Такси аулаған тажалдар

434

0

Болатбектің жөн сіл­теуімен күріш атыздарын жағалап асығыс жетсе, қаңтарылып екі көлік тұр. Көзіне бірден шалынғаны – «УАЗ»-дың ішін­де кісенделіп отырған соқ­талдай-соқталдай екі жігіт. Сайда өскен қа­мысқа тұмсық тіреп тоқтаған «Жигулидің» жанында сұлқ түсіп біреу жатыр. Оң жақ бүйірінде пышақ ізі байқалады, қансырап қалған. Әлсіз ыңырсиды. Басын көтере алар емес. Жанары сөніп барады. Осы кез «Жедел жәрдем» де жетіп үлгеріп, оны Тереңөзекке ала жөнелді. Кісендеулі екеуге назар аударғаны содан кейін. Біреуі – мұрны сол жағына қарай жапырылған тапал қара. Екіншісі – сүйекті, ірі жігіт.

– Ал, жігіттер, бұл не жағдай? – деп сыр тартты.

– Мына бір таксист, – деді балдақты әуелі жақсылап тұздықтап алып, – зверь екен, қаланың жігіті, өзімді пышақтап өлтіре жаздады.

– Қайдан мініп едіңдер?

– ЦКЗ-дан… Бес жүз теңгеге келіскенбіз. Қарөзекке дейін. Жолда айтады, мен жақын деп қалсам, алыс екен, тағы бес жүз қос деп… мен инвалидпін, басқа ақша жоқ, біз келістік қой десем түсінбейді. Сосын ерегісіп қалдық. Бір кезде ол пышақты мына жерге ұрып жіберді, – деп, сол жақ санын иегімен нұсқады. – Алысып жатып, қолын былай қайырып қалып ем, пышақ өзінің ішіне кіріп кетті.

Оның сөзіне сенетін Әмір емес, ол ондай мифтің талайын естіген. Оның жадында баяғы «Исақаев ісі» жаңғырып тұр. Баяғы дейтіндей де емес, 2002 жылғы желтоқсанның 8-інде болған оқиға. Ербол Исақаев атты таксишінің ізім-қайым жоғалған оқиғасы. Бір жарым жылдан енді асып барады. Осы іспен жеке өзі айналысты. Бір жыл текке әуре болды.

– Мыналар аса қа­уіпті қылмыскерлер! – деді Әмір Болатбекке бұ­рылып. – Жүрегім сезіп тұр. Кідірме! Қазір жеткіз!

Он тоғыз жасында ізім-қайым жоғалған қызылордалық таксиші Ербол Исақаевтың бей­несі көз алдынан кетпей қойса болар ма? Ұрланған машинаға ұқсас көлікті біреу Жалағаштың Бұқарбай батыр ауылы жағынан көріпті-міс. Соған бола Тереңөзек пен Жалағаштың атыз-жап­тарына дейін тінтіген. Машина жөндеу шебер­хана­ларының астын үстіне шығарған. Түк таппаған. «Исақаевты өлтірген осы екеуі, – деген ойға табан тіреді Тереңөзекке қайтып келе жатып. – Ерболдың алдында тағы екі таксиші жоғалған. Сосын Ербол… Ерболдан кейін тағы біреуі… Мынау содан кейінгісі… Жоғалатын да кілең «Жигули». Сөз жоқ осылардың ісі!»  

***

Такси аялдамасына таяу кеп, жақын тұрған дүңгіршекті қалқалай қарады. «Жаңа базар маңы құж-құж қайнап жататын еді, ескі базар олай емес сияқты ғой» деп ойлап қойды. Күн дүйсенбі екені еске түсті. Жаңа базар дүйсенбіде жабық болатынын ескермепті. Дұрысы сенбі, жексенбі еді. Дегенмен такси бар­шылық, халықтың қарасы да аз емес. Мұндайда халықтың ығы-жығы болғаны жақсы. Халық ығы-жығы болса, жұртқа елене қоймайсың.

«Әліміз келетін арық­тау, әлсіздеу бі­ре­уін таңда» деп қатаң тап­сырған Кәттебай. Ол тапсырмай-ақ, өзі де біледі, бірінші рет емес. Жұқалтаң таксишіге көзі түсті. Кезек күтіп тұр. «Қолайымызға келеді-ақ. – Бірақ ол ойынан тез айныды. – Таксиі иномарка екен. Иномарка қажет емес, Кәттебайға «семерка» керек».

