Тәуелсіздік – тәу етер тұғырымыз

705

0

Кеше аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан – жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім Отаны» атты мерекелік іс шарасы өтті.

Мерекелік іс шараға аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, колледж мұғалімдері мен студенттер қатысты.Мерекелік іс шара барысында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков ұстаздар қауымын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, облыс және аудан әкімінің, білім басқармасының алғыс хаттарымен марапаттады.Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толды. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады.

-Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез-келген мемлекеттің экономикалық даму жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне, біліктілігіне, кәсіби құзіреттілігіне байланысты. Өйткені білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады. Осы мақсаттарды жүзеге асыруда ауданымыздағы ғасырға жуық тарихы бар, оқу ордасында ел игілігі, мемлекет мүддесі тұрғысында еңбек еткен ардагерлер мен үздік көрсеткіш көрсеткен Шиелі индустриялды-аграрлық колледжін мақтанышпен айтамыз. Біздің мыңдаған түлектеріміз колледжде алған білімдері мен кәсіби біліктерінің нәтижесінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі еңбек сіңіріп, табысты қызмет жасауда. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Бүгінгі күні 10 мамандық, 42 біліктілік бойынша дәріс алуда. Колледж түлектері қатарында есімі елге танымал Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспанбетова, Заһира Ержанова, Рысбай Мәуленов, Сұлтан Айтасов, Жақсылық Ахметов секілді белгілі азаматтар білім алып, бар тәжірбиелерін ел дамуына жұмсаған құрметті азаматтар бар. Шиелі ауданының өсіп-өркендеуі мен өндіріс орындарының қалыпты жұмыс жасауына кәсіби шебер мамандар даярлау арқылы айрықша үлес қосып келе жатқан колледж ұжымын Ұлы мереке – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, толағай табыстар, шығармашылық ізденістер тілеймін, – деді өз мерекелік құттықтауда аудан әкімі.

Мерекелік іс шара соңында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков Шиелі индустриалды-аграрлық колледж ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<