Танымал ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі дүниеден өтті

806

0

Шығыстанушы, дінтанушы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі дүниеден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Белгілі дінтанушы, шығыстанушы, исламтанушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлінің өмірден озуына байланысты марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын. Бұл бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы. Әбсаттар Бағысбайұлы бүкіл саналы ғұмырын имандылыққа арнап, асыл дініміздің тура жолын халыққа дұрыс жеткізу ісіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Еліміздің Бас мүфтиі лауазымында жүрген уақытта қажы ағамызбен қызмет барысында жолығысып тұрдық. Қай кезде де өзінің кең мінезімен, терең білімімен, парасатты болмысымен руханият биігінен көрініп, еліміздегі ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан жан еді. Әбсаттар қажы ағамыздың зиялы болмысы, еліне сіңірген еңбегі, жазған рухани шығармалары, жамағатты иман жолына шақыруда айтқан ақыл сөздері – ешқашан тозбас рухани қазына болып халқының жадында мәңгілік сақталады. Марқұмның жатқан жерi жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын» деп жазды министр Instagram парақшасында.

Әбсаттар Бағысбайұлы 1947 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында туған.

1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген.

1970-1975 жылдары КСРО Ғылым академиясы Мәскеу Шығыстану институтында аспирант.

1975-1976 жылдары Марокко Корольдігі, 1985-1986 жылдары Тунис Араб Республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті. 1976-1977 жылдары ҚР ҒА-ның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1977 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі.

1986-1988 жылдары КСРО ҒА Москва Шығыстану институтының докторанты. 1989 жылы Шығыстану факультетінің деканы, 1991-1997 жылдары тілдер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор.

1997-2000 жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі.

2000 және 2005 жылдары Қазақстан мұсылмандарының ІІІ және ІV Құрылтайларында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, 2007 жылдары Орталық Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы, 2000 жылы тамызда Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 жылы сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV-V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.

Ә. Дербісәлі – республикамыздағы жас арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі.

Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылым докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы құлыптастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді.

2003 және 2006 жылдары қыркүйекте Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты.

Әбсаттар қажы Дербісәлі Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін 2002 жылы Египет Араб республикасының 1-дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен, Қазақстан ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін 2004 жылы «Парасат» орденімен және 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалдерімен және 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталды.

2005 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы маслихының шешімімен «Түлкібас ауданының құрметті азаматы» және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының шешімімен «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атақтары берілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<