Республикалық «24 kz» телеарнасының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы туралы арнайы сюжетіне сәйкес тазалық көрсеткіші жөнінен Қызылорда облысы бірінші орынға шықты.
Оның да жөні бар. Өйткені өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, тазалық шараларына құрамында ерікті, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері бар, 190 мыңнан астам адам қатысты. 8 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылып, елді мекендердегі 471 сквер мен парк, 221 тарихи-мәдени ескерткіш, 998 әлеуметтік нысан (мектеп, балабақша, спорт, денсаулық сақтау мекемелері және тағы басқа), 2820 өнеркәсіп және бизнес нысанының аумағы, 35 су объектісі (өзен, көл, субұрқақ, арық, жасанды су айдындары және өзгелер) мен 23124 көшенің бойы (4025 көпқабатты, 19099 жер үйдің ауласы) тазартылды. Оған 540-тан астам техника жұмылдырылды. Жыл басынан бері өңірдің климатына сәйкес келетін жерсінген қарағаш, терек және Сыр талының 240700 көшеті егілді.
Мұндай жұмыс облыс орталығында «Қызылорда тазалығы» мекемесіне жүктелген. Кәсіпорын 500-ден астам көшенің санитарлық тазалығына жауапты. 916 көпқабатты тұрғын үй мен жеке сектор бойынша 563 көшеден тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Жыл басынан бері полигонға 65 мың тоннадан астам қоқыс тасымалданды. Қаланың санитарлық тазалығына және тұрмыстық қатты қалдық шығаруға 93 арнайы техника жұмысқа жұмылдырылған.
Бұл жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жүзеге асырылу нәтижесі дей аламыз. Айта кетейік, қоршаған ортаны қорғауға, тазалық мәдениетін дәріптеуге бағытталған экологиялық акция қоғамның зор қолдауына ие болды. Игі бастамаға үн қосқан сырбойылықтар да бірліктің үлгісін көрсете білді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






