Оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар…
Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің бұл сөзі ұрпақтың ұранына айналды. Бұл орайда қала тұрғындары үшін бір жақсы жаңалық – кітап дүкені ашылды. Күннің жексенбі екеніне қарамастан, дүкеннің ашылуына келген тұрғындардың белсенділігі жоғары. Кітап дүкенінің егесі Нұрбек Серікбаев бұл жұмысты көптен бері ойланып, іске асырғанын айтты. Білуімізше, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бастау алған бұл жоба Сыр өңірінде жалғасын тапқан.
Сөрелерде қазақ қаламгерлерінің туындыларынан бастап, шетел әдебиеттері және балаларға арналған шығармалар толып тұр. Дүкенге келушілер де өз емін-еркін таңдауын жасап, қалаған кітаптарын сатып алып жатыр. Жаңа дүкеннің ашылуына қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов қатысып, бұл жаңалықтың аймақ тұрғындарына әсері айрықша екенін айтты.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қарапайым тұрмыстың талабына қарай материалдық қажеттіліктер алға шығып, рухани құндылықтар қалыс қалғаны рас. Оны жасыруға болмас. Дегенмен, адамның ой-санасы, таным-талғамы ұдайы дамып отырмаса, біз қалаған өркениетті, зайырлы қоғам қалыптасуы қиын екенін уақыт көрсетті. Сондықтан соңғы кезде ел ішінде кітап оқитындар қатары көбейіп келеді. Әсіресе, бұл бастамаға жастардың бетбұрысы қуантады. Әр отбасында өсіп келе жатқан бала ұлттық ұстанымға сай тәлім-тәрбиені әлеуметтік желідегі кейбір қажетсіз ақпараттардан емес, кітап оқу арқылы бойына сіңірсе, қандай керемет?!
Кітап дүкенін ашқан кәсіпкер азаматқа көптен-көп рахмет. Келешекте тұрақты оқырмандары қалыптасады деп ойлаймын, – деді А.Есжанов.
Шараға Қорқыт ата атындағы университет студенттері қатысып, әдемі ән-жырларымен көпшілікке көңілді әсер сыйлады.
Иә, орыс халқының ұлы жазушысы Максим Горький: «Өз бойымдағы барлық ең жақсы қасиеттерім үшін кітапқа қарыздармын» деген екен. Кемеңгердің бұл ойымен келіспеу мүмкін емес. Руханият әлеміне талпынған сайын кітап өміріміздің бір бөлшегіне айналды.
Дүкеннің ашылу рәсіміне мен де қатыстым. Себебі, бүгінгі таңда кітабын шығарып, қалай өткізерін білмей жүрген шығармашылық адамдарына бұл жақсы қолдау болады деген ойдамын. Кітап сөрелеріндегі Абай, Мұхтар сынды әлем таныған ақын-жазушылардың шығармаларымен қатар алақандай кітабың сатылымда тұрғаны қандай керемет?! Ал өзім көп ойланбай ақын Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар» кітабын сатып алдым.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<