Қазақстанда қатаң карантин енгізіледі – Бас санитарлық дәрігердің қаулысы шықты

1656

0

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 5 шілдеден бастап Қазақстан аумағында қатаң карантин шараларын енгізу туралы қаулысы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасының халқы арасында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында «Пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулар тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 130 бұйрығына және «Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 239 бұйрығына сәйкес

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі авиарейстердің бағыттары мен жиілігін көбейтпей, өңірлер арасындағы авиақатынастарды сақтауды қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы:

1) жолаушылардың темір жол тасымалы көлемін қысқартуды қамтамасыз етсін;

2) қала маңындағы жолаушылар поездарының (электричка, жұмыс поездарын қоспағанда) қозғалысын тоқтата тұрсын;

3) жолаушылар поездарының құрамында жалпы вагондарды құруды болдырмасын.

3. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, Орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар :

1) қалааралық автобус тасымалдарын тоқтата тұруды;

2) ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелер, форумдар, конференциялар, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларын (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, ас беру), оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салуды;

3) азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды қоспағанда, сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің қызметіне тыйым салуды;

4) ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютер клубтары, түнгі клубтар, боулинг орталықтары, аттракциондар, балалардың ойын алаңдары, батуттар және басқалары), кинотеатрлардың қызметіне тыйым салуды;

5) барлық мәдениет объектілерінің (театрлар, концерт ззалдары, мұражайлар, көрмелер және т.б.) қызметіне тыйым салуды;

6) діни объектілердін (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагога және т.б.) қызметін тоқтата тұруды;

7) балаларды сауықтыру лагерьлерінің, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, балалардың түзету кабинеттерінің, білім беру орталықтарының, балаларды дамыту орталықтарының, үйірмелердің, балалар мен ересектерге арналған курстардың қызметіне тыйым салуды;

8) фудкорттар, банкет залдарының қызметіне тыйым салуды;

9) СПА-орталықтардың, жаттығу залдарының, фитнес-орталықтардың, спорттық-сауықтыру орталықтарының, бассейндердің, қалалық, қоғамдық жағажайлардың, ашық аквапарктердің, қоғамдық моншалардың, сауналардың, сұлулық салондарының, шаштараздардың, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондардың қызметіне, маникюр мен педикюр көрсетілетін қызметтеріне тыйым салуды;

10) жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарларының қызметіне тыйым салуды;

11) 500 м2 артық азық-түлік емес дүкендердің тек жеткізу қызметін;

12) 65 жастан асқан тұрғындардың және 3 адамнан артық топтардың жүріп-тұруын шектеуді;

13) қоғамдық көліктің қозғалысын шектеуді;

14) өңірлер арасында жеке автокөліктің жүріп-тұруына рұқсат беруді;

15) әлеуметтік қашықтықты және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың, кәсіпорындардың), квазимемлекеттік сектор органдарының, ұлттық компаниялардың, өзге де ұйымдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне рұқсат беруді қамтамасыз етсін. Бұл ретте қызметкерлердің кемінде 80%-ы қашықтықтан жұмыс нысанында қалады (штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болғанда);

16) аймаққа бөлу және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режим талаптарын сақтай отырып, медициналық орталықтардың (жазылу бойынша) қызметіне рұқсат беруді;

17) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып және 50 % -нан асырмай толтыра отырып, халықтың тұруы бойынша қызмет көрсету саласындағы туризм объектілері мен ұйымдарының (қонақүйлер, отельдер, демалыс үйлері, туристік базалар және т.б.) қызметіне рұқсат беруді;

18) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып дәріханалардың, азық-түлік дүкендерінің (шағын маркеттер, супермаркеттер, гипермаркеттер), азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың (ғимараттан тыс) қызметіне рұқсат беруді;

19) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, ұжымдық іс-шараларды өткізбей, ашық ауадағы және үй-жайда 30-дан аспайтын отыратын орын орната отырып, қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне рұқсат беруді;

20) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, үздіксіз өндірістік циклі бар өнеркәсіптік кәсіпорындардың; ашық ауадағы құрылыс жұмыстарының, ауыл және балық шаруашылығының, мал шаруашылығының қызметіне рұқсат беруді;

21) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, уақыт бойынша шектеу арқылы халыққа байланыссыз қызмет көрсету объектілерінің (автомобиль жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы жөндеу және басқалары) қызметіне рұқсат беруді;

22) уақыт бойынша шектеу арқылы және күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, бизнес-орталықтардың (адвокат, нотариус, бухгалтер және консалтинг көрсетілетін қызметтері, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, сот орындаушылары және т.б.), букмекер кеңселерінің қызметіне рұқсат беруді;

23) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, уақыт бойынша шектеу және қызметті барынша онлайн форматта көрсету арқылы ХҚКО-ның жұмысын ұйымдастыруды;

24) күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, уақыт бойынша шектеу және қызметті барынша онлайн форматта көрсету арқылы «Қазпочта» АҚ-ның жұмысын ұйымдастыруды;

25) әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, 3 адамнан аспайтын топтармен немесе бір отбасы мүшелерімен ойын-сауық объектілері жоқ саябақтарға, алаңдар мен скверлерге, жағалауларға және халықтың басқа да демалыс орындарына баруға рұқсат беруді;

26) ашық ауадағы жеке жаттығуларға рұқсат беруді;

27) қоғамдық көлікке, таксиге, өнеркәсіптік аумақтарға, әуежайларға, аулалық балалар алаңдарына, азық-түлік және азық-түлік емес базарларға және басқа да қоғамдық орындрға санитариялық және дезинфекциялық өңдеу жүргізуді;

28) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің актісіне сәйкес уақыты және саны бойынша шектей отырып, қаржы нарығы субъектілерінің қызметіне рұқсат беруді қамтамасыз етсін.

4. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері, облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының полиция департаменттері қызметіне рұқсат берілген объектілерде карантиндік шаралардың, санитариялық-дезинфекциялық режимнің сақталуын бақылауды қамтамасыз етсін. Бұзушылықтар анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолдансын.

5. Тиісті аумақтағы, көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы.

6. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

7. Осы қаулы 2020 жылғы 5 шілдеде 00 сағат 00 минуттан бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының

Бас мемлекеттік

санитариялық дәрігері А. Есмағамбетова

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<