Сырдария мәселесі: мониторинг тобы құрылды

632

0

2021 жылдың 22 мамырында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жахановтың төрағалығымен «Достық Үйі» ғимаратының мәжіліс залында Сырдария өзенінің су шаруашылығы жағдайы туралы кеңес өтті.

Кеңеске Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, облыстық мәслихат депуттаттары, қоғам белсенділері, су шаруашылығы ардагерлері және су шаруашылығына қатысты мемлекеттік мекемелердің басшыларылары қатысты.

Соңғы жылдары Сырдарияның төменгі ағысында вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Биыл бұл жағдай қайталанып, одан сайын күрделі болып тұр.

 Бүгінге Сырдария өзенінің ағысын реттейтін Нарын-Сырдария су қоймаларындағы су көлемі өткен жылдан 2 млрд.текше метрге кем болып отыр. Сонымен бірге, Шардара су қоймасына түсіп жатқан судың көлемі де өткен жылдан төмен болып отыр.

 Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен облысқа 5,4 млрд.текше метр, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 4,2 млрд.текше метр су көлемі белгіленгенмен, су тапшылығы болжамына байланысты Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясымен 2021 жылға су көлемі 508,9 млн. текше метрге қысқартылып, 4,9 млрд.текше метр, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 3,7 млрд. текше метр болып қайта белгіленді.

2021 жылға облыс бойынша 188,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланса, оның ішінде күріш егісінің көлемі өткен жылдан 5,1 мың гектарға қысқартылып, 84,4 мың гектарға егу межеленді.

Су тапшылығының алдын алу үшін, Су ресурстары комитеті мен Қызылорда облысы әкімдігінің вегетациялық кезеңде су тапшылығының алдын алу бойынша атқарылатын бірлескен іс шаралар жоспары бекітіліп, каналдар арқылы су алу режимдерінің кестеге сай орындалуына мониторинг жүргізетін жұмысшы тобы құрылып, жұмыс жүргізілуде.

Ағымдағы жылдың 11 мамыры күні Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 80-ші отырысы өтіп, вегетация кезеңінде Шардараға 4,1 млрд. текше метр судың түсуі келісілді.

Сонымен бірге, ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында Қырғыз Республикасымен электр энергиямен тауар алмасу жүзеге асырылды, бұл Достық каналы арқылы жеткілікті көлемде су алу үшін, маусым-тамыз кезеңінде Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн. текше метр көлемінде қосымша су ағызуды жүзеге асырады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<