– Шымкенттен ұшпаймыз, Қызылордадан ұшамыз! – дейді Глухов жоспарын күрт өзгертіп.
– Сендер қатты қателесесіңдер, Қызылорда – кішкентай қала. Оның әуежайы тар. Транспорттық ұшақтар ұша алмайды, – деді полковник үзілді-кесілді қарсы болып.
– Онда Байқоңырға тарт.
– Байқоңырды білесің бе, сен, Глухов?! – деп қаттырақ сөйледі Михаил Юнусович бұл жолы. – Байқоңыр – деген космодром! Космосқа корабль ұшатын жер. Сондықтан тұтастай әскериленген. Оның үстіне Байқоңыр Ресейдің билігінде. Онда барсақ, Москвадан көзді ашып-жұмғанша «Альфа» ұшып келеді. «Альфа» сенімен біз сияқты сөйлеспейді. Заложниктер де керек емес оларға. Тас-талқаныңды шығарады. Атып үлгермейсің. Білесің бе, сен, оны?!
Осылай деген соң ғана, «Икарус» кері бұрылды.
Жолда Шымкент облыстық ІІБ бастығы, генерал Темірхан Дуабекұлы Дуабеков рациямен «әуежайдың дарбазасынан кірген бойда, бірден қатты жүріп кетіңдер» деп нұсқау бере бастады. Ол қай дарбаза екенін біле алмаған Бапан Әубәкіровтің «иә, иә, түсіндім, қақпадан кірген бойда қатты жүріп кетеміз» демеске амалы қалмады. Бағана Қызылордада қалған орынбасары подполковник Сейілхан Аяпбергенұлы Байжановқа хабарласқанда ол капитан Әмірбек Бердібекұлы Шаймағанбетов екеуі МАИ-дың кезекші бөлімінде отыр екен. Оларға Шымкенттің автоинспекция бастығымен байланысуын, сөйтіп олардың қалаға кірер жерде МАИ-дың машинасымен күтіп алуын тапсырған. Демек, Шымкент қаласының шекарасына дейін шыдау керек.
***
Шымкент облыстық ҰҚК басқармасының бастығы, генерал Есенгелді Мустафетовке қарулы қылмыскерлер кепілге алған «Икарустың» Шымкентке қарай келе жатқаны хабарланған-тұғын. «Егер транспорттық самолет дайындалмаса, заложниктерді біртіндеп ата бастаймыз. Біз өлім жазасына кесілген адамдармыз, бізге бәрібір!» деген қос қылмыскердің «сәлемдемесін» де қоса жеткізген. Осыдан соң Мустафетов те қалайда «Набат» операциясына тәуекел ету керек деген қорытындыға келеді. Автобус пердесінің қалай бекітілгенін білу осы кезде қажет болған.
– Егер перделер зауыт бекіткен күйінде тұрса, онда штыкпен тесе алмайсың. Сонда қалай шабуыл жасамақсыңдар? – деп әскери ұшқыштар полкінің командирі көңілге күмән салып қойды. Мұны естіген республикалық ҰҚК бастығының орынбасары Леонид Сергеевич Дагаевтың «Мұндай жағдайда «Набат» арнаулы операциясына кірісу асығыстық» деген пікірі Есенгелді Мустафетовті тосылдырып тастады.
Расында бұндай операцияғы бұйрық беру – барлық жауапкершілікті өз мойныңа алумен тең. Басыңмен жауап беру деген сөз. Қылмыскерлердің негізгі талабын орындап, оларды ұшақпен ұшырып жіберуі – әлсіздігіңді мойындағаның. Онда сен генерал емессің. Генерал формасын киген біреусің. Генерал екеніңді дәлелдеудің жалғыз жолы – террористердің жолын кесу. Қолға түсіру. Атып тастау. Әрі оны кепіл адамдар мен сарбаздарды сақтай отырып орындау. Басқа жол жоқ. Иә, басқа жол бар, бірақ ол – абыройсыз жол. Өмір бойы бетіңе шіркеу салар жол. Ол – қанішерлерді кепіл адамдар түгел опат болған соң ғана қолға түсіру. Оның, әрине, мағынасы аз.
