Татулық пен тұрақтылық мекені

536

0

Жүзден астам ұлт пен ұлысты біріктірген Қазақ елі бірліктің бірегей институтын қалыптастырды. Кеше «Достық үйінде» «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл: Бірлік пен бірегейліктің моделі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, көпэтносты Қазақстанның қалыптасу тарихы, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық-саяси рөлі туралы кеңінен сөз қозғалды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Алғыс айту күнінің маңыздылығына тоқталып, тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған барша ұлттың бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі екенін атап өтті.

–       Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақа­ласында егемендігіміздің үш тағаны бар екенін баса айтты. Байтақ жеріміз, қастерлі тіліміз, береке-бірлігіміз. Осы орайда 25 жылдан астам тарихы бар Қазақстан халқы Ассамблеясы орасан зор біріктірушілік пен зияткерлік әлеуетті жинақтап, бірліктің ұйытқысы болып келеді. Жүзден астам этностың басын біріктіретін татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі, – деді Серік Әбжәліұлы.

Конференцияға онлайн қа­тысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы Мұрат Мұхамедов қазақ халқының түрлі ұлт өкіліне деген қам­қорлығы туралы нақты оқи­ғаларды баяндады. ХХ ға­сырдың бас кезінде Столыпин реформасы, кеңес үкіметі толыққанды орнап болғаннан кейін депортацияланған ұлттар, Ұлы Отан соғысы кезінде Неміс автономиялық республикасынан көшірілген халықтар туралы нақты деректер келтірді. Қиын-қыстау кезең артта қалғанын, бүгінгідей заманда ұлттардың тату-тәтті тұруы үшін еліміздегі әрбір ұлттың мемлекеттік тілді меңгеруі керегін жеткізді.

Облыс әкімдігінің бас­тамасымен, «Қоғамдық ке­лі­­сім» КММ және «Рухани жаңғыру» орталығының ұйым­дастыруымен өткен ке­лелі кездесуде  Қорқыт ата атын­­­дағы Қызылорда уни­вер­­­ситетінің доценті, тарих ғы­лым­дарының кандидаты Айт­жан Оразбақов, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапхананың директоры, тарих ғылымдарының кан­дидаты Нұрлыбек Мыңжас, Корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Юрий Ким, сарапшы-журналист Айткүл Шалғынбаева баяндама жасап, этнос өкілдерінің Сыр өңіріне қоныстануы, этно­с­аралық достық пен келісім туралы баяндады.

Ал Қармақшы жерінде туып-өскен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Дильфура Байрахтар­ова отбасының Сыр еліне қалай келгені туралы айтып, бұл күннің тарихи мәні бар екенін, отандастарымызға қа­шанда алғыс айту қажеттігіне тоқталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<