Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Алдымен аймақ басшысы Тасбөгет кентіндегі Бас тоған су алу нысанында болды.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласына тәулігіне 83 мың текше метр ауызсу 74 бірлік «Қызылжарма» жерасты ауызсу ұңғымасынан өндіріліп, тұтынушыларға таратылуда.
Мұнда «Степь», «Арай» және «Бас тоған» су алу құрылымындағы ауыз су ұңғымыларынан таза су резервуарларына жиналып, ІІ су көтеру насос станциясынан 4 магистральды құбыр арқылы қалаға жіберіледі.
Ауызсу сапасы күнделікті кәсіпорынның базалық зертхана мамандарымен әр 30-60 минут аралығында сараптамаға алынып, қадағаланады. Қалалық орталық ауызсу жүйелеріндегі 19 нүктеден күнделікті бактериологиялық және химиялық сынамалар алынып, сараптама жасалады.
– Қазіргі уақытта қаланың бірқатар шағын аудан тұрғындарынан су сапасына қатысты сын айтылуда. Судың қысымы жоғары қабаттарда орналасқан пәтерлерге көтерілмейді деген шағымдар да бар. Осы мәселелерді шешу үшін қажетті жұмыстарды жүргізіп, қатаң бақылауға алыңыздар, – деді облыс әкімі.
Мұнан кейін облыс басшысы сол жағалауда «УАД» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан және Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі көпірден шығатын жалпы қалалық маңызы бар магистральды көшелердің құрылыс жұмысын көрді.
Құрылыс жобасының құны – 3 391,8 млн теңге. 2017 жылы басталған жұмыс биыл бітеді деген жоспар бар. Көшенің жалпы ұзындығы – 8,4 шақырым.
Ал Бейбарыс Сұлтан көшесіндегі көпірден бастау алатын магистральды көше құрылысының жобасы 1 272,7 млн теңге. Ұзындығы – 2 шақырым.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Қарауылтөбе ауылына барып, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік егін алқабында болды.
Ғылыми-зерттеу институтының жалпы жер көлемі – 8750 гектар. Бұл жерде жаздық, күздік бидай, арпа, сұлы, қант құмайы, жоңышқа егіледі.
Сонымен қатар Қарауылтөбе ауылдық округіндегі ғылыми-зерттеу институты жерінен Қызылорда қаласының тұрғындарына картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егуге 10 гектар жер бөлінген. Осы жылғы су тапшылығына байланысты қала және ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында су тартатын насос құрылғысы алынған.
Айту керек, егістік жер көкөніс және бақша дақылдарын егу мақсатында маусымдық кезеңге уақытша беріледі.
Облыс әкімі су тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін дақыл түрлерін көбейтуді тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<