Жыл басынан бері су айдындарында 16 жазатайым оқиға тіркелді. Салдарынан 17 адам қайтыс болды. Өкініштісі, оның 7-уі бала. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
Шілде айының 12-сі күні «ПМК-29» саяжайы «Қалғандария» көлінде 1994 жылы туған азамат суға батып кетті. Ол суға түсуге арналмаған орында шомылған. Салдарынан қайғылы жағдай орын алды. Сала мамандарының іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 18 сағат 58 минутта азаматтың денесі табылып, судан шығарылды.
Соңғы кездері табиғат аясында демалатындардың қатары көбейген. Өзен, көл жағасында тынығу кешін ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын ескермегендер бақытсыз жағдайға ұшырауда. Осы ретте шомылу маусымында судағы төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында қатаң шаралар қолға алынды.
Департаменттің жедел-құтқару жасағының күштері мен құралдары әзірлікке келтірілді. Жедел-құтқару техникалары, жүзу құралдары, сүңгу құрал-жабдықтары, жеке құрамның жабдықтарын, құтқару құралдарын пайдалану дайындығы тексерілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<