Сырдария ауданында экономиканың барлық саласында тұрақты өсім байқалады. Оған ауқымды істер мен жобалардың жүзеге асырылуы септігін тигізіп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев мұндай жетістікке Мемлекет басшысының тапсырмасы мен облыс әкімінің қолдауы арқасында қол жеткізу мүмкін болғанын атап өтті.
Биыл І жартыжылдықта өнеркәсіп саласында 50,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Шағын және орта кәсіпкерлікте 6,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24 пайызға жоғары. Бизнесті қолдау шаралары да жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Жыл басынан бері кәсіп иелері мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржы ұйымдарынан 81 жоба бойынша 4,1 млрд теңге несие және грант алды.
Ұлы өзенмен аттас ауданда аграрлық салаға басымдық берілген. Алғашқы 6 айда бұл салада 3 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. 33 мың гектар жерге дақыл егілсе, соның 20 мың гектарға жуығы – күріш.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 175 гектар қосымша жер дайындалды. Қазір онда 780 отбасы бақша егіп, еңбектенуде. Оның ішінде «Айдарлы», «Жетікөл», Аманкелді, «Бесарық», «Шіркейлі», А.Тоқмағанбетов елді мекендеріндегі жастар бригадаларының белсенділігі жоғары. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша өткен жылы 175,1 млн теңгеге 14 жоба жүзеге асырылды. Биыл 9 жобаны қолдау үшін 55,8 млн теңге бөлінді. Жобалар аясында 35 жаңа жұмыс орны ашылды, – дейді Б.Сәрменбаев.
Қазіргі күні «Шіркейлі», «Шаған», С.Сейфуллин елді мекендерінде 7 көше толық жөнделіп жатыр. Көп ұзамай ауыл тұрғындары айнадай тегіс көшемен жүреді.
– Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 99 пайызының жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Кент және елді мекендерде жалпы ұзындығы 238,3 шақырым болатын 227 көше болса, соның 82 пайызында жол сапасы ойдағыдай. Осы салаға қатысты 5 жобаға 1 млрд теңге бөлінді. Бүгінде аудандық маңызы бар «Қызылорда-Әуежай-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының қалған 10,2 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Сөйтіп, 46 шақырым жолдың жағдайы түзелді, – дейді аудан әкімі.
Халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту көрсеткіші – 100 пайыз. Ал табиғи отынмен ауданның 50 пайызы қамтылған. Абаттандыру ісінде аудан әкімдігі бюджетке ғана арқа сүйеп қоймайды. Демеушілер көмегімен де көп жұмыс атқарылып жатыр.
– Нағи Ілиясов ауылында «Абзал және К» толық серіктестігінің демеушілігімен 125 млн теңгеге спорт және балалар ойын алаңдары пайдалануға берілді. Сондай-ақ 35 млн теңгеге кіреберіске жарық шамдары орнатылды. «Бесарық» ауылында «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен 50 млн теңгеге Жастар аллеясы салынса, жергілікті бюджеттен бөлінген 41 млн теңгеге ауылдың кіреберісі жарықтандырылды. «Іңкәрдария» ауылында жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 20 млн теңгеге орталық алаң жасақталды. Жергілікті бюджеттен 56 млн теңгеге «Айдарлы», «Қоғалыкөл», «Шіркейлі», «Ақжарма», Қалжан ахун, А.Тоқмағанбетов ауылдарына ойын алаңдары салынуда, – дейді Б.Сәрменбаев.
Ауылдардағы салынғалы бері жөндеу көрмеген мектептер мен медициналық ұйымдар бір жаңарып қалатын болды. Мысалы, С.Сейфуллин елді мекеніндегі №137 орта мектепті «NCтрой Сервис» компаниясы жөндеп жатыр. Құрылысшылар оқушылар жаңа оқу жылын қайта жаңартылған мектепте өткізу үшін аянып қалып жатқан жоқ. Ал «Шағандағы» дәрігерлік амбулаторияны жөндеуді «РеалСтройСнаб» серіктестігі мойнына алған. Жұмысты бітірсе, мұнда медициналық оңалту бөлімшесі ашылып, «Шаған» және оған жақын ауыл тұрғындары келіп емделе алады. Аудандық ауруханаға қарасты ауызсу көтеру мұнарасы қайта жаңғыртылмақ. Ол үшін 125 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмысы қарқынды.
– Аймақ басшысының қолдауымен мәдени нысандар салынуда. Тереңөзек кентінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталығы» бой көтерді. Ол мәдени-рухани құндылықтар дәріптелетін орталыққа айналды. Биыл Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты аудан өнерпаздарының облыстық мәдениет және өнер байқауы өтіп, сырдариялықтар бірінші орынды жеңіп алды. Мәдениет үйлері мен клубтарда, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтарында 150 үйірме бар. Үйірмелерге 2 мыңға жуық өнерпаз қатысады. Өнерпаздар халықаралық, республикалық 69 байқауға қатысып, 109 жүлделі орын иеленді, – дейді аудан әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында сырдариялықтар да белсенділік танытып жүр. Көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Акция барысында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтары және сенбіліктер тұрақты өткізілуде. Нәтижесінде бүгінге дейін 17 400 көшет, 28 мыңға жуық гүл отырғызылды. 70 шақырым каналдар мен арықтар тазартылып, 4 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Аудан басшысы елдің береке-бірлігінің арқасында халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру бағытында әлі де ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты.
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»






