Уақыт алға жылжыған сайын адамдарға бір іспен шектелмей, жан-жақты болуды талап етіп, үйретуде. Осыны түсінген жастар бос уақытын пайдаланып, табыс табудың сан қырын меңгеруде. Жастардың бұл ынтасын мемлекет те қолдады. Қайта оқытады, тың идея болса тыңдайды және демеу жасайды.
Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Гүлнұр Борбасова. Ол – «Бастау» жобасының 2019 жылғы түлегі, IT саласының маманы. Алматы қаласындағы банктердің бірінде жұмыс істеген. Бала күтімінде отырған кезде уақытты босқа өткізбейін деген ниетпен тоқыма тоқуды хоббиіне айналдырған.
Әлеуметтік желі арқылы онлайн курстарға қатысып, тоқуды үйреніп алады. Қазір бас киім, мойынорағыш, сөмкенің сан түрін тоқиды. Жасаған дүниесі көзтартарлық. Енді кеудеше тоқуды үйренуде. Бастысы, тоқыған өнімдерін табысқа айналдыруды көздеп отыр.
– «Бастау» жобасын 2019 жылы оқыдым. Ол кезде курс оффлайн жүргізілді. Бизнес-тренер Наталья Мишуковадан сабақ алдым. Бизнесті бастаудың алғышарттарымен танысып, салықтық және өзге де есептіліктерді тапсыруға қатысты құнды ақпараттарға қанық болдым. Осылайша қызығушылықтан басталған тірлігімді табысқа айналдырдым», – дейді жас кәсіпкер.
Гүлнұр сертификат алған соң, курста әзірлеген бизнес-жоспарын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы гранттық комиссия алдында қорғады. Нәтижесінде 530 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
– Жіптің сапасына ерекше мән беремін. Қазір итальяндық жіптерді қолданып жүрмін. Арнайы тапсырыспен алдырамын. Таза, меринос қойының жүнінен әзірленген. Табиғи өнім болғандықтан бұл жіптен тоқылған бас киімдерді жаңа туылған сәбиге де кигізуге болады. Терлетпейді, денсаулыққа пайдалы. Бас киім, мойынорағышты тоқып болған соң жуып, арнайы тәсілмен кептіріп барып тапсырыс берушіге ұсынамын, – дейді ол.
Еңбекқор қыз жұмысын жеңілдету үшін грант қаржысына тоқыма машинасын сатып алыпты. Тоқыма машинасы еңбек өнімділігі үшін маңызды. Бұйымдарды қолдан тоқуға біршама уақыт кетеді. Кей бұйымды 2-3 күнде әзірлесе, күрделісін 1 аптада дайындайды. Ал тоқыма машинасы бұл олқылықтың орнын толтырады. Өнім санының артуы табысқа әсер ететіні айтпаса да түсінікті.
Кейінгі кезде жастардың қолөнерге деген қызығушылығы артып келеді. Газет бетінде мұндай қолөнершілер жайында көптеп жазылып та жүр. Ұлттық өнердің бір бөлшегі саналған қолөнердің жандануы Гүлнұр секілді жастар барда ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<