Шабуыл барысында кепілдегілер мен сарбаздардың кейбірі шығын боп жеткен жеңіс те толыққанды жеңіс емес, ол да тексерусіз қалмайды. Осыған дейін Кавказда, Кеңес Одағының басқа да жерлерінде болған осыған ұқсас бес-алты оқиғадан жақсы хабардар. Олардың бәрі діттеген мақсатқа шығынмен ғана қол жеткізді. Сол үшін бұйрық берген лауазымды тұлғалар қызметі мен шенінен, тіпті осыған дейін алған марапаттарынан айырылды. Тіпті біреуінің зейнет демалысына шығуына бірер ай ғана уақыт қалған екен. Кей жағдайда қызметтік тексеру, қылмыстық қудалау да болуы мүмкін. Өзі де офицер ретінде жас емес, келер жыл көктемде елуге толады. Алайда шеннен де, қызметтен де абырой артық, ол бәрінен биік тұрады. Генералдық пагонсыз да өмір сүруге болатын шығар. «Өлімнен ұят күшті» деген баяғының шалдарынан қалған сөз бар.
Есенгелді бұл ойларын Леонид Сергеевичке ежіктеп айтып жатпады.
– Сонда, сіз, менің шешіміме қарсысыз ба? – деп сұрақты төтесінен қойды.
– Жоқ, қарсы емеспін – деді Догаев. – Заложниктермен бірге отырған бандиттерге оқ атуға бәрібір прокурордың санкциясы керек.
– Ал, сіз, санкция бересіз бе? – деп Есенгелді сол арада отырған Бас прокурордың орынбасары Александр Эмануилович Буксманға бұрылды.
– Ол үшін Бас прокурорға рапорт жаз!
– Осы жеті қараңғы түнде ме?
– Заңдылық солай. Оны менен несіне сұрайсың? – деп қашқақтады ол. – Айтпақшы, өзіңнің облыстық прокурорың жаныңда ғой.
Мәселенің мәнісін онсыз да түсініп отырған облыс прокуроры Владимир Шведюк сөзге келтірген жоқ:
– Бұлар онсыз да өлім жазасына кесілген бандиттер! Сондықтан оларға қаратып оқ атуға бола ма, болмай ма деген сөз, сөз емес. Қол қою ешқайда қашпайды, ертең қойып берем. Сондықтан бере бер бұйрығыңды! – деп бір-ақ кесті.
Әскери дабыл сонан соң ғана қағылды.
Әуежайға жылдамдатып дәл сондай «Икарус» автобусын әкелдіріп, жаттығуға кірісуіне бұйрық берді. Методикасы алдын ала талқыланып, алдын ала жасақталған ол жаттығуды Алматыдан Шиелі арқылы ұшып келген Аманғали Баталовтың сарбаздары сол жерде бірнеше рет пысықтады. Шабуылды қай жерде бастайды? Қалай бастайды? Қашан бастайды? Кім қай жерде тұрады? Кімнің қимылы қалай болмақ? Бәрін-бәрін, ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай түп-түгел қайталап жасап көрді.
Автобустың терезе шынылары баспен бір пергеннен қалмай күйреп түсу үшін сарбаздардың шлеміне қосымша темір байланды.
Мергенді жақын тұрған ғимарат үстіне орналастырды. «А» тобының сарбазы Сергей Яшенко ұшақтың бортинженері болып киініп, ұшқыштар қатарына барып тұрды. Кім біледі, қылмыскерлерді ұшаққа отырғызатындай да жағдай боп қала ма? О да мүмкін ғой. Ал ұшақтың өзі автобуспен келгенде көзге анық көрініп тұратындай ашық жерге қойылды. Бірақ Глухов талап еткендей «Ил-76» емес, «Ан-24» болатын. Бір жақсы жері ол екі ұшақ, «Ан-24»-тің көлемі сәл кішілеу демесең, бір-біріне ұқсайды. Жалғыз айырмашылық «Ил-76»-да төрт мотор, «Ан-24»-те екі матор. Алайда сценарий бойынша, жолдан шаршап әрі жүйкесі құрып келген қылмыскерлер оны аңғарып үлгере алмайды деп есептелген.
