Облыстық мәслихат депутаты болып сайланғалы сайлаушылар тарапынан құттықтаулармен қоса өзекті мәселелер де жолданды. Сайлауалды бағдарламамда аудандағы аналарды қолдау, мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығын ашуды назарға алған едім. Қазір осы бағытта көптеген жұмыс атқарылуда.
Аудан көлемінде елеулі еңбек етіп жүрген белсенділердің басын біріктіріп, аналар кеңесінің жұмысын қолға алдық. Аз уақыт өтсе де, кеңес әйелдерге барлық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Түрлі басқосулар, мерекелік шараларда, еңбекші, шебер, өнерлі және жұмысшы аналардың жаңа тынысы ашылды.
Жуырда Елбасы қорынан мүмкіндігі шектеулі балаларды дамыту орталығын ашу жобасы бойынша «Арал Ару-Ана» қоғамдық қоры арқылы қаржылық грант ұтып алдым. Жоспар бойынша шілде айында орталық өз жұмысын бастайтын болады. Бұған қоса, ауданнан алғаш болып инклюзивтік бөбекжай балабақша салуды ойластырудамын. Қазір құрылыс жұмысының құжаттары рәсімделуде. Ауданда балалар ойын алаңы көптеп салынса екен деймін. Оның да оң шешімін табу жолдарын қарастырып жатырмын.
Тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарды жауапсыз қалдырмауға тырысамын. Әсіресе жас кәсіпкерлердің мәселесіне жіті назар аударып отырмын. Қазір жастардың болашаққа бетбұрысы ұнайды. Олардың ойы жүйрік, қиялы ұшқыр. Түрлі кәсіп ашқысы келеді. Бірақ оған кейбір мүмкіндіктер жетіспей жатыр. Жас кәсіпкерлермен кездесуде айтылған сауалдар мен түйткілді мәселені депутаттық сауал ретінде аудан, облыс әкімдеріне және министрлікке жолдадым.
Бұдан бөлек, аудан халық үшін аса қажетті автодром салу мәселесін де үнемі көтеріп келемін. Ауылдағы жұмыссыз әйелдерді қолдау мақсатында Алматы қаласынан арнайы мамандар шақыртып, киізден ұлттық, табиғи, таза өнімдер әзірлеу тұрғысында семинар-трениг өткізуді мамыр айына жоспарлаған едік. Бірақ елдегі ахауалға байланысты бұл кейінге шегеріліп отыр.
Әрине, барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Барлығы өз уақытымен, зерделеу арқылы келетіні белгілі. Өзіме жүктелген міндетті сезіне отырып, халық мүддесі жолында әлі талай жұмыстарға үлес қосамын.
Лаура ИБРАИМОВА,
облыстық мәслихат депутаты





