ҚазАқпарат – Қызылорда облысында халықаралық стандарттарға сай әуежай терминалы қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыр өңірінде әуе көлігі бойынша Қорқыт Ата әуежайы арқылы аптасына 23 тұрақты рейс қатынайды. Тоғыз айдың есебі бойынша әуежайда 103,18 мың жолаушыға қызмет көрсетілген. Қазіргі таңда әуежайдың қолданыстағы жолаушылар терминалын кеңейтуге жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Оған мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. «Жобаға сәйкес, терминалдың ауданы қазіргіден екі есеге ұлғайтылады. Яғни шамамен 1400 шаршы метрге кеңейеді. Кеңейтілген әуежай терминалында барлық халықаралық стандарт талаптарына сай жолаушыларға қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар қарастырылады», – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тлеумбетов. Сондай-ақ, биыл автомобиль көлігі арқылы 52,3 млн. жолаушы тасымалданды. Коронавирус пандемиясы жолаушылар ағымының төмендеуіне әсер етті. Жолаушылар мен тасымалдаушыларға қала мен аудан орталықтарындағы 3 автовокзал және 8 автостанса қызмет көрсетуде. «Өңірден өтетін магистральдық темір жол желісінің жалпы ұзындығы – 1051,7 шақырымды құрайды. Ал жолаушыларға 8 темір жол вокзалы қызмет көрсетеді. Облыс аумағынан барлығы 19 жұп жолаушы пойызы, оның ішінде облыс орталығынан 5 жұп пойызы ұйымдастырылған. Еске салсақ, Қызылордада биыл ұзындығы 355 шақырым автомобиль жолы мен көпір өткелі жөндеуден өтті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<