Қызылорда-Жезқазған тас жолының жөндеу жұмыстары Қызылордадан басталмақ

926

0

Көп жылдардан бері Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ескі тас жолдың жөнделіп, заманауи стандарттарға сай болуы қоғам тарапынан жиі талқыланып келді.

Бұл мәселені Қызылорда облыс әкімдігі жыл басында бірнеше мәрте үкіметтік деңгейде көтерген. Қос өңірдің халқы үшін ірі маңызға ие Қызылорда-Жезқазған тас жолын жөндеу жұмыстарыбиыл жүзеге асатын болады.


«Күні кеше Қазақстан Үкіметі тарапынан «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар тұратын Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойды.Компания бұл қаржыны Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына бөлмек. Жолды салу бағыты Қызылорда облысы жағынан басталады», – деді аймақ басшысы.


Айта кетейік, аталған тас жол Қытайдың батысы мен Ресейдің Орал өңірін байланыстыратын Е123 стратегиялық бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жақсартады.

Жоба аймақтардың байланысын жақсартуға, жол қозғалысы қауіпсіздігі стандарттарының жоғарылауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, еліміздің ұлттық автожол жүйесінде электромобильдерді қолдануды қамтамасыз ететін жол инфрақұрылымын құруға әзірлік стратегиясын жасауға көмектеседі.

Жоба қазіргі кезде жиілеп кеткен ауа райының құбылмалы жағдайында жол тұрақтылығын арттыруды, жолдардың климаттың өзгеруіне бейімделуін қамтитын іс-шараларды қарастырады.


Қазір Сыр елінде жалпы ұзындығы 3398 шақырымды құрайтын автокөлік жолы бар. Оның ішінде 1016 шақырымы республикалық, қалған бөлігі – облыстық және аудандық деңгейдегі жолдар. Биыл жол жөндеу мақсатында барлық қаржы көзінен 19 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде ұзындығы 488 шақырымды құрайтын автокөлік жолы, көшелер мен жолаушылар өткелі жөнделуде.

397 шақырым автомобиль жолдарын, көпір өткелдері мен көшелерді жөнделетiн болады. Бұл жақсы жағдайда тұрған жолдардың үлесін 70%-тен 75%-ке дейін арттырады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<