Кеше Бішкекте Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшілігі Республика күнін мерекелеуге орай ресми қабылдау ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараның қонақтары арасында Қырғыз Республикасының мемлекеттік құрылымдарының басшылары, Бішкекте тіркелген шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, бизнес, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, БАҚ өкілдері, сондай-ақ қазақстандық диаспора қатысты.
Қабылдауда сөз алған Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рәпіл Жошыбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы басты жетістіктеріне тоқталды. Еліміздің ішкі жалпы өнімі осы жылдар ішінде 18 есе өскені, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 350 миллиард АҚШ долларынан астамға жеткені айтылды. Еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі сияқты ұйымдарды құрудағы шешуші рөлі ерекше атап өтілді.
Өзінің құттықтау сөзінде Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Н.Ниязалиев Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамудағы, келісімді қоғам мен тұрақтылықты қалыптастырудағы, оның халықаралық аренадағы орны мен беделін нығайтудағы таңғаларлық табыстарын атап өтті.
Қырғызстанның бірқатар мемлекеттік, қоғамдық-саяси және мәдени қайраткерін, бизнес және БАҚ өкілдерін екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін наградалармен марапаттау шара бағдарламасының ерекше бөлігі болды.
Сондай-ақ қонақтар назарына Қазақстанның жетістіктері мен қазақ-қырғыз қарым-қатынасының дамуы туралы бейне және фотокөрме ұсынылып, қазақ және қырғыз халық музыкасын орындаған өнерпаздардың өнер көрсетуі, қазақтың ұлттық тағамдары да ұсынылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<