***
Басқа жол жоқ!
Осы сөз «А» арнаулы жасағының сарбаздарын басқарып келген Аманғали Баталовты тәуекелге жетеледі.
Францияда автобусты басып алған терроршыны мерген атып түсірген болатын. Онда да ол ашық терезеден анық көрініп қалған. Мерген сол кезде қалпағын қайырып үлгерген. Әрі ол көлікте жалғыз терроршы еді. Мынау сияқты екеу емес. Ал мерген бір мезгілде екеуін бірдей құрта алмайды. Сондықтан… тек шабуыл.
Таңертең сағат тоғыз шамасында автобус әуежайға келіп кірді. Сырт көзге күдік тудырарлықтай дәнеңе жоқ. Сол баяғы бейғам Шымкент. Дала жап-жарық. Қызыл «Икарустың» алдында жол бастап келе жатқан МАИ-дың көк жолақты көлігі ұшу алаңының қақпасына енген бойда, ұшаққа қарай зымырай жөнелді. Оның соңында автобус. Қазір солға бұрылуы тиіс. Жолдың сол жақ бетінде елеусіз ғана, халық «таблетка» атандырып жіберген қызғылт сары «УАЗ» тұр. Соны жанап өте бергенде… кенет автобустың оң жақ бетінен естілген тарсыл-гүрсіл жарылыс жер-дүниені сілкінтіп жіберді. Жарқ-жұрқ етіп маңайға от шашырады. Қара түтін бұрқ-бұрқ көкке жайылды. Сол сәт алдыңғы жақтан ызғып келе қалған, қар күрейтін ауыр «ЗиЛ» автобусты сүзіп кеп қалсын. Оның рөлінде автоматты мылтықпен қаруланған «А» арнаулы жасағының сарбазы отырғанын ешкім білген жоқ. Осы замат «УАЗ»-дың тасасынан әлекедей жаланған сарбаздар ыршып шығып, автобусқа лап қойды. Тарс етіп соғысқан дыбыспен қатар, сау етіп терезе шынысы күйрей төгілді. Күйреп түскен терезеден сарбаздар ішке сүңгіп-сүңгіп кетісті. Тарс-тұрс оқ атылды. Усов сол сәтте сеспей қатты. Глуховқа да оқ тиді. Сонан соң, бір сәт тым-тырыс бола қалды. Тапсырма өте-мөте тез, көзді ашып-жұмғанша орындалғаны сонша, сол маңда, талға қонақтап отырған қара қарға қанатын қағып үлгермеді.
***
Соңғы сәтке дейін күдік пен үмітке кезек ерік берген Глухов Шымкентке кіріп, әуежайға қол созым жер қалғанда оқшау тұрған ұшақты көзі шалып қалған-тұғын. Қуанып үлгермеді, гүрс-гүрс еткен құлақ тұндырар оқыс дауыстан есі шығып кетті. Не болғанын түсінсе бұйырмасын. Осы жаңа ғана ұшқындап қоя берген үмітінің быт-шыт боп күйрегені ме? Шопырға кезеніп тұрған пистолеттің шүріппесін еріксіз басып қалғаны сол, тарс еткен дауыспен бірге өзі де жалп етіп, құлап түсті. Одан әрі не болғанын аңдай алмады, алапат бір дүлей күш үйіріп соққаны сондай, жерге жапсырып тастапты. Көзі қарауытып бара жатты.
***
Жарылыс болған беттен біреу автобусты айдап келген Александр Шехонинді демеп, сыртқа алып шықты. Оны полковник Бапан Әубәкіров пен капитан Абдолла Нұрғалиев дайын тұрған «Жедел жәрдем» көлігіне мінгізіп жіберді. Оқ оның шекесін жалап өткен екен. Қан білініп тұр.
