Тазалыққа тағылық танытпау керек

1098

0

«Есігімнің алдындағы қоқыс әлі алынған жоқ. Жауапты мекеме жауапсыздық танытып отыр». Әлеуметтік желіні ашсаңыз, осы секілді жазбаларды көзіңіз шалады. Мұндайда сіз «Ақшасы төленген, жұмысын дұрыс атқарсын!» деген пікірмен шектелуіңіз мүмкін. Бірақ, бұл жерде қарапайым тазалықшылардың еңбегі тағы да бағаланбай қалып отыр…

Өреміздің жеткен жері қандай?

Сала мамандары тұрғын үйлерден шығарылатын қоқыс негізінен бөлшектенуі тиістігін айтады. Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтардан бөлек, құрылыс заттары арнайы шақырту арқылы алынады. Санитарлық талапқа сай әр үйдің иесі өзіне темір контейнер орнатып, бекітілген тариф бойынша төлем жүргізуі қажет. Бірақ, жұртшылықты төңіректің тазалығынан бұрын қалтаның қамы көбірек алаңдататыны бар. Бұдан бөлек, тазалықшылар белгіленген бір аумақты тазалап өтті делік. Олар кеткен соң артынша бір тұрғын тағы да қоқыс тастап үлгереді. Сосын келесісі, яғни белгілі бір кезде шығармай, кез келген уақытта тастай салады. Солай жинала береді. Ал, бұл уақытта қызметкер келесі аумаққа көшіп, жұмысына кірісіп кетеді. Жоғарыда келтірген шағымның туындауының басты себебі де осы.

Тазалыққа тағылық танытпау керек

«Қызылорда тазалығы» ме­кемесі он жыл көлемінде тұ­рақты жұмыс істеуде. Қала­ны мұнтаздай таза ұстап, көр­кейтуге күш салынғанымен, кей­бір аулалар мінсіз емес. Көп жағ­дайда шағын аудандардағы контейнерлік тұ­рақтардың айналасындағы аумақ қоқыс үйінділерінің астында қа­­лады. Құрылыс, тамақ қал­дық­тары, шөлмектер, целлофан пакеттері және осының барлығы бір контейнерде немесе жар­ты­лай бос контейнерлік бактар­дан бөлек жатады. Тіпті жөн­деу жұмыстарынан кейін ескі жиһазды тастайтын қала тұрғын­дарының жауапсыздығына не деу­ге болады?! Бір күнде жина­ған жерге бірнеше рет бару – шығын. Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2008 жылғы 18 сәуірдегі №113 бұйрығына сәй­кес, әр адамның шығаратын қоқыс көлемі 1,1 коэффициент, ал қоқыс тығыздығы 0,19 деп белгіленген. Сол тұстағы халық саны бойынша (2011 жылы қала халқы саны – 287 мың шамасында) жылына 60 мың тонна қоқыс шығару жос­парланған. Статистикалық мә­­лімет бойынша биыл қала хал­­қының саны 323 мыңнан асады. Оған осынша жыл ішінде шағын аудандардың көбейгенін қосыңыз, – дейді «Қызылорда тазалығы» мекемесінің экологы Жанарбек Шаянбеков.

Тазалыққа тағылық танытпау керек

Тазалықшылардың тірнектеп жүріп еткен еңбегін бағаламау айыппұлға апаратынын да ес­тен шығармау керек. Себебі, бел­гіленбеген орындарға қоқыс төгу фактілері анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылады. Биыл­дың өзінде қалада 37 адамға айып­­пұл салынған, 14 адам тұр­­мыстық қатты қалдықтарға ар­налған орынға құрылыс қал­­дық­­тарын тастағаны үшін жа­уап­кер­шілік арқалаған.