Шілденің күні жанып тұр. Бағана, сағат үштерде пойыздан түскенде күннің күюі жаман еді, сағат бес боп қалды, әлі сол, пәті қайтатын түрі көрінбейді. Әсіресе әспәлті балқыған тас қаланың қапырығы жаман. Қаланы жақтыр­майды. Қалаға келген сайын жүрегі атқақтап бітеді. Оңай ма? Ой­лағысы келмейді. Бұның алдындағылар еске түссе… аузына арақ тимеген сау кезінде, онда да оңаша қалғанда… көңіліне үрей ұялайды. Сондайда Кәттебай мықты сүйеу. Ол былқ-сылқ босай бастаған өзін талай рет тік тұрғызған. Оның алдында босаңси алмайды. Кәттебай – батыр. Кәттебай – мәрт. Өзінің ауырып, басы сынып тұрғанын біле қояды, ем-домы әрқашан дайын. Кеше де сөйтті. Аузы ашылмаған бір шишаны алдына қоя салмады ма…

Тұраққа кеп тоқтаған ақ «семерка» ойын бөліп жіберді. Өзі жап-жаңа ма қалай? Дыбыссыз келе қалды ғой. Моторы тәуір сияқты. Таксишінің де қалжасы шағын екен.

– Тубәлніске апарасың ба? – деді таксишінің жанына жақын келіп.

– Қаншаға?

– Мың берем. Жолдан бір ағайды іле кету керек.

– Давай. – Таксиші келісе кетті. Бес жүз теңгеге баратын жерге мың беріп тұрса қалай келіспейді? Келіседі ғой.

– Ағайдың аяғы ақсақ, – деді такси жүріп кеткен соң. – Тізеден кескен. Ағаш аяқ. Шаршап жүре алмай, анау жерде отыр. Онысы рас екен. Қараторы балдақты кісі жол шетіндегі арықтың жиегіне жайғасыпты. Арықта су жоқ, шаңы шығып, қурап жатыр.

«Шымбай» шағын ауданын кесіп өтіп, қирап қалған Целлюлоза картон зауытының жанымен қаладан аулақ тұрған өкпе ауруы ауруханасына ілезде-ақ келіп жетті.

– Мырзабек, сен барып, біліп кел. Бар болса, қалайық. Жоқ болса, мына інішекпен кері қайтайық, – деді балдақты кісі шопырға қарап қойып. – Саған да қайтуға клиент керек шығар. Атың кім еді, бауырым!

– Берік.

– Ту-у, мына аяқтың шыдатпай баратқанын қараш, – Кәттебай өзінің атын айтпай, бүгіп қалды. Мырзабек кідірмей, тез оралды.

– Сұранып үйіне кеткен екен. Не істейміз?

– Кеше демалыс бол­ған соң сұранған шығар. Не істесек екен? – деп, аз-кем дағдарды балдақты. – Мүмкін үйіне соғып кетерміз. Мә, інішек, мың теңгеңді беріп қояйын. Үстіне тағы мың берсем… апарасың ба үйіне. Қарөзек қой… мына тұрған жер.

Такси жүріп кеткен соң артта, шопырдың ту сыртына тізе бүккен Мырзабек қолындағы пакетке салған затын тексеріп қойды. «Кәттебай қашан белгі берер екен, – деп мазасыздана ойлады сосын. – Не болса да, дайын болу керек! Бірінші рет емес. Сонда да…» Такси ұстар алдында тастап алған жүз грамның уыты тарай бастады ма, саусағы қалтырағаны несі?

«Семерканың» моторы сағат сияқты сыртылдап, жер табанын қуырып келеді. Міне, темір жол өткелі. Одан асып түскен соң суы лайланып ағып жатқан жарма. Осы араға келгенде Кәттебай ыңылдап айтқан әуенін доғара салып, маңайына жалтақ-жалтақ қа­рады да:

– Інішек, тоқташы! Шаптырып алайық, – деді.

Таксиші тежегішті басты. Мырзабек осы кезде дайындап отырған есуі қатты капрон жіпті оның мойнана салып жіберіп, өзіне қарай серпіп тартып қалды. Мұндайды күтпеген шопыр жігіттің үні құмығып, тыпырлауға ғана шамасы жетті. Екі көзі төңкеріле аларып, тілі аузына сыймай, сыртқа шығып кеткен. Жанында отырған балдақты адам, оның қармана берген қолын бір қолымен бөгеп, екінші қолымен төмендегі тұтқаны тартып қалды. Орындықтың арқалығы сылқ етіп, артқа құлады.

– Ұр, тез!

Мырзабек пакеттен пыша­ғын алмақ болғанда жібі босаңсып кетті ме, анау бұның сілтей берген пышағын қағып жібергені. Кәттебайдың «Ойбай!» деп өкірген дауысы естілді. Пышақ оның санана қадалыпты. Бұл шалқалап жатқан жігіттің мойнындағы жіп­ті шірей тартты. Пы­шақты қара саннан суырып аған Кәттебайдың жүзі қабарып кеткен. Так­сишінің бүйір тұсына бойлата ұрды. Оның әуелі шошынған дыбысы шықты да, бір ыңыранып, үні тез өшті. Жиырылып-жазылып қиналып жатыр. Бұлар оны артқы орындыққа сүйреп тас­тады. Пышақ тиген жер шылқыған қан.

– Айда машинаны, – деп бұйырды Кәттебай өрттен шыққандай ыш­қынып.

Мырзабек сөзге кел­меді, ентігіп келіп рөлге отырды. Машина орнынан шалт қозғалып, кері бұрылды. Болары, болды. Екеуі де тістеніп алған. Үн қатпайды. Машинаны аямай пырылдатып келеді.

