Кеше облыстық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Белгілі болғандай ҚР Парламентінің Мәжілісі және мәслихат депутаттарын сайлау 10 қаңтарда өтеді. Сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаеваның айтуынша, саяси науқанға әзірлік жоспарға сай жүруде.
Бүгінде Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөнінде негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен аудандарда сайлау округтерін құру туралы аумақтық сайлау комиссияларының қаулылары қабылданған. Жоспарға сәйкес Парламент Мәжілісіне кандидаттарды ұсыну 10 қарашада басталып, 30 қарашада жергілікті уақытпен сағат 18:00-де аяқталса, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 10 қараша мен 4 желтоқсан аралығында жүреді. Ал партиялық тізімдерді тіркеу 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жүргізіледі.
Сонымен бірге партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлаудың қорытындыларын сайлау өткізілген күннен бастап жеті күндік мерзімінен кешіктірмей, яғни 2021 жылғы 17 қаңтарда ҚР Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Мәслихат депуттаттарын сайлау қорытындысы өткізілген күннен бастап бес күннен кешіктірмей 15 қаңтарда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды.
Жалпы сайлауда «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Бірлік» партиясы, Қазақстанның халық партиясы, «Nur Otan» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы бақ сынайтын болады. Олар сайлау кезінде өз кандидаттарын партиялық тізіммен ұсынады. Бірлескен сайлауда облыс, қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі. Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал, үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарын партиялық тізіммен таңдауға арналған. Осылайша, үш бюллетень бөлек саналып, нәтижесі де бөлек шығарылады.
Айта кетейік, мәслихат депутаттығына сайланатын депуттаттар саны 11 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітіліп, облыс, қала және аудан мәслихаттарына сайланатын депутаттар саны 152 болып айқындалды.
Мейрамгүл Дауылбайқызы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<