Қазақстанда процентсіз ипотека алуға болады: жалақы қанша болу керек?

1017

0

Қазақстанда зейнетақы жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану жүйесі толығымен іске қосылды. Күні кеше Шымкент қаласының тұрғыны осы ақшаға бірінші болып ипотека рәсімдеп алды. Бүгінде осы бағдарламаға бірнеше банк қатысып отыр. Исламдық қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. Sputnik Қазақстан тілшісі зейнетақы жинағына тиімді ипотека рәсімдеу шарттарын зерделеп көрді.

Банктің ипотекасы қымбатқа түсе ме?

Бүгінде зейнетақы жинағын пайдалану аясында негізгі оператордан бөлек тағы бірнеше банк арқылы ипотека алуға болады. Олардың ішінде Halyk bank, Банк ЦентрКредит пен Altyn bank бар. Үшеуі де ипотеканың түр-түрін ұсынады. Бірақ үй сатып алуға тимді деген екі бағдарламаны қарастыруға болады. Біреуі – «Баспана-хит» болса, екіншісі – «7-20-25» бағдарламасы. Мәселен, зейнетақы жинағын алған адам үйді алғаш рет алса, онда 7 проценттік ипотеканы рәсімдеуге мүмкіндік бар. Оның шарттары барлық банкте бірдей.

«7-20-25″ бағдарламасы бойынша ипотека алсаңыз, 16 миллион теңгеге түсетін үйдің 20 процентін, яғни 3,2 миллион теңгесін алғашқы жарна ретінде салу қажет. Соның ішінде зейнетақы жинағы да бар. 25 жылдың ай сайынғы ипотекалық төлемі 90 500 теңге болады. Сонда сіздің жалақыңыздың көлемі осы төлемнен екі есе артық болуы шарт. Одан кем болса, қосалқы қарыз алушыны тарта аласыз», – дейді банк қызметкерлері.

Ал зейнетақы жинағының есебінен екінші немесе үшінші үй алынса, «Баспана-хит» бағдарламасын қолдануға тура келеді. Себебі оның шарттарында баспананың саны жағынан шектеу жоқ. Оның проценттік мөлшерлемесі – 10,75. Ал жылдық сыйақының тиімді мөлшерлемесі 11,3 процентті құрайды. Кепілге сатып алынатын үйдің өзі қойылады.

«Осы бағдарлама бойынша 16 миллион теңгенің пәтері болса, 20 проценті – алғашқы жарна, қалған ақша кредитке алынады. 15 жылға рәсімделетін ипотеканың ай сайынғы төлемі 143 481 теңге болады», – дейді банкирлер.  

Кем дегенде үш жыл жинау керек

«Отбасы банкі» зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға пайдалану бойынша бірыңғай оператор ретінде тағайындалған болатын. Бұрын тұрғын үй құрылысы жинақ банкі болған мекеменің шарттары өзгермеген. 5 проценттік ипотеканы да рәсімдеуге болады. Алайда ондай кредит бірден берілмейді. Үй бағасының 50 процентін, кем дегенде үш жыл жинау керек. Кредиттің жартысын бірден салып, 5 проценттік ипотека алуға болмайды. 

«Ақшаны үш жыл жинамай, 50 процентін бірден салған адамдар бірден 5 проценттік кредит ала алмайды. Себебі ол ақша үш жыл тұрғын үй жинақ жүйесінде жатуы керек. Әйтпесе, әділетсіздік болады. Біреулер үш жыл жинайды. Содан кейін ғана 5 проценттік кредит алады. Ал кейбіреулер 50 процентін құйып, бірден сондай кредит алғысы келеді», – дейді орталық филиалдың директоры Жансұлтан Матай.

Оның айтуынша, ипотеканың жартысы бірден құйылса, ол ақша депозитте жатады. Оған жылдық мемлекеттік сыйақы жүреді. Оның көлемі – 20 процент. Сондай-ақ, банктің 2 процент көлеміндегі үстемақысы қосылады. Бірақ ипотеканың мөлшерлемесі 8 процент болады.

«Себебі сіздің депозитіңіз үш жылдай тұрады. Ал үйдің ақшасы басқа қаржы көздерінің есебінен өтеледі. Үш жылдан кейін депозит нақты көрсеткіштерге жеткен соң, ипотеканың жартысын жабуға жіберіледі. Ал кердиттің мөлшерлемесі 5 процентке дейін төмендейді», – деп атап көрсетті Матай.

Айтпақшы, зейнетақы жинағының есебінен пәтерді бірінші болып рәсімдеген шымкенттік жігіт те тура осы ипотеканы рәсімдеген. Оған 8 проценттік аралық займ берілді. Ал үш жылдың ішінде депозиттің барлық шарттары орындалса, проценттік мөлшерлеме 5 процентке дейін түседі.

Исламдық қаржыландыру қаншалықты тиімді?

Зейнетақы жинағы есебінен тұрғын үй сатып алу ережесінде исламдық қаржыландыру тетіктері де қарастырылған. Бұл дегеніміз, «Al Hilal» банкі сияқты қаржы ұйымдарынан процентсіз ипотека рәсімдеуге болады. Осы банктің ресми сайтында исламдық ипотеканың бір түрі ғана көрсетілген. Ол –  «Мурабаха» ипотекасы. Оның шарттарына сәйкес, банк пәтерді өзі сатып алады. Сосын оны үстеме бағамен сатады. Ипотека алған адам үйдің бағасын да, банктің үстеме бағасын да біліп отырады. Ал ай сайынғы жарналар барлық мерзімге тең бөлінеді. Бірақ ипотеканың мерзімі ұзарған сайын банктің үстеме бағасы да өседі.

Мысалы, 16 миллион теңгенің пәтерін алу үшін алдымен 30 процент, яғни 4,8 миллион көлемінде алғашқы жарна құю қажет. Ипотеканың мерзімі үш жыл болса, банктің үстеме бағасы 2 424 116 теңге болады. Ал ай сайынғы төлем 378 448 теңгені құрайды. 15 жылға рәсімделген «Мурабаханың» үстеме бағасы 12 миллионға дейін барып қалады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<