Биыл облыста су тасқынының алдын алу мақсатында қорғаныс бөгетінің 3 учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, 2 гидротехникалық құрылғы салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Әлиев мәлімдеді.
– Облысымыз Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан жоғарыдан келетін су көлемі – маңызды мәселе. Себебі, қыста өзен арнасының су өткізу қабілеті біршама төмендейді, оның үстіне құбылмалы ауа райында өзен бетіндегі ұстасқан мұз еріп, сең кептеледі. Бұл су деңгейін көтеріп, өзеннің осал тұстарынан асып кету қаупін туындатады. Осыған орай, өңірде жыл сайын су тасқынының алдын алу үшін арнайы құрылған жұмыс топтары қорғаныс бөгеттеріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қауіпті учаскелер анықталады. Оған қажетті қаржы бөлініп, аса қауіптілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде дария деңгейін бақылауда ұстап тұруға арнайы техника, жауапты мамандар бекітілді. Күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Дариядан келер қауіп жоқ, – деді Бағдат Исламбекұлы.
Өткен жылы қорғаныс бөгетінің 16 учаскесі жөнделіп, тазалау жұмыстары жүргізілді. Биыл Арал ауданы Аманөткел ауылының Жасұлан каналындағы шлюз-реттеуішке ағымдағы жөндеу, Қармақшы ауданы Абыла елді мекеніндегі Тойымбет каналына 2 көзді су тоспасын салу, Шиелі ауданы Тартоғай кентіндегі Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетіне ағымдағы жөндеу жүргізу көзделуде.
Жалпы су тасқынының алдын алу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<