Шопыр жігіттің көзі аларып, жан тапсыра алмай аласұрып жатыр. Басы былқ-сылқ. «Өл-тір-ме-ші… а-ға-тай…» Тілі күрмеліп, әрең сөйлейді.

Оң жақ бетте даң­ғылмен қатар жарыс­қан шойын жол. Екі аралық жыңғыл, сексеуіл селдіреп өскен жүдеу тоғай.

– Трассадан түсетін жол бар ма? – деді артта жаралы шопырды басып отырған Кәттебай қырылдай ақырып. – Әне! Бұрыл осы арадан!

Жолдың кедір-бұды­рына қарамай оңға ойысты. Жиыр­ма шақты метр жер жүріп барып, тырбиған әйдік сексеуіл түбіне тоқтай бергені сол екен, Кәттебайдың жан дауысы шықты.

– Мент! Тез! Қаштық! Бас!

Трассаға қайта шық­қанда байқады, оң жақ бетте полицияның таблетка «УАЗ»-ы соқтыртып келе жатыр. Газды тапап басып, «Жигулиді» аңыратты дейсің. Айнаға жалтақ-жалтақ қараған көзіне қан толып кеткен. Қып-қызыл. Бір қолымен жаралы жігітті жаншып, екінші қолымен отырғыштың арқалығына асылып артта отырған Кәттебай бір кезде:

– Оңға! Оңға! Жың­ғыл­дың артына, – деді алқынып.

Айтқанын істеп көлікті оңға қарай шорт бұрды. Кәттебайдың «УАЗ»-ды өткізіп жібермек ойы барын ұқты. «Мына өлім­тікті жыңғылдың арасына лақтырып кету керек қой» деп те ойлады. Кәттебай өзі де сөйтпек сияқты, таксишінің желкесінен бүріп ұстап, есікті ашпақ боп жатыр. Екпіндеп келіп тоқтаған «УАЗ»-ды көргенде, бұй­рық күтпей, ­оталып тұрған «Жигулиді» жыл­дам қозғап, енді Терең­өзекке қарай тартты. Тағы да қарасын үзіп үлгерді. Біраздан соң солға бұрылып, қамысты жолға салып еді, ол жол күріштікке ұласқаны. Қа­тарласып жатқан атыздар арасымен ызғығаннан ызғып отырып, шетіне бір-ақ шығыпты. Одан әрі жалпақ сай екен, қапелімде тоқтала алмай қойып кетті. Соңдарына түскен «УАЗ» қуып жетіп, құйрық тістесіпті.

– Қап!

Кәттебайдың өкінішке толы ызалы дауысы естілді.

***

Бұл 2004 жылғы шіл­денің 5-і болатын.

Полиция подпол­ков­нигі Әмір Шаймағам­бетов бас­таған топ қолға түскен қос қылмыскерді қас қарая Тереңөзек қыстағындағы ішкі істер бөліміне алып келді. Олар Жосалы кентінің тұрғындары екені мәлім болды.

Кәттебай Ожабаев 1962 жылы туған. Білімі орта. Жолаушы тасымалымен айналысады. Үш баласы бар. Үшінші топтағы мүгедек. 1986 жылы оң аяғын тізеден төмен кесіп, ағаш аяқ салған. Бұрын сотты болмаған.

Мырзабек Бешбаев 1965 жылы туған. Білімі орта. Жұмыссыз. Алты баласы бар. Ажырасқан. Бұрын сотты болмаған.

Таксиші Берік Тұңғыш­байұлы Құлдасов 1966 жылы туған Қызылорда қаласының тұрғыны. Екі баласы бар. Ол сол күні ауруханаға жетіп үлгермей «Жедел жәрдем» ішінде көз жұмды.

***

Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының Ақсай бөліміне қарасты қылмысты іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Серік Есмаханов осы оқиғаны естіген бойда Тереңөзекке жетуге асықты. Былтыр жазда, онда да дәл бүгінгідей шілденің бесінде ізсіз-түзсіз жоғалған таксиші жігіт өз ауданынан болатын. Одан қалған жалғыз белгі – «оның шие түсті «семеркасы» Тереңөзек бағытына кетіп бара жатты» деген жалғыз ауыз хабар ғана. Сол белгінің ізімен тексермеген жері жоқ. Қанша уақыт әуре-сарсаңға түсті десейші…

Тереңөзекке келсе, ақ «Жигулиді» әкеп қойыпты. Оны тергеуші, полиция майо­ры Сағымбек Маликов пен тергеуші, полиция капитаны Ғабит Сақтағанов тексеріп жатыр. Ізшілдік әдетпен бұл да салонға басын сұқты. Аяқ қоярлық ұйыған қаннан көрінбейді. Орындықтың тө­менгі жағындағы қап­таманың астынан пышақ табылды.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

жазушы,

Әмірбек ШАЙМАҒАМБЕТОВ,

полиция полковнигі

(Басы өткен санда.

Жалғасы бар)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<