Облыстық ішкі саясат басқармасы, «Жастар ресурстық орталығы» және «Ақ сөйле!» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен шығармашыл жастар арасында облыстық «Сыр дарыны» жастар шығармашылығы байқауы өтуде.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай және Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы бастамалар мен «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласындағы басымдықтарды насихаттау арқылы көрініс тапқан шығармашылық байқау талантты жастарды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар, дәстүрлі өнер саласындағы жаңа есімдерді анықтап, бастамаларына қолдау көрсету, жас дарындардың қабілетін шыңдап, насихаттау, Сыр сүлейлерінің шығармашылығын дәріптеу арқылы өнер мектептерінің мәртебесін арттыруға мән берілді.
Осы жылдың маусым-шілде айлары аралығында барлық аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында байқаудың іріктеу кезеңдері өткізілді. «Жазба ақындық өнер», «Айтыс», «Дәстүрлі ән», «Жыр-терме» бағыттарын қамтып, әр айналымнан үздік деп танылғандар облыстық «Сыр дарыны» байқауына жолдама алған болатын.
12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында байқаудың облыстық қорытынды кезеңдері өткізілуде. Шараның алғашқы күнінде жас өнерпаздарға шеберлік сағаттары өткізілді. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі мен жастар орталығы ғимараттарында өткізілген шеберлік сағаттарына жыр-терме және дәстүрлі ән бағыттары бойынша Алмас Алматов, Күнсұлу Түрікпен, Шолпан Бейімбетова, Ақмарал Ноғайбаева, сонымен қатар, айтыс және жазба ақындық өнер бағыттары бойынша Дүйсенбек Аяшұлы, Мұхтар Ниязов, Биболат Сәтжан қатысып, жастарға дәстүрлі жыр мамандығы, ондағы танымдық ерекшеліктер, кәсіби жыршылық өнер, жыр айту машықтары және техникасы, дәстүрлі ән мектептері, ондағы негізгі ерекшеліктер мен Сыр өңірі әншілік мектебі және айтыс, жазба ақындық өнер тақырыптарында әңгіме қозғалды. Кездесу жастармен кең ауқымды пікір алмасумен қорытындыланды.
Алда байқаудың облыстық кезеңдері өткізіліп, республикалық жас ақындар айтысымен жалғасын табады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<