Шиелі ауданында инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету, көркейту-көгалдандыру және саяси ахуалдың тұрақтылығына басымдық берілген. Бұл бағытта атқарылған жұмыс барысын аудан әкімі Айтбай Жандарбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде баяндады.
2025 жылдың алғашқы жартысында жергілікті бюджетке 3 млрд 21 млн 584 мың теңге табыс түседі деп болжанған. Ол 3 млрд 986 млн 349 мың теңгеге артып, 131,9 пайызға орындалды. Ауқымды қаражат халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын көтеруге септеседі.
– Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша да айтарлықтай өсім қалыптасты. Оның ішінде өнеркәсіп саласында 36 млрд 631 млн теңгенің, өңдеу өнеркәсібінде 30 млрд 301 млн теңгенің, ауыл шаруашылығында 5 млрд 17,2 млн теңгенің өнімі өндірілді. 34 млрд 890 млн теңге инвестиция тартылды, 36142 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Шиелі облыста бірінші орынды иеленді, – дейді аудан әкімі.
Брифингте биыл құрылысы басталатын және іске қосылатын жобалар аталды. Оның ішінде күн және жел-электр станциялары бар. Сонымен қатар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының бойынан газ құю бекеті мен қызмет көрсету кешені, күріш ақтау, жүгеріні кептіру және терең өңдеу, жоғары сортты әк және қиыршық тас өндіру зауыттары салынады.
Биыл 31512 гектар жерге дақыл егілді. Егіске қажет минералды тыңайтқыш, арамшөпке қарсы гербицид толық алынып, себілуде. Диқандар бүгінде 6633 гектар жерден ескі жоңышқа жинап жатыр.
– 3 мың тонна бау-бақша өнімі Ресей мен Қырғызстанға, еліміздің басқа аймақтарына экспортталуда. 61 насос қондырғысы іске қосылған. Мемлекет басшысының және облыс әкімінің бастамасымен облысқа көмек ретінде жіберілген 25 насостың 10-ы біздің шаруашылықтарға берілді. Бұл – диқандарымыз үшін үлкен қолдау. Насос көмегімен қашыртқы суын қайтадан пайдаланып, кезектестіріп суландыру қолға алынды. 5 тамыздан бастап күріштіктегі суды тартуға кірісеміз, – дейді А.Жандарбеков.
Шиеліліктер «Ауыл – ел бесігі» жобасының шарапатын көруде. Аудан орталығында спорт кешені, 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «өнер мектебі», «Бестам» ауылында 150 орындық клуб салынуда. Ал Ы.Алтынсарин атындағы №219 орта мектеп жаңа оқу жылында шәкірттерді жаңа кейіппен қарсы алады. Оқушылардың қызықты жазғы демалысын қамтамасыз ету мақсатында «Бәйгеқұм» елді мекеніндегі көл жағалауында 200 орындық сауықтыру лагерін салу жоспарланып отыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимаратының құрылысы қызу. Аурухана базасында МРТ құрылғысын орнату үшін қосымша корпус салынды. Аппарат орнатылғасын нысанда келушілерге қызмет көрсетіле бастайды. Аудан басшысы бұл жоғары технологиялық диагностикалық қызмет сапасы мен қолжетімділігін айтарлықтай арттырады деген сенімде. Сонымен қатар кенттегі «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізілуде.
Инфрақұрылым аясын кеңейту, сапасын көтеру бағытында да тындырымды тірлік көп. Жол, су, жарық, «көгілдір отын» мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді.
– 16 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Газдандыру үлесі – халық санына шаққанда 80 пайыз. Қазіргі күні «Иіркөл», Жансейіт, «Алмалы» ауылдық округтеріне газ тартылып жатыр. Сонымен қатар Шиелі кентінің «Береке» шағын ауданы да жыл соңына дейін толығымен газға қосылады. Тұрғындар сапалы ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Үкімет тапсырмасына сәйкес, биыл «Ақтам» және «Тоғайлы» елді мекендеріне аудандық бюджет есебінен су тұшытқыш қондырғылар орнатылды, – дейді аудан әкімі.
Ауданда жалпы білім беретін 38 мектеп, 2 жеке мектеп, 18 мемлекеттік, 75 жеке балабақша жұмыс істейді. Үш ауысымдық және апатты жағдайдағы білім беру мекемелері жоқ. Жуырда облыс көлеміндегі мемлекеттік тапсырыс алатын мектепке дейінгі білім және тәрбие ұйымдары тексерілді. Жоспарлы мониторинг барысында Шиелідегі 75 жеке балабақшаның 25-і мектепке дейінгі ұйым тізімінен шығарылды. Аудан басшысы ондағы балалардың мемлекеттік балабақшаларға орналастырылғанын, ешқайсысы далада қалмайтынын атап өтті.
Брифингте тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі де сөз болды.
– Бюджет қаражатын тиімді жұмсау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тұрмыс жағдайы тексерілді. Мониторинг жүргізу барысында олардың саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 47,5 пайызға төмендеді. Статистикалық мәлімет бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 36 501, жұмыспен қамтылған халық саны – 34 668, жұмыссыздық деңгейі – 5 пайыз, – дейді аудан басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






