Шетелдік мамандар келе бастады

590

0

Құрылысы 2015 жылы басталған шыны зауытынан қызылордалықтар көп үміт күткен. Жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары, қазынаға түсер қосымша қаржы секілді игіліктерден үміттенгеніміз рас. Алайда қазіргі нарықтық құбылыстардың әсері бар, мердігерлер арасындағы келіспеушілігі бар, өзге себептермен шыны зауытының іске қосылуы созылып кетті. Бұл туралы ақпарат құралдарында дүркін-дүркін жазылды.

Есептеулер бойынша елімізге жылына бір миллион доллар тұратын шыны сырттан келеді екен. Егер іске қосылса, осынша қаржы сыртқа кетпей әрі кіріс кіргелі тұр.

Шынын айтқанда, зауыт орна­ласқан индустриялық аймақтағы облыс тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы дерлік орындалып отыр. Сыртқы инфра­құрылымдық желілер – газ құбыры, ауызсу, электр энергиясы, байланыс жүйелері жеткізіліп, жол салынып қойылған.  Соңғы қалғаны темір жол тармағы еді, қазіргі таңда оны да жүргізіп жатыр. Мамандар алдағы бір айдың ішінде аяқталады деп сендіруде. Жалпы алғанда, зауыт құрылысы жұмыстарының 80,2% орындалған. Ендігі қалған негізгі жұмыс зауыттың балқыту ваннасы мен күйдіру пеші қондырғыларын орнату болатын. Алайда, біздің елімізде бұл қондырғыларды орна­татын мамандар болмауы себепті оларды шетелдерден шақыру қажет. Ол бойынша зауыт құрылысының бас мердігері қытайлық «Чайна Триумф Интернешнл Инжиниринг» трансұлттық компаниясы басшы­лығы­мен келісім жасалып қойылған еді.

Әйтсе, де осы келісімнің орын­далуына коронавирус індеті тікелей әсер етті. Шекаралар жабылып, адамдар басқа елдерге кіре алмай қалды. Осылайша зауыт құрылысы кешеуілдей берді. Жақында Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың төрағалық етуімен өткен селекторлық мәжілісте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен «Orda Glass Ltd» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев министрге Қызылорда шыны зауытына мамандарды жіберу мәселесі бойынша еліміздің Сыртқы істер министрлігін жұмылдыруға өтініш жасады. Б.Атамқұлов өткен жылы зауыт құрылысымен танысып кеткен, қалыптасқан жағдайды жақсы біледі. Оның өзі де, ол басқарған министрлік те шыны зауытының іске қосылуына мүдделі. Сол себептен барынша қолдау көрсетуге уәде берген болатын.

Міне, осы жұмыстардың нәти­жесінде зауыттың балқыту ваннасы мен күйдіру пеші қондырғыларын орнататын мамандардың алды келе бастады.

– Кейінгі екі аптада 17 адамнан екі топ, барлығы 34 маман келді. Әлі де 100-дей  маманды күтіп отырмыз. Бар қиындық қазіргі пандемияға байланысты шетелге шығатын мамандардың көп тексерулерден өтетіндігі. Көп ұзамай барлық шетелдік маман осында болуы тиіс, – деген «Orda Glass Ltd» ЖШС директоры Е.Сағымбаев қазіргі күндері пешті құрастыру жұмыстары басталып кеткенін айтты. Жоспар бойынша құрастыру жұмыстары қараша айында аяқталып, сол кезде пешті алғаш рет жағып көреді. Жалпы пешті биыл толығымен іске қосу жоспарланған.

Зауыттың іске қосылуына бәріміз де мүдделіміз. Ол толық іске қосылғанда 160 адам жұмыспен қамтылады. Шыны зауыты  жанынан ілеспе кластерлік жобалар, яғни 8 зауыт салу жоспарланған. Оның ішінде үш зауыт бойынша кәсіп­керлермен келісім жасалып қойылған. Олар шыны ыдыстарын, сондай-ақ айна және шыны талшықтарын жасайтын зауыттар.  Бүгіндері индустриялық аймақтағы бірқатар жобалар учаскелерінде дайындық жұмыстары басталып жатыр. Шыны зауыты тезірек іске қосылса, өз кезегінде осы кластерлік жобаларға да қозғау салып, оларда да жұмыс  жанданатыны белгілі. Қысқасы, сең қозғалды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<