Соның артынша үш сарбаз әлдекімді әспәлт бетімен дырылдата сүйрей-мүйрей жүгіре шығып, үстіне қона кетісті. Арттағы машинадан түсе сала жедел жеткен Михаил Дәуенов оның Глухов екенін бірден таныды. Кәпір неме көзі алайып, қырылдап өлгелі жатыр. Қанжарын қолынан тастамапты. Саусақтары қарысып қалған. «Кешеден бергі азарың ба… атаңа нәлет!» Дәуенов оны маңдайдан тарс еткізіп атып салмақ боп пистолетін суырып алғаны сол екен, біреу сабырға шақырып, былай қарай жетелей берді. Қараса, Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Қуанышбек (Ахан) Жаңабергенов. Михаил сонда ғана қатты қалжырағанын сезінді. Тілі аузына сыймай шөлдеп бара жатты.
***
ӘҢГІМЕГЕ ҚОСЫМША:
Глухов автобусты айдап келе жатқан Александр Шехониннің желкесіне пистолет тақап тұрған. «ЗиЛ»-мен соғысқан кезде атып үлгергенімен, қолы тайып кетіп, оқ оның шеке терісін ғана сыдырып өтеді. Оқиға басылған соң МАИ қызметкері, капитан Абдолла Нұрғалиев «Жедел жәрдем» әкеткен Шехонинді Шымкенттің бір ауруханасынан тауып алып, кері қайтады. Қызылордаға келген соң, «Александр Шехонин – Самара қаласының тұрғыны. Ол Қызылорда облысында автобусты кепілге алған қылмыскерден жолаушыларды аман-сау алып қалған батыр» деп жазып, МАИ-дың мөрін басып, қолына арнайы хат ұстатады. Капитан жазып берген осы хатпен ол Қазақстан жолдарында бір жыл бойы кедергісіз жүріп-тұрады.
Кейін оның осы ерлігі үшін жұмыс орнына алғыс хат жолданған, бағалы сыйлық – бейнемагнитофон сыйға тартылған және Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Глухов ауыр жараланып, артынша өледі.
Екінші қылмыскер – автобустың арт жағында тұрған Сергей Усов шекесіне оқ тиіп, сеспей қатқан.
Автобустағы кепіл адамдар да, шабуылдаған сарбаздар да дін аман. Жараланбаған. 80 жастағы жолаушы ақсақалдың ғана сол өкшесін оқ жалап өткен.
Дүние жүзі бойынша тұңғыш рет ешқандай шығынсыз атқарылған осы операция туралы шетел баспасөзі таңғала жазып, телеарналардан көрсеткен.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы мен Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі академиясы қазақстандық «Набат» операциясының методикасын оқу құралы ретінде әлі күнге дейін оқып келеді.
«Набат» операциясы шабуылына 13 сарбаз қатысқан.
Шабуылға қатысқан сарбаздарды (А.Баталов, А.Аблақов, В.Василенко, В.Волосников, А.Головкин, С.Жұмабеков, В.Калиновский, И.Кочергин. В.Кузнецов, А.Медетов, С.Семенов, И.Соловьев, В.Хохлов) сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, Құрмет грамотасымен марапаттаған. Қазақстан тәуелсіздігін енді алған кезде бұдан басқа марапат түрі болмаған. Кейін олар «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Осы операцияның сәтті өтуіне Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен оның арнаулы «А» жасағынан басқа, Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының, оның ішінде МАИ қызметкерлерінің еңбегі орасан зор болды.
(Соңы.
Басы өткен сандарда)
АВТОРЛАРҒА АНЫҚТАМА
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ
Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында мұғалім, Қызылорда облыстық телерадиокомпаниясында, «Хабар» телеарнасында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде, «Жұлдыз» әдеби журналында бөлім меңгеруші қызметін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы.
Әмірбек Шаймағамбетов
Өскемен жол құрылысы институты мен Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Полиция полковнигі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<