Облыс әкімдігіндегі жиыннан кейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов “Достық үйінің” мәжіліс залында ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы саласы ардагерлерімен, қоғам белсенділерімен кездесіп, кеңес өткізді.
Кездесу басында С.Қожаниязов, облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов, Арал-Сырдария бассейндік инспекцияның басшысы бүгінгі Сырдария өзені бассейніндегі ахуалдан хабар етті. Кеңеске қатысушылар өңіріміздегі су тапшылығына қатысты проблемаларды талқылады. Мұнан кейін пікірлесу басталды. Диқандарды мазалаған келешекке қатысты ойлар ортаға салынды.
Алғаш сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев 1993 жылы Орта Азиядағы бес мемлекет басшысы Қызылорда қаласында Арал проблемасына қатысты халықаралық конференцияда бас қосып, соның нәтижесінде көптеген мәселе шешімін тапқанын жеткізді. “Саратс-1” жобасы қабылданып, оның жүзеге асуымен Кіші Арал теңізі пайда болды. Әлем назары Аралға бұрылып, халықаралық банктен жобаға қаржы бөлінді. Одан бері көп уақыт өтті, біраз нәрсе өзгерді. Тәжікстаннан басқа елдерді жаңа президенттер басқарып отыр. Енді осы бес мемлекеттің басшысын Қызылордаға шақырып, нақты жағдаймен таныстырып, көздерін жеткізбесе, айтылған нәрселер сөз күйінде қала береді. Алғашқы кездесуден кейін, Кіші Арал дүниеге келді, Көксарай салынды, бұрынғы келісім бойынша беріліп келген су көлемі оларды толтыруға жетпейді. Жаңа басшылар жаңаша ойлайды, сондықтан Қазақстанға бөлінетін су көлемін ұлғайтуға келісімін алу керек деген ұсынысын жеткізді.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ерұлан Өмірсеріков күріш егумен айналысып жатқан ірі шаруашылықтардың су жүйелерін тазалап, су үнемдейтін технологиялар енгізуге қаржылай қолдау көрсету тетіктерін ойластыру қажеттігін жеткізсе, облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов “Агрофинанс” және басқа да агрокредиттік ұйымдар алдындағы несиелік қарыздарды қайтару мерзімін ұзарту, несиелік жеңілдіктер жасау жөнінде ұсыныс білдірді.
Су шаруашылығының ардагері Мырзахмет Толыбаев өз кезегінде кешегі кеңестік кезеңде бір ғана Қазалы ауданы Ресейге, Прибалтика республикаларына жыл сайын 4 мың тонна қауын жөнелтіп тұрғанын еске салды. Ал қауын-қарбыз суды күріштен 4-5 есе аз қажет етеді. Былтыр жаңақорғандықтар 2 мың тонна қарбыз шығарды сыртқа. Осы бағыттағы жұмысты жандандырған дұрыс деген ойын жеткізді.
Осы орайда эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы “Қауын біздің брендіміз” дей отырып, бізде “күріштікті қысқартсақ аштан өлеміз” деген түсінік қалыптасқанына қынжылыс білдірді.
– Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде де күріш егістігін 60 мың гектардан асырған жоқ, Сыр елінің экономикалық-әлеуметтік-экологиялық жағдайын көтеру үшін күріштікке байланған психологиядан арылған жөн. Қазақстан күрішінің 90%-ін біз беріп отырмыз деп егістік көлемін 90 мың гектарға жақындаттық. Қазіргі ірі шаруашылықтар күріш егуді жалғастыра берсін. Ал майда шаруашылықтар басқа дақылдарға көшкені дұрыс. Мен Іле өзенінің бойын көп араладым. Ол жақта да кешегі қоғам кезінде күрішті аз еккен жоқ. Бірақ олар дер кезінде тоқтау салып, күріш егістігін барынша азайтып, экологиялық мәселеге назар аударды. Қазір сол жақты көрсең, өмір сүргің келеді сонда. Іле-Балқаш табиғи резерватын жасаған. Балық та сонда, аң да сонда. Келешек Тұран жолбарысын қайта қалпына келтіреміз деп отыр. Біз кімнен кембіз? Біз де сілкінуіміз қажет. Сыр елінің бұрынғы салтанатына, мақтан ететін жағдайға жеткізуге тиіспіз, – деді жазушы.
