Тәуелсіздік түлеткен сала

879

0

Азаттық туы асқақтаған 30 жылдың ішінде еліміз құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында үлкен табыстарға қол жеткізді. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекет үшін қашан да күрделі бағыттардың бірі болды. Елімізде 1991 жылдан бері қарай 170 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үйдің салынуы, 1,6 млн-нан астам адамның баспанамен қамтылуы – соның айғағы.

Ғасырлар бойы бабаларымыз үшін асқақ арманға айналған тәуелсіздікке биыл 30 жыл толады. Тәуелсіздік алу, егемен ел болып, мемлекетімізді құру бізге оңай шаруа болған жоқ. Оның ауыр-ауыр жолдардан өткен күрделі тарихы болды. Сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік, мерейлі мемлекетке айналдық. Осылайша тарихтың жаңа айшықты парағына аты­мызды жаза бастадық.

Құрылысы қарқынды жүрген мемлекеттің экономикасы дамуы­мен қатар сол елдің қалалары мен елді мекендерінің дәулетіне сәулет кіріп, ажарлана түсетіні анық. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылыс саласында тоқырау болғаны да рас. Десе де, уақыт өте келе, құрылыс саласы қарқын алды. Елбасының «Қазақстанның ширек ғасырдағы жүріп өткен жолын тек Қызылорда облысының өзінен көруге болады» деген сөзін бәріміз білеміз. Ендеше құрылыстың өңірде де дамығаны айтпаса да түсінікті.

Бұл орайда Сыр елінде үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Айтары жоқ, баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі. Кейінгі жылдары осындай бақытқа бөленген қызылордалықтар аз емес. Облыс орталығында тұрғын үй құры­лысының ерекше қарқын алуы – толайым табыстарымыздың бірі. Аймақ бойынша 1991-2020 жылдар аралы­ғында барлық қаржыландыру көз­дері есебінен жалпы ауданы 7 млн 372 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген.

Бұл орайда Сыр елінде үлгі етерлік іргелі істер баршылық. Айтары жоқ, баспаналы болу – адам өміріндегі ең маңызды әрі қуанышты сәттердің бірі. Кейінгі жылдары осындай бақытқа бөленген қызылордалықтар аз емес. Облыс орталығында тұрғын үй құры­лысының ерекше қарқын алуы – толайым табыстарымыздың бірі. Аймақ бойынша 1991-2020 жылдар аралы­ғында барлық қаржыландыру көз­дері есебінен жалпы ауданы 7 млн 372 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген.

Сегіз жылдағы серпіліс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық­тау рәсі­мінде алдағы уақыт­тағы он маңызды бағыттың бірі ретінде тұрғын үй мә­селесін шешуді атап көр­сеткен болатын. «Түрлі са­нат­тағы азаматтардың қол­жетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын», – деді Мемлекет басшысы. Бұл бағытта Сыр өңірінде ауқымды істер атқарылған. «Бақ-береке» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға жағдай жасалып, өңір құрылысшылары табысты еңбек етіп жатқанын айтады.

– Тәуелсіздік дәуі­рінде Сыр өңірінің құрылыс­шы­лары нағыз маман ретінде шыңдалдық, мол табысқа жеттік. Кейбіреуіміз ірі компанияларға айналдық. Жұмысымыздың сапасы Нұр-Сұлтан, Алматы қаласындағы ірі құрылыс компанияларымен деңгейлес жағдайға жетті. Бүгінде облыс ор­талығы қарқынды құрылыс алаңына айналып, сол жа­ғалау жаңа сәулетпен бой түзеуде. Құрылысшыларға ерекше алғысымды айтқым келеді. Аптап ыстық пен суық желдің өтіне қара­мастан, жа­саған қыруар ең­бекте құ­ры­лысшылардың қол­таң­басы бар.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы қыруар қаражатты талап ететін сала екенін айтудың өзі артық деп ойлаймын. Таусылмайтын проблемаларды бір мезгілде шешуге қаржы жетпей жатады. Ал, мәселелер, әрине, шешілуі керек. Саладағы серпіліс тоқтамауы тиіс. Сондықтан, өздеріңіз білетіндей, биыл да бұл мақсатқа жеке құрылыс салушылар есебінен 248 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады, – дейді серіктестік директоры Қайрат Ерназаров.

