Қызылордада 23 мыңға жуық тал көшеттері отырғызылды

1146

0

Бүгін «Тағзым» мемориалында бірқатар ел ағалары және ардагерлер мен бірге қала әкімі Ғанибек Қазантаев тал көшеттерін отырғызды.


Бұл күні «Тағзым» алаңы 200–ден аса тал көшетімен толықты. Қаланың таза әрі жасыл желекке оранып, әсем кейіпке енуі әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді деген ел ағалары көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу санитарлық талап қана емес мәдениет пен талғамның белгісі екендігін атап өтті.


Атадан мал қалғанша, тал қалсын деген тағылымды тәмсілді ту етіп, игі шараға атсалысқан Мемлекет және қоғам қайраткері Қорғанбек Қайруллаұлы «Бір кездері Қызылорда жайнаған жасыл желекке толы болатын. Қазір сол қалпына қайтып келе жатыр. Қала сәулеті ажарланды» – деп, енді көгалдандыру жұмыстарын күшейте түсу керектігін айтты.
Бүгінгі шара жастық шағымыздағы пионер, комсомол ұйымдарын еске салды деп сөзін бастаған Мемлекет және қоғам қайраткері, «Ұрпақтан ұрпаққа» ҚБ төрайымы Алмагүл Божанова «Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан батыр ерлердің есімі жазылған алаңда тал егудің мақсаты тек экологиялық акцияға үлес қосу емес, арда азаматтарымызды еске алып, рухына тағзым ету деп білемін» – деді.

Қызылордада 23 мыңға жуық тал көшеттері отырғызылды


Бабалар еккен шынарды балалары саялайды деген қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы «Айналамызды таза ұстап, қаланы гүлдендіру ортақ іс. Тал егу науқандық шара болғанымен тазалық күн сайын көңіл бөлуді қажет етеді» – деп, қала тұрғындарын экологиялық акцияға белсене қатысуға және тазалық мәселесіне бей-жай қарамауға шақырды. Сонымен қатар тал егуден оны күтіп-баптаған маңыздырақ екендігін атап өткен шаһар басшысы аталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды жауаптыларға тапсырды.


Айта кетейік, бұған дейін қала аумағында «Таза қала, Таза Қазақстан» акциясы аясында 22 мың 500 түп дана ағаш көшеттері отырғызылған. Ағымдағы жылы қаламызды көркейту-көгалдандыру жұмыстары жоғары қарқында жалғасатын болады.

Қала аумағында орналасқан 51 сквер мен аллеялардың 54 мың шаршы метр аумағына гүлдер мен газондар және көше бойларына ағаш көшеттерін отырғызуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<