралға қатысты бірқатар мәселені шешу кезіндегі оң тәжірибеге тоқталды. Дүниежүзілік банк пен Қазақстан Үкіметі қаржыландырған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының қолға алынуы және оның бірінші кезеңінің іске асырылуы маңызды қадам екенін айтты. Сонымен қатар қазіргі таңда теңіз деңгейін ұстап тұру үшін жаңа міндеттердің ауқымды кешенін қамтитын осы жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.
Мәулен Әшімбаев Арал аймағын қалпына келтіру бойынша бірлескен жұмысты қолдай отырып, Халықаралық Аралды құтқару қорының платформасын барынша пайдалану маңызды екенін жеткізді. Бұдан басқа, өңірдің экожүйесін қалыптастыратын трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесіп басқарудың өзара тиімді және оңтайлы тәртібін іздестіру керектігін де тілге тиек етті.
Жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев екіжақты әріптестікті нығайтуға бағытталған бұл отырыстың маңыздылығын атап өтті.
– Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті Сыр еліне қош келдіңіздер!
Мәулен Сағатханұлы, бүгінгі комиссия отырысын Арал өңірінде өткізуге шешім қабылдағаныңыз үшін сізге және атсалысқан өзге де әріптестеріме зор ризашылығымды білдіремін. Екі күннен бері өздеріңізбен бірге «Көкарал» бөгетінің жағдайымен танысып, Арал қаласын аралап, енді ортақ мәселелерді талқылау үшін жиналып отырғанымызға қуаныштымын, – деді облыс басшысы.
Сондай-ақ, су ресурстарының жетіспеушілігі және ауызсу сапасының төмендеуінен, жердің тозуы, климаттық өзгерістер әсерінен болатын өзекті мәселелерді жеткізді. Бұл ретте теңіздің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жұмыстарының маңыздылығы да сөз болды.
– Бүгінде Президент тапсырмасы бойынша елімізде ауқымды көгалдандыру жобасы іске асырылуда. Оның шеңберінде бес жыл ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 1,1 млн гектарына сексеуіл көшеттерін отырғызу жоспары бар. Осылайша 2025 жылдың соңына қарай құрғаған теңіз ұлтанының ормандану алаңы бір жарым млн гектарға жуық ұлғаятын болады. Былтыр 101 мың гектар алқапта орман өсіру жұмыстары жүргізілсе, биыл тағы 250 мың гектар алқапқа сексеуіл отырғызылмақ. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – Арал дағдарысының қоршаған ортаға және өңірде тұратын қаншама адамның тыныс-тіршілігіне зиянды әсерін қысқарту. Сондықтан бүгінгідей кездесулер өте маңызды. Қазіргі жағдайды кешенді бағалай отырып, бірлескен бағдарламаларды іске асыруда күш-жігерімізді біріктіріп, біз теңізді құтқару мен жандандыруға ғана емес, болашақ ұрпақтың игілігіне де өз үлесімізді қосамыз деп есептеймін, – деді өз сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиын барысында қос тарап өкілдері өзекті мәселені шешу жолында әріптестік пен өзара тәжірибе алмасуға ниет білдіріп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын іс-шаралар барысын айқындады.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<