Kyzylorda-news.kz.Сыр өңіріне келген «Nur Otan» партиясының Хатшысы Арман Қырықбаев өңірлік партия филиалының партияішілік іріктеуге дайындығын пысықтап, арнайы есеп комиссиясы мүшелері және кандидаттармен кездесті.
Әуелі Жаңақорған ауданында болып, жария пікір-сайыс орындарының үміткерлерге қолайлылығы, дауыс беретін орындардың сақадай сай екендігіне көз жеткізді. Одан әрі облыстық перинаталдық орталығында орналасқан Қызылорда қалалық партия филиалына қарасты «Ана мен бала» бастауыш партия ұйымында болды. Партияның ядросы болып табылатын ұйымның мүшелерімен пікірлесіп, олардың партияішілік бәсекелестікке көзқарастарын білді. Ана мен баланың денсаулығына араша түсіп жүрген ақ халаттылардың еңбегіне партия басшылығы атынан ризашылығын білдірді.
«Өздеріңізге белгілі әлемді шарпыған коронавирус инфекциясы ешкімді бейжай қалдырмады. Осындай сын сағатта бірінші кезекте ақ халатты абзал жандар өзгелердің өмірі үшін аянбай күресті. Әлі де күресіп келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз адал. Сіздер арқылы өңірдің барша дәрігерлер қауымына партия басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін»,- деді Арман Қырықбаев.
Партияішілік іріктеуге тіркелген кандидаттар 7 қыркүйектен бастап үгіт насихат жұмыстарын бастап кетті. Үгіт жұмыстарының ең бір маңызды әрі барлық кандидаттар үшін міндетті болып табылатын қадамының бірі жария пікір-сайыс.
Облыстық партия филиалы бұл бағытта барлық үміткердердің қатысуымен онлайн режимде, онлайн генератор көмегімен пікірсайысқа түсетін азаматтарды топтарға бөлу жұмыстары жүргізілген. Өңірде пікір сайыс 14-28 қыркүйек аралығында өтпек. Осы орайда партия хатшысы қаладағы үміткерлер жария дебаты өтетін орынды көріп, партияішілік додаға түсіп жатқан азаматтармен бас қосып, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.
Партия хатшысы жалпы праймеризді шын мықтының бағы сыналатын айтыс өнеріне келтірді. Сондай-ақ, елдің мұңын астарлап билікке жеткізіп жүрген ақын, айтыстың ақтаңгері атанған жерлесіміз екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа ҚР Конституциясының 25 жылдығы мерекелік медалін табыстады.
Үміткерлермен болған бас қосуға өңірге арнайы келген «Nur Otan» партияcы жақтастары лигасының мүшесі, журналист Бибігүл Дәулетбекқызы да қатысты. Праймериздің тиімдігілі мол деп санайтын ол, сайлаудың әділ өтуін барынша қадағалайтынын жеткізді.
Қызылорда облысы бойынша партияішілік іріктеуге 502 үміткер тіркелді. Олардың 32 пайызы әйелдер, 22 –сі көп балалы аналар. 28 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ, 1 – қандас, 7 – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар бар. 153 үміткер партияның бастауыш ұйымдарынан ұсынылса, 349 – ы өзін-өзі ұсынушылар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<