«Тапсырыс бергендер тұрақты тұтынушыға айналады»

204

0

Фото: автордан

Қызылордада шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қарқынды. Бұл салаға бет бұрғандар саны жылдан жылға артып келеді. Өйткені ісін жаңадан бастаушыларды мемлекет қолдайды, жобасын қаржыландырады. Игі бастаманың арқасында қаншама адам өз кәсібін бастаса, енді бірі бұрын бар ісін дамытуды қолға алған. Соның бірі Гүлзат Әбілова 10 жылдан бері  құрылысқа қажетті өнімдер шығарады.

Кәсіпкерлік нысан аумағы кең.  Мұнда күнделікті жұмыс қайнап жатады. Әсіресе демалыс күндері тапсырыс берушілер мен алушылар көбейеді. Дайын өнімдер де тақтайдай жиналып тұр. Темір тор шығаратын станок  кезекті тапсырысты орындап жатыр. Бір станокта еніне қарай сым 1-2 метрден бөлінсе, келесі станокта ұзындығына қарай бөлікке бөлуде. Ал оны келесі құрылғы торкөз етіп тоқиды. Темір тордың қаншама оралымы көлемі мен ұзындығына қарай жинақталған. Кәсіпкердің айтуынша, 1 метрден бастап 70 метрге дейін аралықта өндіріледі екен. Оны қоршауға, қабырға арасына берік болу үшін және өзге де құрылысқа жаратады. Қолданылатын сым Шымкент қаласынан әкелінеді, сапасы тәуір. Цех жұмысы жайлы кеңінен әңгімелеген Гүлзат Әбілова бұл салада біраз тәжірибе жинапты. Бүгінде бұл істі ұршықша иіріп отыр.

– Қазір мұнда брусчатка, қада, суағар, еуро қоршау, темір тор сынды құрылысқа қажетті тауар өндіріледі. Екі жыл бұрын жеңілдетілген несие алып, еуро қоршау шығаруды бастадық. Оған да уақыт өткен сайын сұраныс артуда. Себебі кейінгі кездері көпшілік үйдің ауласын соңғы үлгідегі еуро қоршаумен қаптайтын болған.

Цехта дайын өнімдер де бар. Оны алдын ала жасай береміз. Өйткені тапсырыс беруші көп. Бұдан бөлек, өңірлік инвестициялық орталықтан төмен пайызбен несие иеленіп, темір тор шығару үшін Қытайдан автоматтандырылған техника сатып алдым да, жобаны жүзеге асырдым. Бұл өнім барлық құрылысқа қажет.  Осылайша жергілікті халықты сапалы өніммен қамтып отырмыз. Бағасына келер болсақ, нарықтан әлдеқайда төмен. Қазір құрылыс материалдарын Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан нысандарға пайдалануда. Цехта 12 адам жұмыс істейді. Оның 6-уы жолдама арқылы келген. Күнделікті ақыға істейтіндері де бар. Тағы бір айта кетерлігі, осы қызметкерлердің ішінде 4 әйел кісі бар. Олар ісіне жауапты әрі тыңғылықты. Екінші цехта брусчатка, қада, бордюр, суағар сынды құрылыс заттары шығарылады. Брусчатка өндіретін төрт техника бар. Қалыбы әртүрлі пішінде, 15 түрін дайындаймыз. Әр станоктың басында үш адамнан, барлығы 9 адам еңбек етеді. Шикізаты – жергілікті өнім. Мәселен, Жаңақорғаннан қиыршық тас, Шиеліден цемент алдырамыз. Бұл өнімдерді де молынан жеткізіп қоямыз. Бастысы, сапаға мән береміз, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, құрылыс заттардың сапасына көпшіліктің көңілі толады. Бір рет тапсырыс берген адам тұрақты тұтынушыға айналады екен. Гүлзат осы он жылдың ішінде кәсібін бірнеше есе кеңейтті. Жер алды, цех салды. Өнім түрлерін, жаңа технологияны қолданып, жұмыс күшін көбейтті. Мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Қазір құрылысқа аса қажетті материалдарды өндіруде. Ол алдағы уақытта жұмысын одан әрі дамытуды көздейді.

Қалада Гүлзат сынды осы кәсіпті өркендетіп отырғандар жетерлік. Бірі ірі цех ашса, енді бірі шағын түрін, тағы бірі ауласынан ашып та жұмысын жүргізіп келеді. Алайда қанша жерден жаңа техникамен қамтылып, жұмыс күші қуатты болғанымен, ең бірінші сапасы жақсысы өтетіні белгілі. Кәсіпкер осы қағиданы берік ұстанады.

Жалпы Қызылорда қаласында кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар арқылы тұрғындардың іскерлік белсенділігі артып, кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде. Нақты айтар болсақ, 124 жоба субсидияланып, өңірлік инвестициялық орталық арқылы 7 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде қалада кәсіпкер саны 35 мыңнан, жұмыспен қамтылғандар 63 мыңнан асты.

Шын мәнінде, шағын және орта бизнес саласында атқарылып жатқан жұмыстар нәтижелі. Қалада алдағы бесжылдықта 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 4,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»