Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылы Сыр еліне жұмыс сапары барысында «Арай-2» шағын ауданындағы тұрғын үйлерді пайдалануға беру салтанатына қатысқан болатын. Салтанатта Тұңғыш Президент жас отбасының қуанышына ортақтасып, қоныс тойымен құттықтап, дастарханнан дәм татты.
Бұл Шалқар Демес пен Айзада Бұрханованың отбасы еді. Олар – білім саласының қызметкерлері. Отағасы облыстық білім басқармасында еңбек етсе, жары – қаладағы №2 «Мұрагер» мектебінде ұстаз. Баспаналы болуды армандап, үй кезегіне тұрған. Қоныс тойына Елбасы қатысқан сәт естен кетпейді. Отанасы Айзада:
– Елбасының Қызылорда қаласына сапары біз үшін үлкен қуаныш болды. Содан бері бұл күн отбасымызда мереке. Үй кезегіне тұрғанымызға 5 жыл болған. Үш баламыз бар және тағы бір сәбиімізді күтіп отырғанбыз. Балаларымыз да ерекше қуанды. Әлі күнге дейін достары мен сыныптастарына үйімізде Елбасының өзі қонақта болғанын мақтанышпен айтады. Нұрсұлтан Әбішұлы қыздарыма ақ батасын берді.
Балаларым сол сәттің естелігіндей фотосуретке қарап, «болашақта білікті маман болып, ата-анамыздың сенімін ақтаймыз» деп уәде берген. Бүгінде үлкен қызым Самал М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледждің 4-курс студенті. Оқуын аяқтаса, еліне қызмет етуге даяр. Ал, Жанерке мен Гүлсезім мектепте оқиды. Үлгілі, озат оқушы. Жетістіктері де аз емес,– дейді көпбалалы ана.
Жаңа қонысқа келген соң бұл отбасы үш қыздан кейін ер баламен толықты. Ата-анасы, туған-туыс ырымдап, баланың атын Нұрсұлтан қойды. Қазір кішкентай Нұрсұлтан 5 жаста. Қабілеті ерекше. Алғыр, өте бауырмал. Ата-анасы оның болашағынан зор үміт күтеді. Нұрсұлтанның ізінен Аяна есімді қарындасы ерді.
Отағасы Шалқардың айтуынша, баспанасы құтты шаңыраққа айналған. Жылдан-жылға жағымды жаңалықтары еселеніп, қонағы үзілмей келеді.
– Жыл сайын біз секілді қаншама жас, көпбалалы отбасы баспанаға қол жеткізіп, жылы да сапалы үйлерде бақытты өмір сүруде. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында баспаналы болған бақытты шаңырақтар қатарынанбыз. Берекелі ұямызда өніп-өсіп, балаларымыздың қуанышына бөлену және ол қуанышты бастапқыда Елбасымен бөлісу біз үшін бақыт бастауындай болып қала береді, – дейді ол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<