Қамбаш көлдер жүйесінің қазіргі қиын жайын баяндаған облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев осы көлдер жүйесін су тапшылығы кезеңінде сақтауға арналған Аманөткелдегі Бұрмақұлақ су құрылғысы жобасын тездетіп жүзеге асыру қажет деді. Сонымен бірге облыста ішкі су мәселесін реттейтін тұрақты комиссия құру туралы ұсыныс берді.
Су шаруашылығы саласының ардагері Бегеш Жақып Түркістан облысы диқандарының су үнемдеу жағынан бізден біраз алға озып кеткенін айтты. Олардың әрбір үйдің жанындағы жылыжайдан өнім алып отырған жайы бар. Сондықтан біздің шаруашылықтар көршілерден үйренгені жөн. Бұл пікірді сала ардагері Серікбай Сағымбаев та қуаттады. Су үнемдеуге барынша байыпты түрде кірісу керек.
Облыстық мәслихат депутаты Серікбай Өмірзақов біздің күріш алқаптарында “Лидер” сортының әлі де көп үлеске ие екеніне назар аударды. Ал бұл ең ұзақ пісетін, соған сәйкес суда ең көп тұратын сорт болып табылады. Ендігі кезекте суды аз қажет ететін «Янтарь» және өзімізде жаңадан енгізіліп жатқан “Сыр сұлуы” сортына басымдық берген дұрыс деген ғалым шаруашылықтардың жерді өте дәлдікпен тегістейтін заманауи техникалар пайдалануы қажеттігін де орынды көтерді.
Сонымен бірге ол су шаруашылығы саласында білікті мамандар қалмай бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Маман даярлауда өңірлік университеттерге арнайы мемлекеттік гранттар бөлуді қарастырған дұрыс. Кездесуде сондай-ақ су шаруашылығының аға буын өкілдері Сұлтанбек Тәуіпбаев, Айтбай Көшербай, Дәулетияр Баялимов өз ойларын ортаға салды.
Жиын қорытындысында өңіріміздегі су қоймаларына қатысты күдікті сейілтетін дәлелдемелер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов облыстағы бірде-бір су қоймасы үшін дарияны бөгеп су алынбайтынын айтты. Олар тек судың мол кезінде артығын жинап, оны кейін қайта пайдалану үшін жұмыс істейтінін назарға салды.
С.Қожаниязов Қазақстан үшін бөлініп келген 12 млрд текше метр су көлемі үлесінде экологиялық суландыру жағы, Кіші Арал мен Көксарай үлесі ескерілгенін және бір қаперге салды. Ал шаруалардың “Агрофинанс” алдындағы міндеттемелерінің мерзімін ұзарту, жеңілдіктер жасау туралы облыс әкімдігі Үкіметке ұсыныс беріп жатса, барынша қолдау жасалатынына сендірді. Кеңеске қатысушылар айтқан кейбір ұсыныстарды министрлікке жеткізбей жергілікті жерде шешуге болатынын да айтып өтті.
Кадрлар дайындау мәселесінде сала мамандарының айлық табыстарының өте аз екендігі және комитет, Казводхоз, бассейндік инспекциялар деңгейінде де білікті мамандар қалыптастырудың проблемасы бар екені кеңесте айтылмай қалған жоқ. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс берілгендігін жеткізіп, алғашқы кезекте жоғары оқу орындарында қажетті мамандарды дайындайтын оқытушылар мен ұстаздардың өзінің білімін жетілдіріп алу мәселесін шешіп алған жөн деді.
Облыста ішкі су мәселесін реттейтін тұрақты су комиссиясын құру туралы ұсынысқа қатысты облыстағы бассейндік комиссия жұмыс істейтіндігі ескертілді.
Тіршілік нәрінің биыл аз болуының ең негізгі себебі табиғи құбылыс екенін айтқан вице-министр министрлік Сыр еліне су жеткізу үшін қолдан келгенінің барлығын жасайтынын мәлімдеді. Ал келіп жатқан суды тиімді пайдалану – ол енді уақыттың өткір талабы.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<