Салада кейінгі сегіз жылда айрықша серпін байқалады. Мысалы, аймақ бойынша 2004 жылы 92 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл көрсеткіш 2015 жылы 5,5 есе өсіп, 500 мың шаршы метрге жетті. Облыста құрылыс көлемі 3,5 есе өсті, ал Қызылорда қаласында 8 есе артты.

2016 жылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Мұндай құрылыс қарқыны Қызыл­ордада ешуақытта болмаған. Осылайша, мың­даған қала тұрғыны қоныс тойын тойлады.

2017 жылы оған дейінгі 2-3 жылғы қарқынды құрылыс нәтижесінде 11 жаңа шағын аудан бой көтерді.

2018 жылы Қызылорда облы­сында көпқабатты 70 тұрғын үй құрылысы жүр­гізілді. Онда барлығы 1790 пәтер бар. Нәтижесінде 1222 пәтерді қамтитын көпқабатты 56 тұрғын үй елдің игі­лігіне айналды. Сол жылы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүр­гізуге бөлін­ген 4,3 млрд теңге қаржы толығымен иге­рілді. Оған 620 пәтерлі көпқабатты 17 үйдің құрылысы жүргізілді.

2018 жыл қорытын­ды­сымен Сыр өңірінде 699,6 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға бе­рілді. Тағы бір айта ке­терлігі, жаңа аумақтарға жет­кізілетін ин­женерлік-ком­муни­кациялық инфра­құ­рылым жұмыстары бойынша да жүйелі істер ат­қарылды. Бұл бағытта 50 жобаны іске асыруға қаралған 7,9 млрд теңге толығымен игерілді. Нәтижесінде Қы­зыл­орда облысында 473,2 мың шақырым инженерлік инфрақұрылым же­лілері ел игілігіне айналды.

2019 жылы аймақта тұр­ғын үй мәселесін шешу мақ­­сатында Қызылорда об­лысын ­әлеуметтік-эконо­мика­лық да­мытудың 2019-2022 жылдарға арнал­ған ке­шенді жоспары әзірленді. Кешенді жоспардағы тұр­ғын үй құ­рылысын жүр­гізуде жалға берілетін тұр­­ғын үй құры­лы­сының бірін­ші бағыты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған. Осы мақсатта республикалық бюд­­жеттен 2019 жылға 2 млрд теңгеден астам қаржы бө­лін­ген. Екінші бағыты бо­йынша көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ескеріледі. Оған 3 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Кешенді жоспар аясында аймақта аумағы 208,9 мың шаршы метрді құрайтын 3510 пәтерді пайдалануға беру көзделді.

2020 жылы пандемия жағ­дайындағы кедергілерге қара­мастан, тұрғын үй салу жоспары 591 мың шаршы метр болса, бұл көрсеткіш те өсіммен орындалды.

Жалпы, кейінгі 8 жылда пайда­лануға берілген тұрғын үй көлемі 4 млн  255 мың шаршы метрді құрап отыр. Осы жылдар аралығында он мыңға жуық пәтерді құрайтын 443 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ, жалпы ауданы 3 млн  456 мың шаршы метрді құрайтын жеке тұрғын үй халық игілігіне пайдалануға берілген.

Берері мол бағдарлама

Тұрғын үй – негізгі мәсе­лелердің бірі. Азамат­тардың әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қам­тылуына тікелей байланысты. Бұл ретте негізгі қағидаты, әсіресе әлеуметтік әлжуаз топтағы тұрғындар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру болып қала бермек. Осы мақсатта тұрғын үй қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін тұрғын үй бағ­дарламаларының бірегейі – «Нұрлы жер».

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Н.Назарбаев «Нұрлы жер» бағ­дарламасын іске асырудың маңыз­дылығын, оның тұрғын үй құрылысына мықты серпін беретінін ерекше атап өткен еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қолданыстағы тұрғын үй бағдарламаларын бірыңғай тұрғын үй саясаты аясында біріктіріп, 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

Осылайша, «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық да­мытудың мем­лекеттік бағ­дарламасы жылу және сумен жабдықтау, су тарту, ком­муналдық секторды жаң­ғырту және өңірлерді дамыту бағдар­ламаларының ая­сында үйлерді жөндеу мәсе­лелерін біріктірді. Бұл рет­те бағдарламаның бер­гені мол. Басты мақсаты –  қазақ­стан­дықтарды қол­же­тімді тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Елімізде әлеуметке бағ­дарланған қолжетімді үйлер 2005 жылдан бері салына бастады. Мәселен, дәл сол жылы 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Арада он жыл өткенде, яғни 2015 жылы аталған көрсеткіш 8,9 млн шаршы метрді құрады. Былтыр 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйдің салынғанына куә болдық. Биылғы меже – 17 млн шаршы метр. Байқағанымыздай, елімізде тұрғын үй құрылысы жыл өткен сайын қарқын алып келеді.

