Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Сарыбұлақ ауылына арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Халықпен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков және бірқатар мекеме-кәсіпорын басшылары да қатысты.
Ауылдық клубта өткен басқосуда Мұхтар Әуесұлы аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдың жағдайы үнемі назарында екенін жеткізіп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Сарыбұлақ ауылындағы клубтың жайы, елді мекендегі ауыз сумен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешілу жолдары қарастырылып жатқанын айтып берді.
Өз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сражадин Шамұратов сарбұлақтықтардың негізгі мәселелерінің бірі елді мекендегі ауыз су мен клуб ғимараты екенін жеткізді.
Сонымен қатар, ардақты ақсақал Сарыбұлақ ауылының тұрғындары «басы ауырып, балтыры сыздаған» жағдайда Ақсуат ауылына баруға мәжбүр екенін білдірді.
– Біз үшін бұл қиындық туғызып отыр. Себебі Ақсуат ауылына тура баратын бізде мүмкіндік жоқ. Сондықтан медициналық бекетті Басықара ауылына қаратуыңызды сұраймыз. Егер осы елдегі ағайындар ауыра қалса, жол-жөнекей Басықара ауылына немесе аудан орталығына барады. Одан бөлек, ауылға акушер керек. Бізде дайын маман да бар. Сондықтан ауылға ең болмаса жарты ставкамен болса да акушер штаты ашылу қажет, – деді Сражадин Шамұратов.
Мұнан соң бірнеше ауыл тұрғыны сөз кезегін алып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтар болсақ, №78 мектепке септик, ауылға жаңа трансформатор қажет екені айтылды. Сондай-ақ, білім ордасының оқушыларды тасымалдайтын көлігінің тозығы жеткендігі де тілге тиек етілді.
Басқосуды қорытындылаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әрбір ұсыныс-пікірге қатысты жауап беріп, мәселені шешу үшін жұмыс жасайтындығын білдірді. Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдың тұрғындары ешқашан ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<