Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан үш жылдың ішінде міндетті түрде жаппай цифрлы ел болу керек» деп әр салада жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мен ақпараттық жүйелерге көшудің маңызын айқындап өткен болатын. Жолдауға сәйкес және Қаржылық мониторинг агенттіктігінің бастамасымен облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті цифрлық технологиялар саласын дамыту бойынша кездесу өткізді. Жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Ашық және «Болашақ» университеттерінің ректорлары, департаменттің басқарма басшылары қатысты. Басты мақсат – Қаржылық мониторинг агенттігі мен Astana IT университетінің бірлескен дуалды білім беру жобасын Сыр өңірінде жүзеге асыру.
Жиында департамент басшысы А.Кеңес осы жобаны аймақтағы университеттерде жүзеге асыру арқылы өзара ынтымақтастық орнатып, меморандумға отыруды ұсынды. Ал әкімшілік басқармасының басшысы С.Нарегей аталған жобаның кәсіби біліктілігі жоғары маман даярлаудағы маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде университет басшылары пікір білдіріп, ұсынысты қабылдайтынын жеткізді. Енді цифрлық технологиялар арқылы құқық саласында оқитын студенттер теориялық біліммен қатар практиканы ұштастырып, тәжірибе жинауға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, Агенттік 2022 жылдан бері Astana IT университетімен бірлесе цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау бағытында дуалды білім беру жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында 100 студент білім алса, оның 20-сы агенттікке жұмысқа қабылданған.





