Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) кезекті отырыста мелекеттік органдармен бірлесіп Мемлекеттік қызметтер тізілімінен бірқатар анықтамаларды алып тастау мәселесін талқылады. Отырыста 24 ақпараттық анықтама туралы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда мемлекеттік тізілімде 694 қызмет бар, оның 49-ы – анықтамалар. Азаматтар бұл анықтамаларды басқа мемлекеттік органға беру үшін бір мемлекеттік органнан сұратуы керек. Бұл шамадан тыс қағазбастылық пен бюрократияға әкеледі. Сондықтан, мемлекеттік орган азаматтардың рұқсатын ала отырып, өз әріптестерінен өздігінен сұрай алатын мәліметтері бар бірқатар анықтамаларды алып тастау ұсынылады», – деді министрліктің Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрағасы Әділет Көшербаев.
Бұл ретте мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелердегі деректер базасын біріктіру арқылы қажетті мәліметтерді ала алады. Ал ақпаратты басқа адам немесе негізгі ақпараттық жүйелерді пайдалануға рұқсаты жоқ ұйым сұратқан жағдайда, азамат үшінші тұлға сервисі арқылы өзі туралы мәліметтерді ұсынуға рұқсат бере алады немесе бас тарта алады.
Тізілімнен шығаруға ұсынылған анықтамалар қатарында «Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы», «Уақытша еңбекке жарамсыздығы», «Мемлекеттік жер кадастрынан мәліметтер беру» және т. б.анықтамалар бар.
Өткен комиссия отырыстарының шешімімен 5 түрлі анықтама алынып тасталған. Олардың қатарында мекенжай анықтамасы, жоғары оқу орнын және одан кейінгі білімді аяқтамаған тұлғаларға анықтама беру және т.б. бар. Бұл қағаз құжат айналымын 14 млн құжатқа қысқартуға мүмкіндік берді.
Ведомствоаралық комиссияның төрағасы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мемлекеттік органдардың осы процеске техникалық дайындығының маңыздылығын айтып өтті.
«Мемлекет басшысы бізге кеңес алу, анықтама алу және өтініш беру операцияларын онлайнға көшіру міндетін тапсырды. Біз бұл тұрғыда мемлекеттік қызметтерді проактивті тәсілмен көрсету керек деп санаймыз. Сондықтан мемлекеттік орган өзі ала алатын анықтаманы жоюы керек. Алайда, барлық мемлекеттік органдар бұған техникалық жағынан дайын болуы қажет», – деді министр.
Сондай-ақ, отырыста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, қаржы, ішкі істер, денсаулық сақтау және т. б. салалардағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері қаралды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<