Күніне 30 тонна тұрмыстық қатты қалдық өңделеді

Қоқыс тастау мәдениетті қа­жет етеді. Ал, оны заман тала­бына сай қайта өңдеп, кәдеге жарату мәселесі тағы бар. Өзекті тақырып күн тәртібінен түскен емес. Бізде қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын, көметін және сұрыптау жүргізетін кешен қаладағы «Белкөл» кентінен 7,5 шақырым қашықтықта орна­лас­қан. Құрылғылары Ресейден жеткізілген. Байқағанымыздай, қазір мұнда 35-ке жуық адам еңбек етеді. Шіліңгір шілдеде қоқыс иісі қолқаны қауып, мазаны кетіріп тұр. Десе де, жұмыстарын жан қалауымен жасап жүрген жандардың өз ісіне жауапкершілігі байқалды. Олар өткен жылы сұрыптау арқылы 115 тонна екінші қайтара пайдалануға жарамды зат алған. Оның ішінде картон, түсті металл, стекло мен пластмасса бар.

Биыл маусым айына де­йін жаңа қатты тұрмыстық қал­дықтар полигонына барлығы 26771 тонна қалдық қабылданған. Жаңа полигонға департамент­тен 10800 тонна қалдықты ор­наластыруға экологиялық рұқсат алынды. Ендігі кезекте полигон аумағында өрт қауіпсіздігін ба­қы­лауда ұстау үшін арнайы 8 шаршы метр көлемінде су құ­йы­латын цистерна мен 100 метр көлемінде шланг алынуы қажет, алдағы уақытта жұмыс қарқынды жалғасатын болады. Бүгінде облыста қалдықтарды сұрыптауды тұрақты түрде 3 кәсіпорын, яғни «Ибрайхан и К ЛТД», «Smart Rubber», «Эко-Н Сервис» серіктестіктері жүзеге асырып келетінін айту керек. Белкөл кентінде орна­ласқан «Ибрайхан и К ЛТД» серіктестігі  жинақталған шыны, пластик, мата, құрылыс, тамақ қалдықтарын сұрыптаса, «Smart Rubber» ЖШС автокөліктердің жарамсыз шиналарын қайта өндеп, тамшылатып суаруға ар­налған түтіктер шығарады. Ал, «Эко-Н Сервис» ЖШС істен шыққан жарамсыз құрамында сы­набы бар шамдарды залалсыз­дандыруды іске асыруда, – дейді облыстық экология депар­тамен­тінің бас маманы Ахметжан Сағындықов.

Тазалыққа тағылық танытпау керек

Мамандармен тілдесу бары­­сында біз күніне орта есеппен 180 тонна қалдық тасымалданатынын білдік. Ал, кешенде күніне 30 тонна қалдық сұрыпталады. Осы қалдықтардан 0,7 тонна екін­ші қайтара пайдалануға жа­рамды шикізат алынуда. Бұдан бөлек, облыстық экология депар­таментінің мамандары геопортал жүйесі бойынша ғарыштық мо­ниторинг арқылы қаланың 50 шақырымдық радиусы аума­ғын­да 100 рұқсатсыз қалдық орын­дарын да анықтап, оны жою жұ­мыстарына кіріскен. Олар бұған дейін ескі полигонда қоқыс өртеніп, маңайдағы тұрғындардан «түтінге тұншықтық» деген арыз-шағым түскенін жасырмады. «Ес­кі полигоннан тұрғылықты ме­кенжайы жоқ азаматтар керегін іздейді, өртеу деректерінің орын алуы осыдан. Бұл ретте тазалық мекемесі арнайы техникалары арқылы өртеніп жатқан қоқыс алаңдарын өшіру жұмыстарын жүргізіп келеді» деді Ахметжан Сағындықов.

Сондай-ақ, ол биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Экологиялық кодексте тұрмыстық қатты қал­дықтар полигонына қатысты бір­­қатар жаңа экологиялық талаптар енгізілгенін еске салды. Жаңа Кодекстің 350-бабына сәйкес, енді тұрмыстық қатты қалдықтарды алдын ала сұ­рып­тамай көмуге тыйым салы­нады, полигонда кө­муге ар­налған қалдықтардың кө­лемі мен қауіпті қасиеттері олар по­лигондарға түскенше азай­тылуға тиіс. Сондай-ақ, пайда­ланылған тұтастай шиналар мен олардың фрагменттері, пласт­масса, пластик және поли­этилен қалдықтары, полиэтилен­терефталат қаптамалары, ма­ку­латура, картон мен қағаз қал­­дықтары, құрамында сынап бар шамдар, электр жабдық­тарын міндетті түрде сұрыптау керек. Жинақталған қалдықтар – бүгінгі күні қалдық болып саналғанмен, келешекте  пайдаға асатын ши­кізат.