2020 жылы республика бойынша 140 мыңнан астам тұрғын жай пайдалануға берілді. Тұрғын үй құры­лы­сына бағытталған инвес­ти­циялар 2019 жылмен салыс­тырғанда 33,6 процентке өсіп, 2 трлн теңгені құрады. Яғни мемлекеттің 1 теңгесіне жеке инвесторлардан 5 теңге тартылды. Осы жылдың бірінші тоқсанында да құ­рылыс саласында дамудың оң серпіні байқалып отыр. Атап айтқанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының кө­лемі өткен жылмен салыс­тырғанда 13 процентке ұл­ғай­ды. Бұл ретте өңірде де құрылыстың қарқыны жо­ғары.

Өткен жылы облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік коммуникациялық инфра­құры­лым же­лілерін жүргізу үшін мемлекеттік бюджет есебінен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ өңір бойынша барлық қаржы­ландыру көздері есебінен 1946 пәтерді құрайтын 98 тұр­ғын үйдің құрылысы жүргізілді.

Биыл облыс бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен Жұ­мыспен қамту жол картасы аясында жалпы ауданы 142,3 мың шаршы метрді құрайтын 2158 пәтерлі 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу, оның ішінде жыл аяғына дейін жалпы ауданы 104,6 мың ш.м болатын1575 пәтерлі 61 тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарда тұр.

Сондай-ақ, бағдарлама ая­сында биыл 662 пәтерді құ­райтын 16 жалға берілетін тұрғын үй пайдалануға бері­леді. Оның ішінде, 232 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, 430 пәтер аз қамтылған көпбалалы отбасыларына табысталатын болады.

Қызылорда көш басында

Тәуелсіздік тойы қар­саңында да құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Жақында ғана ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында елімізде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ке ұлғайғанын айтты. Министр барлық өңірлерде өсім бар екенін айта келе, құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғары қар­қыны Қы­зылорда облысында байқалатынын атап өткен еді.

Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр­дарияның сол жаға­лауында болғанда: «Біз тұрғын­дардың, әсіресе аз қамтылған отба­сылардың әл-ауқатын ойлауымыз қажет. Сондықтан қаржыны бөлер алдында, бүгінгі жағдайға икемделген жобаға басымдық береміз. Әсіресе тұрғын үй құрылысы сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқталуы тиіс», – деген еді.

Аймақ басшысының тұ­рақты бақылауындағы салада биыл атқа­рылмақ жұмыстар да ауқымды. Ұлт­тық қор есебінен аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін 342 жалға берілетін пәтер сатып алынады.

– Әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Үстіміздегі жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды кре­диттік үймен қамтамасыз ету үшін 665 пәтерді құрай­тын 38 тұрғын үй пай­далануға беріледі. Барлық жұмыстар облыс әкімдігінің бақылауында. Биылғы жоспар толықтай орындалады, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұр­маған­бетов.

Биыл азаттықтың ақ туы аспан­дағанына 30 жыл тол­мақ. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жыл басында халық алдында есеп беріп, өткен жылды қорытындылап, алда тұрған міндеттерді електен өткізе келе:

– Қорқыт бабамыздың «Жер қадірін ел біледі, ел қадірін ер біледі» деген жақсы сөзі бар. Расында, бұл жетістіктеріміздің барлығы – Елба­сы­ның бастамасымен, Прези­ден­ттің бас­шылығымен елдің бүгіні мен болашағы үшін еңбек етіп жүрген барлық қазақс­тандықтардың, яғни, сіздер мен біздердің, бір­лесе ат­қарған ауқымды істері­міздің нәтижесі, халық артқан се­німнің жемісі, – деген болатын.

Тәуелсіздік – басты құн­дылығымыз. Мерейлі жылға талай қиындықты еңсере отырып үлкен жетістікпен жеткен, еркіндігімізбен бірге түлеген саланың бірі – тұрғын үй құрылысы. Бұл сөзімізге 2021 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен ҚР Премьер-Министрі арасындағы бекі­тілген Меморандумға сәйкес облыс бойынша барлық қар­жыландыру көздері есе­бінен 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетіні дәлел бола алады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<