Осыдан төрт-бес жылдай бұрын салауатты өмір салтын ұстанған азаматтар қатарын ел халқының 30 пайызына жеткізу алға қойылған еді. Алғашқыда ол қиын сияқты көрінген. Несін жасырамыз, сол уақытта олардың қатары 15-20 пайыздан аспайтын. Содан бергі уақытта бұл бағытта нақты жұмыстар жүзеге асты. Облыс, аудан орталықтарын былай қойғанның өзінде ауылда да елді сергектікке шақырған еңселі спорт кешендері бой түзеді.
Сыр өңірінде қазір 243 мыңнан астам адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл облыс тұрғындарының 30,2 пайызын құрайды. Айта кетерлігі, 138 елді мекенде 282 спорт нұсқаушысы қызмет атқарып, ауылдағы ағайынның салауатты өмір салтын серік етуіне қолайлы жағдай туғызып отыр.
– Тағы бір айта кетерлігі, өңірде балалар мен жасөспірімдер тарапынан спортқа ерекше қызығушылық байқалады. Бүгінде 7-18 жас аралығындағы 27 мыңнан астам өрен спорт мектептері мен клубтарында шеберлігін шыңдап жүр. Ауылдық жерлерде бұл бағытта оңды істер атқарылып келеді. Облыс орталығы мен барлық аудандағы дене шынықтыру-сауықтыру клубтарында 13 мыңнан астам адам сергектікті серік етуге мүмкіндік алды. Соңғы жылдарда облыста байдарка және каноэ есу спорты ерекше қарқынмен дамып келеді. Жастар дүниежүзілік түрлі додаларда алдыңғы лектен көрініп жүр. Қазір облыс орталығында байдарка және каноэ есу базасының құрылысы жүріп жатыр. Бұл орын жастардың қызығушылығын арттыра түсері сөзсіз. Оған қоса Қызылорда қаласы мен аудандарда жаттығу және стритбол алаңдары салынуда. Сондай-ақ, бірқатар аудандарда спорт ғимараттарына жөндеу жасалуда, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.
Басқарма басшысы облыс орталығында орналасқан Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға назар аударылып отырғанын атап өтті. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол алаңдарын күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл онда тәлім алып жүрген 240 баланың өз деңгейінде дайындық жүргізуіне үлкен мүмкіндік.
Қазір Сыр өңірінде футбол да ерекше қарқынмен дамып келеді. Облыстың бас командасы – «Қайсар» биыл еурокубокта ел намысын қорғаса, олардың ізбасары ретінде жас жеткіншектердің тәжірибесі мен шеберлігін арттыруға баса назар аударуымыз тиіс. Осы орайда Қызылорда қаласы мен аудандарда стадиондарды жөндеу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, №6 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі теңгеріміндегі стадион қайта жаңғыртылып жатса, Жаңақорған кентінде де стадионға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, кейінгі кезеңде Сыр өңірінде халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде 5 дене шынықтыру кешенін пайдалануға беру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ, бұдан бұрын елдің игілігіне айналған «Нұрсәт» теннис орталығының ауқымы кеңейеді. Қазір онда 4 жабық теннис кортының құрылысы жүргізілуде, ол жыл соңына дейін іске қосылмақ.
– Қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты көптеген ірі жарыстар кейінге шегерілді. Олардың қатарында биылғы жылға жоспарланған Токио Олимпиадасы да бар. Айтулы аламан келесі жылға қалдырылды. Облыс спортшылары бүгінге дейін екі жолдамаға қол жеткізіп үлгерді. Атап айтқанда, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, еркін күрестен Дәулет Ниязбеков алдағы дүбірлі додада ел намысын қорғайды. Алда әлі де іріктеу бәсекелері болады. Жолдама саны толыға түседі деген ойдамын. Спортшылар күні қарсаңында барша әріптестерімізді мерейлі мерекемен құттықтаймын. Еңбектеріне жеміс, дендеріне саулық тілеймін, – дейді басқарма басшысы.
Қатерлі індет басталғанға дейін облыс аумағында бірқатар ірі жарыстар болды. Ауыр атлетика, гандбол және ұлттық жекпе-жектен өткен Қазақстан чемпионаты мен кубогында еліміздің барлық өңірінен келген сайыскерлер тартысқа түсті. Оған қоса 2 халықаралық, 5 республикалық турнир, 8 облыстық біріншілік жалауын көтерді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<