Жоқтан бар бизнес: Әлемдік тәжірибе не дейді?

Өзге елдер қоқыстың осы шикізат ретіндегі кіріс көзі еке­нін әлдеқашан дәлелдеген. Мы­надай қызықты дерек бар. Бірде  Швецияда қоқыс таусылып қалып, биліктің қоқысты басқа елдерден тасымалдауға дайындығы туралы жаңалық әлемді дүр сілкіндірген. Себебі, елдегі тұрғындардың ба­сым көпшілігі лақтырылған пластиктің әлі жеті рет қолдануға болатынын жақсы түсінеді. Содан кейін ғана ол электростанцияға өртеуге жіберіледі. Осылайша же­тінші рет қолданылған плас­тик ақыры электр тоғы ре­тінде пайдаға асады. Бұдан бөлек, қоқысты қайта кәдеге жара­тудан жетекші орында фран­циялықтар тұр. Көршілес Қы­тайда да қоқыс сұрыптау – үлкен бизнес. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орын­дарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Ал, біз­дегі қарқын қандай? Жалпы, ке­ңестік кезеңнен бастап ел ау­мағындағы қоқыс алаңдарында тұрмыстық қалдық көптеп жи­нала бастаған. Мұндай зиян­ды қалдықтарды жерге көму әдісі жүргізілгенімен, ол да тиім­сіздігін көрсеткендей болды. 2016 жылы Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов Қазақстанда егер өңдеген жағдайда 60 миллиард теңге көлемінде пайда табуға болатын қалдықтардың полигонға көмі­летінін айтқан болатын. Бұл – қаржы көкке ұшты деген сөз. Энергетика министрлігінің 2018 жылғы дерегінде 3,5 мыңнан астам полигонның санитарлық-экологиялық нормаларға сай келмегені де көрсетілген. Қоқыс орындарының көбі құжатпен заңдастырылмаған болып шықты. 2019 жылдан бастап Қазақстанда пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз жерге көмуге тыйым салынды. Сол жылы ресми дерек бойынша елімізде қоқыс өңдеу ісі 3 про­центке артқан.

Тазалыққа тағылық танытпау керек

Ал, жақында Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет 2030 жылға дейін тұр­мыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 процентке жеткізуді көздеп отырғанын хабарлады. Министр қалдықтарды өртеп, нәтижесінде электр энергиясын алуға бағытталған «Waste to Energy» механизмін енгізуді ұсынды. Бұл жүйе экологиялық мәселелерді шешумен қатар, инвестор тартуға мүмкіндік бе­реді деп отыр. «Қоқыс кө­ле­мін 2025 жылға дейін 30%-ке қысқартуға және 180 млрд тең­геге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Мәселен, Еуро­па елдерінде шамамен 150 зауыт осы механизм бойынша жұмыс істеуде. Бұл ретте «Waste to Energy» бойынша жұмыс істейтін зауытты толық жабдықтамаған жағдайда улы қалдықтардың ауаға таралуы туралы мүмкін деген пікірлер айтылуда. Сон­дықтан талаптарды сақтау бо­йын­ша қатаң шектеулер енгізу жоспарлануда» деген болатын министр.

Қазір министрлік қо­қыстарды басқару бойынша мем­лекеттік бағдарлама әзірлеуде. Осы жоспар жүзеге асса, елі­міздің полигондарына шетсіз, шексіз төгілген қалдық энергия мен табыс көзіне айналады деген болжам бар. Дегенмен, экологтар бұл әдіспен электр энергиясын өндіру мүлде тиімсіз екенін айтады және дамыған елдер қоқысты өртеп емес, өңдеп кәдеге жарататынын жеткізуде. Олар қоқыс өртейтін зауыттардың са­лынуына қарсы петицияға қол қоя бастады. Ал, біз түйткілді мәселені шешуде қос тараптың да пікірі ескеріледі деген ойдамыз.

Мөлдір СНАДИН,

«Сыр бойы»